Наурызбай ауданында көше-жол желісін қайта жаңарту мен құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы екі жылда 100 шақырым жол жаңартылып, тротуарлар мен арықтар салынып, аудандағы көлік байланысы қалыпқа келмек. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз конференциясында аудан әкімі Назира Тоғызбаева осылай деп мәлімдеді.
Наурызбай ауданында жол инфрақұрылымын дамыту жобалары жүйелі түрде іске асып жатыр. Былтыр 21 көшеде 15 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп, оған 1,1 миллиард теңге бөлінген. 2025 жылы тағы 35 көшеде 47 шақырым жолды жаңартады, осы мақсатқа 3,2 миллиард теңге бөлінді.
Өткен жылы Ақжар шағын ауданында 10 көшеде 6 шақырым жаңа жол салынып, жұмыс құны 400 миллион теңге болды. 2025 жылдың мамыр айынан бастап Ақжар мен Шұғыла шағын аудандарында жаңа жол салуды бастап, инженерлік желілердің құрылысы аяқталды.
2024 жылы аудандық жол желісінің сапасын арттыру үшін 50 мың шаршы метр жол жабындысы қайта жөнделіп, 1,7 шақырым арық желісі салынды. 2025 жылы бөлінген 850 миллион теңгеге тағы 45 мың шаршы метр жол жабындысын жөндеп, 10 көшеде 4,5 шақырым тротуар салып, 4 көшеде 5 шақырым болатын арық тарту жұмысы жоспарланған.
«Біріншіден, ауданның басқа қалалық және облыстық аймақтармен көлік байланысын жақсарту басты міндетіміздің бірі болып қалды. Үлкен жолдар салуды қолға алдық. Осылайша, Абай даңғылын Строительная көшесінен Алтын Орда көшесіне дейін 600 метрге дейін кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба құны – 3,5 миллиард теңге. 73 жер учаскесін сатып алуды аяқтадық, биыл жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары толық бітеді», - деді Назира Тоғызбаева.
Сондай-ақ Төле би мен Жұбанов көшесінде инженерлік желілерді көшіру мен жер учаскелерін сатып алу жұмысы жүріп жатыр. Төле би көшесіндегі 270 учаскеден 211-і сатып алынды. Қалған учаскелер 2025 жылға дейін сатып алынып, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Бұл жобаны іске асыру үшін 19,2 миллиард теңге бөлінді. Жұбанов көшесінде 346 учаскенің 75-і сатып алынды, қалғанын бағалау жұмысы аяқталып қалды. Бұл жобаны аяқтау құны 13,1 миллиард теңге, 2026 жылдың қараша айына жоспарланған.
Барлық құрылыс пен жолдарды жаңалау жұмыстарын жер учаскелерін сатып алу мен меншік иелерімен келісуді ескере отырып істеп жатырмыз. Жол желісін кешенді жаңарту көлік қатынасын арттырып қана қоймай, Наурызбай ауданындағы тұрғындардың жүріп-тұруын ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді.