Елордадан әсем Алматыға модельші-суретші, миниатюра және тарихи реконструкция шебері – Серік Әбдірахманов келіп қалған екен. Өнердің өзгеше өкілімен тілдесудің сәті түсті. Ерекше дарын иесінің негізгі бағыты – әскери-тарихи миниатюралар, диорамалар (белгілі бір тарихи оқиғаны көлемді композиция түрінде көрсету), шағын мүсін-фигуралар жасау. Шығармаларының дені Ұлы Отан соғысы кезеңіне, батырлар мен тарихи тұлғалар, шайқас көріністеріне арналған.
Серік Әбдірахмановтың коллекциясында бүгінде 30 жуық жұмысы бар. 10 туындысын Астанадағы Әскери-патриоттық орталығына сыйлаған. 1 жұмысы Қостанай қаласының Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп лицейінде, ал 3 шығармасы ҚР Ұлттық музейінің экспозицясынан орын алған.
2020-2021 жылдары Ресейдің Барнаул мен Новокузнецк қалаларында өткен халықаралық байқаулардың 1-ші және 3-ші орын жүлдегері. 2025 жылы Нидерланд патшалығының Эйндховен қаласында өткен «Scale Model Challenges» атты халықаралық байқауына қатысып, екі жұмысы «Жоғары баға» мен Италия модельшілерінің «Арнайы сыйлығына» ие болды. Ал биылғы қаңтарда Жапонияның танымал «Model Art» атты модельшілер журналында көлемді сұхбаты жарияланды.
Тұңғыш Президент музейі мен Әскери-тарихи музейде жұмыс істеген. Қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері.
– Дәстүрлі сұрақ: екінің бірі бара бермейтін әскери-тарихи миниатюра өнеріне қалай келдіңіз?
– Бала кезімнен тарихи фильмдерді көп көріп, қалайыдан жасалған ойыншық сарбаздармен ойнап өскенмін. Кейін ермексаздан өзім де әскери фигураларды мүсіндеп алып ойнайтын болдым. 1812 жылғы Наполеон әскері мен Ежелгі грек пен Рим тақырыбына көп қызығатынмын. Сонымен қатар пластикалық сарбаз-ойыншықтарыммен ауладағы балалармен бірге әр түрлі шайқастарды елестетіп ойнатынбыз. Бұл әуестігім кәсіби деңгейдегі масштабты модельдеу өнеріне ұласқан да болар бәлкім.
Осыдан жиырма жыл бұрын, Астана қаласының Көлік және коммуникациялар колледжін бітірген кезде осы тақырыпқа деген қызығушылығым орныға түскендей. Сол уақытта дипломдық жобамның тақырыбы «Алтын Орда» локомотивтік депосының макетін жасаумен байланысты еді. Ол кезде қалада арнайы модельшілерге арналған RC Hobby деген жалғыз дүкен болатын. Сол жерде алғаш рет әскери техника мен макеттерді көріп қатты шабыттандым.
– Миниатюра өнерінің үлкен кескіндемеден ерекшелігі неде? Бұл өнермен елімізде сізден басқа да айналысатындар бар ма?
– Жалпы әскери миниатюраның үлкен кескіндемеден ерекшелігі – масшатбтың көлемінде деп айтуға болады. Мен жасап жатқан миниатюралар 1/35 масштабта, яғни 35 есе кішірейтілген фигуралар, биіктігі 5 см. Бірақ осы көлемде көрсетілген киім мен жабдықтар кішкентай болғанымен, прототип нұсқасына тура, ұқсас келеді. Және де осындай көлемдегі макеттер мен диорамаларды бір жерден екінші орынға тасымалдау, орналастыру өте ыңғайлы. Себебі олар көп орын алмайды.
Елімізде бұл өнермен айналысатын азаматтар бар. Мәселен, Алматы, Петропавл, Қарағанды, Павлодар қалаларынан модельшілерді танимын. Алматылық әріптестеріммен 2019 жылы Офицерлер үйінде өткен көрмеде таныстым. Қазіргі уақытта біз хат алмасып, бір-біріміздің жұмыстарымызға пікір айтып, тілектестігімізді білдіріп, хабарласып тұрамыз.
– Тарихи композиция жасағанда тарихи дәлдік пен көркемдік шешімнің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз? Оқиғаны бейнелеу үшін әлдебір дереккөздерге сүйенесіз бе?
– Иә, әрине, кіші масштаб болғандықтан барлық аспектіге назар аударған жөн. Тарихи фотолар, құжаттар, деректі фильмдер мен тарихи реконструкция бар журналдар мен арнайы әдебиеттерге қарап композиция жасау да жақсы көмек береді. Сонымен қатар, әлеуметтік желіден әртүрлі тақырыптық сайттарды қарап, өзіме қажетті ақпаратты аламын.
– Композициядағы әрбір фигураның орны мен қимылын қалай анықтайсыз? Кейіпкерлердің мінезін бес сантиметрлік фигура арқылы қалай жеткізуге болады?
– Негізі, кез-келген шығармашылық еңбектің өз ерекшелігі мен қиындығы қатар жүреді. Әскери миниатюраны жасау да көп уақыт алады. Ең бастысы – шабыт пен ықыластың болуы. Алдымен ойда болашақта жасалатын оқиғаның сызбасы жасалады, кейін қажетті ақпарат жиналып, қолданылатын материалдар іріктеледі. Кейіпкерлердің сырт келбетін жасау жұмыс процесінде белгілі болады. Себебі бірнеше ой туындап, алғашқыда елестеген фигураны бірнеше рет өзгертуге тура келуі де мүмкін.
