Наурызбай ауданында құрылыс үдеп, тұрғындардың санының өсуіне байланысты әлеуметтік инфрақұрылым да қоса дамып жатыр. Жылдың соңына дейін Құрамыс ықшам ауданында екі маңызды нысан – 1500 орындық жаңа мектеп пен 320 орындық балабақша пайдалануға берілмек. Ал 2026 жылдың мамырында 500 адамға арналған емдік-диагностикалық орталығы бар емхана да салынып бітеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған пресс-сапар кезінде Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева осы үш нысандағы жұмыс барысын таныстырды.
«Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында Құрамыс ықшам ауданында жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл оқу орнында 1500 оқушы білім алады. Мектеп құрылысы аудандағы оқушы орнының тапшылығын ескере қолға алынған, өйткені 2024–2025 оқу жылында шамамен 5000 орын жетіспейді. Қазір аудан бойынша 32 мыңнан астам бала оқитын 12 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Бұл нысанның құрылыс жұмыстары 2023 жылдың тамыз айында басталды.
«BCN Group» компаниясының бірінші вице-президенті Талғат Жансейітовтың айтуынша, жұмыстың 95%-ы біткен.
«Құрылыс алаңы 2,3 га, мектеп №219 1500 орынға арналған. Құрылыс аяқталып қалды. Жоба құны - 7,9 млрд теңге, қаржы 85% игерілді. 1-2 тамызға дейін құрылыс-монтаж жұмысы аяқталып, кейін өткіземіз оны. Пусконаладка жұмыстары 1-2 аптаға созылады, мұнда желдету, су құбыры, кәріз, жылыту жүйелері мен мектепке қажетті жабдықтар орнатылады. Мектепте екі үлкен спорт зал, үш кіші спорт зал, хореография залы, 325 орындық акт залы мен 365 орындық асхана болады. Нысанның жалпы аумағы 14 500 шаршы метр», - деп атап өтті Талғат Жансейітов.
Алайда, ғимаратқа апарар жол әзірге бітпеген. Қалалық мобильділік басқармасы жол салуға желідегі жұмыс аяқталғаннан кейін кіріспек. Астана көшесінен Сейдімбек көшесіне дейін жол салып, Орталық көшесін аяқтау қажет, мұндағы жеке үйлерді сатып алып, бұзатынын бұзады. Мектептің маңындағы жаяу жүргіншілер жолындағы газ құбырын да тереңдетпек.
Құрамыс ықшам ауданында тағы 320 орындық балабақша салынып жатыр. 2025 жылдың мамыр айының соңына қарай нысан 65%-ға даяр болған. Ішкі инженерлік желілер, шатыр мен әрлеу жұмыстары аяқталып қалса (70%), қасбеті 50%-ға біткен. Қазір аумақты көгалдандырып, қоршауға кірісті.
Үшінші нысан, 500 келушіге арналған емдік-диагностикалық орталығы бар емхананың құрылысы 2025 жылдың наурызында басталған. Жоба құны 8,9 млрд теңге, оның 2,5 млрд теңгесі замандық медициналық жабдық сатып алуға жұмсалады. Құрылыс 2026 жылдың мамыр айында аяқталмақ. Емхана ашылғаннан кейін, Құрамыс ықшам ауданының тұрғындары дәрігердің көмегіне жүгіну үшін алысқа бармайды, бұл №26 қалалық емханаға түсетін салмақты да азайтады.
«Маусым айында құрылысқа рұқсат алынды. Бір айдың ішінде даярлық пен қазба жұмысын жүргізіп, іргетастын әзірледік. Қазір үш блоктың құрылысы жүріп жатыр, алдағы бір айда жұмыс аяқталады. Жоба бойынша бес блоктан тұратын осы заманғы емхана салынады, онда дәрігерлік қызметтің барлық түрі болады. Мұнда қабылдау, жедел жәрдем бөлімі, стационар мен тұрғындарды қабылдайтын кабинеттер орналасады» - дейді «MIR-A Construction» компаниясының бас инженері Валерий Ильницкий.
Осылайша, Наурызбай ауданының тұрғындарына арнап алдағы бір жарым жыл ішінде жаңадан білім беру мен медицина мекемесі салынып, бұл ауданның қарқынды әлеуметтік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартпақ