Ауқымды мәдени іс-шараға 250-ден астам өнерпаз қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 93-маусымының ашылуына және Алматы күніне арналған «МҰРА» Open-Air гала-концерті өтті. Ауқымды мәдени іс-шараға 250-ден астам өнерпаз қатысып, концертті бірнеше мың алматылық пен қала қонағы тамашалады.
Концерттік бағдарлама Абай атындағы ҚазҰОБТ өнерінің сан қырын танытқан ауқымды кешке айналды. Бір сахнада симфониялық оркестр, театрдың жетекші опера солистері, хор, балет труппасы және джаз-бэнд өнер көрсетті. 30-ға жуық музыкалық нөмірде ұлттық және әлемдік классика, опера мен балет, джаз, этно-музыка, кино музыкасы және әлемдік деңгейдегі танымал хиттер тоғысты.
Опера өнерін театр солистері Жәмила Баспақова, Гүлзат Дәуірбаева, Зарина Алтынбаева, Оксана Давыденко, Надия Наденова, Наргиз Сатмұхамбетова, Андрей Трегубенко, Олег Татамиров, Дамир Сәдуақасов, Төлеген Рахымбаев, Балуан Беркенов және басқа да өнерпаздар таныстырды. Классикалық бағдарламаның шарықтау сәттерінің бірі Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсындағы Калафтың әйгілі ариясы болды.
Кештің арнайы қонағы Жәмила Серкебаева аңызға айналған Ермек Серкебаевтың репертуарындағы қазақ әндерінен попурри орындады. Сонымен қатар Олег Татамировпен бірге Сальве д’Эспозитоның «Anema e core» («Жан мен жүрек») атты әйгілі неаполитандық әнін шырқады.
Кештің ерекше атмосферасын джаз бөлімі қалыптастырды. Александр Трегубенко Барт Ховардтың әйгілі «Fly Me to the Moon» әнін, ал Гүлзат Дәуірбаева Джером Керннің «All the Things You Are» композициясын джаз-оркестрдің сүйемелдеуімен орындады. Кештің әсерлі финалдық нөмірлерінің бірі Фредди Меркьюридің аңызға айналған «We Are the Champions» композициясы болды. Оны Дамир Сәдуақасов орындады.
Музыкалық бағдарламаның жеке бір желісі Алматыға деген сүйіспеншілікке арналды. «Сүйікті Алматы» атты мерекелік попурриде қала тұрғындарының мәдени жадынан орын алған шығармалар, соның ішінде Мансұр Сағатовтың «Алматым менің» және Александр Зацепиннің «Гүл Алматы» әндері орындалды.
Көрермендердің ерекше қошеметіне симфониялық кинопанорама да ие болды. Ашық аспан астында «Кариб теңізінің қарақшылары», «Өкіл әке», «Сақиналар әміршісі», «Аватар», «Ведьмак» және «Тақтар ойыны» фильмдері мен сериалдарынан танымал музыкалық тақырыптар шырқалды. Миллиондаған көрерменнің жүрегінен орын алған таныс әуендер үлкен симфониялық оркестрдің орындауында жаңа сипатқа ие болып, кештің әсерін күшейте түсті.
Кеш бойы дирижерлік пультте Қуаныш Исмаилов, Мұхтар Қалдаяқов, Рүстем Қабылбай және Әбілқайыр Бейсеков өнер көрсетті.
«МҰРА» концерті идеясының негізгі өзегіне ұлттық экологиялық «Таза Қазақстан» бастамасы арқау болды. Қазақстан табиғатының сұлулығы мен айбары кеш бойы визуалды контент арқылы көрініс тапты. Дала, тау, су, аспан және табиғи ландшафттар ауқымды проекцияларда музыканың көркем жалғасына айналды.
Абай атындағы театрдың тарихи ғимараты жарық пен бейненің әсерлі көрінісіне айналды. 3D-проекция, лазерлік инсталляция, жарық шешімдері, отты және пиротехникалық эффектілер, 500-ден астам сахналық костюм концертке халықаралық деңгейдегі ауқымды шоу сипатын берді.