– Иә, сіздің жұмысыңыз өте көп әрі ұсақ фигуралардан тұрады екен. Жұмыс барысында ең көп шыдамды талап ететін сәт?
– Дұрыс айтасыз, кейбір адамдардың осындай өнермен айналасуға шыдамы жетпей, тіпті тастап кетіп жатады. Менің ойымша, ең көп шыдамды талап ететін сәт – ол фигуралармен техниканы бояу мен жетілдіру кезеңі. Себебі бір ғана фигураны бояу үшін бір күн уақыт кетуі мүмкін. Әрі қарай әрбір детальді қосымша материалмен жабдықтап, белгілі бір орынға орнату қажет. Ал толық жұмысты жасап бітіруге екі-үш апта мен айлар кетуі мүмкін. Кейде қажетті заттар болмағандықтан оларды өз қолыңмен жасауға тура келеді. Осының бәрі көп уақыт пен шыдамдылықты, сабыр мен төзімді қажет етеді.
– Қандай материалдарды көбірек қолданасыз? Бір кішкентай фигураны жасауда ең маңыздысы – техника ма, әлде қиял ма?
– Көбіне арнайы модельдік балшықпен жұмыс істеймін. Ол – шетелдік Magic sculpt, Greenstuff атты материалдар. Бір сағат ішінде кебетін олардың бір ерекшелігі – кіші детальдарды сәтті жасауға болады. Қолыңыздағы модельдік пышақ, кескіш, желім сынды бар жабдықтармен-ақ кейіпкердің бет-әлпетін, мимикасын дәл көрсетуге болады. Негізінен мен дайын сатылатын фигуралармен жұмыс істеймін. Көбіне шетелдік «Masterbox – Zvezda – Tamiya – Bronco» атты фирмалардың құрмалас модельдерін қолданамын.
– Алғашқы жұмысыңыз есіңізде ме? Бүгін сол туындыңызға қайта үңілер болсаңыз, нені өзгертер едіңіз?
– Иә, есімде, әрине. Ең алғашқы жұмысымды көшірме ретінде жасағанмын. Себебі, осы тақырыптаға әуесқой шығармашылық адамдарын мүлдем танымайтынмын, бұл бағытта тәжірибем де жоқ дегендей. 1941 жылғы Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы кезеңіндегі неміс басқыншыларына қарсы шайқастардың бірі бейнеленген диорама мені қатты таңғалдырды. Қолыма түскен пенопласт, гуаш бояулары, құм, пва желімі, тағы да басқа материалдардан және дүкеннен сатып алған кішкентай әскери сарбаздардан өзімнің бірінші жұмысымды жасап шықтым. Бірақ бұл өнерден аса хабарсыздығымнан макеттегі масштабты қалай сақтауды, сонымен қатар, арнайы құрал-саймандармен жұмыс істеу тәсілдерін, бояуларды қалай араластырып қолдану мен басқа да өзгерістер жасауды білмеген екенмін. Соның бәрі уақытпен, тәжірибемен келді.
– Сізді ерекше шабыттандыратын тарихи кезең қайсы?
– Еліміздің тарихы өте бай және әр кезең ерекшеліктерге, батырлық пен батылдық оқиғаларға толы. Маған Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы жақын. Себебі, бұл сұрапыл соғысқа Қазақстаннан сан мың отандасымыз қатысып, көбі опат болып, хабар-ошарсыз кетіп, ал талайы кейінгі ұрпаққа үлгі болып батыр атанды. Сонымен қатар тарихымыздан орын алған Ұлт-азаттық қозғалыстар да мені қызықтырады.
– Өнер тарихты сақтай ма, әлде тарих өнерді тудыра ма?
– Өте қызық сұрақ. Иә, өнер де тарихпен, тарих та өнермен тығыз байланысты. Біз өткен ғасырлардың оқиғаларынан сыр шертіп, барлық аспектілердің қалай болғанын көре алмаймыз. Мысалы, ежелгі адамдардың киімі мен тұрмыс-салтын біз тек қана археологиялық қазбалардан, сонымен қатар суретшілердің картиналарынан көре аламыз. Ал осы сызбалар мен суреттерге қарап мүсіншілер мен модельшілер сол уақыттағы көріністерді 3D форматына түсіріп, оны халыққа шынайы қалыпта көрсете алады. Өнер – тарихта болған сәттерді халыққа жеткізуші, ал тарих – өнер арқылы өз сырын көрсетуші.
– Әзірге жүзеге асыра алмай жүрген арманыңыз немесе жобаңыз бар ма?
– Ең басты жоспарым – қазіргі уақытта жинақталып қалған модельдер мен диорамаларды қайтадан жасау. Себебі кейінгі кезде сүйікті хоббиіммен, шығармашылығыммен айналысуға уақыт таппай жүрмін. Сонымен қатар, болашақта жеке көрмемді ашсам деймін. Өкінішке орай біздің елде мен айналысатын қолөнердің түрі аса дамымаған. Сол себепті көпшілік оған ойыншық ойнау ретінде қарайды. Және де әрбір модельшінің арманы – осы бағыттағы халықаралық байқауларға қатысып, өз туындыларын көпшілік назарына көрсетіп, жаңа жетістіктерге қол жеткізуі.
– Соңғы сауал: сізді Алматымен не байланыстырады?
– Алматы мен үшін ерекше энергетикасы бар әсем қала. Менің ойымша, еліміздің өнерге жақын барлық адамы, дарындары осы мегаполисте тоғысқан. Алматымен мен өзімнің ғылым жолындағы, музей саласындағы алғашқы қадамдарымды байланыстырамын. Сонымен қатар, өнер саласындағы көп досыммен осы қалада танысқанмын.
– Әсерлі сұхбат болды. Рақмет!
Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШