Алматыда күрделі жөндеуден кейін екі мектепке дейінгі мекеме - Алмалы ауданындағы №10 бөбекжай-балабақша мен Бостандық ауданындағы №89 бөбекжай-балабақша қайта жұмысын бастады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері хабарлады.
Шевченко көшесі, 186а мекенжайында орналасқан №10 бөбекжай-балабақша 190 балаға және 11 топқа арналған. Білім беру үдерісі қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылған.
Орбита-4 шағынауданындағы №89 бөбекжай-балабақша 290 балаға және 12 топқа есептелген. Мұнда да қазақ және орыс тілдерінде білім беретін топтар қарастырылған.
Күрделі жөндеуден кейін жалпы жобалық қуаты 480 орынды құрайтын екі балабақша тәрбиеленушілерді қайта қабылдауға дайын.
Қалалық Білім басқармасының мәліметінше, мектепке дейінгі мекемелерді жаңғырту білім беру инфрақұрылымын дамыту және балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар аясында жүргізілуде.