Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында жастардың дүниетанымы мен тәрбиесіне қатысты ой қозғады. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты өткеннің ауыртпалығына байланып қалмай, тарихтан сабақ алып, болашаққа сеніммен қарауға үндеді.
Президент жастар арасында мұң мен күйзелісті алға шығаратын көзқарас қалыптаспауы керек екенін айтты. Оның сөзінше, жас ұрпақ кез келген қиындықты еңсеруге болатынына сеніп, өз күшіне арқа сүйеуі қажет.
«Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс. Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымынша, өзіне сенімсіздік танытып, үнемі күйзеліске берілетін адамның алға қойған мақсатына жетуі қиын.
Тоқаев қазақ қоғамының өткенге деген көзқарасына да тоқталды. Мемлекет басшысы тарихтағы қиын кезеңдерді жоққа шығармай, одан сабақ алу қажет екенін айтып, өткендегі сәтсіздіктер үшін өзге халықтар мен мемлекеттерді кінәлау дұрыс емес екенін жеткізді.
«Қазақ кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние. Біз өскелең ұрпақты осындай кеселден, теріс түсініктен сақтауымыз керек», – деді Президент.
Осы ұстанымды жүзеге асыруда білім беру саласының міндеті де айқындалмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар жастарға тек білім беріп қана қоймай, олардың бойына жігер, жақсыға ұмтылыс пен елдің болашағына деген сенім қалыптастыруы керек екенін атап өтті. Президент жастардың арасынан отаншылдықты, білімге құштарлықты, жаңашылдықты және еңбекқорлықты көріп отырғанын айтты.

Президент көтерген мәселенің тағы бір қыры – тарихи сананы сақтай отырып, қоғамның рухын көтеретін жаңа идеялар қалыптастыру. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жанарбек Берістеннің пікірінше, өткенді ұмытуға болмайды, алайда оны үнемі мұңмен байланыстыра беру де дұрыс емес.
«Бұл сөз, бір жағынан, дұрыс айтылған деп ойлаймын. Бірақ тарихты бәрібір өшіре алмайсың. Тарихымыз керек. «Өткені жоқ халықтың болашағы жоқ» демекші, оны ешкім ұмыта алмайды. Қазір халықтың рухын көтеру үшін жаңа идеялар, жаңа бастамалар керек», – деді профессор.
Сарапшының айтуынша, мұндай идеяларды қоғамға жеткізіп, жастарды қолдайтын, олардың жігерін арттыратын азаматтардың рөлі маңызды. Президенттің бастамаларын нақты іспен жалғастыру да осыған байланысты.
«Президентіміздің осы сөзіне идеология жүргізетін басшылар көбірек қажет. Яғни көтеретін, қолдайтын адамдар керек. Қолымыздан келгенше істеп жатырмыз. Сондықтан Президентіміздің сөзін өте жақсы қолдаймын», – деді Жанарбек Берістен.
Ал жастарды алға жетелейтін негізгі күштің бірі – еңбек. Мемлекет басшысы нағыз отаншылдықты елге пайдалы іспен байланыстырып, әр саладағы еңбектің маңызын да атап өтті.
Президенттің бұл сөзі жастар тәрбиесін тек өткенді дәріптеумен шектемей, олардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастыру қажеттігін көрсетеді. Тарихты білу, одан сабақ алу, бірақ сонымен бірге жаңа бастамаларға ұмтылу – Мемлекет басшысы атап көрсеткен негізгі ұстанымдардың бірі.
Аяжан СЕРІКҚЫЗЫ