1-маусым – Балаларды халықаралық қорғау күні қарсаңында «Алатау» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы «Байсерке-Агро» агрохолдингінің «Қобыланды» жылқы зауытының мамандарымен бірлесіп, «Сенім» әлеуметтік қызметтер орталығының балаларына қайырымдылық іс-шара ұйымдастырды.
Мерекелік іс-шараға Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының басшылары, «Қобыланды» жылқы зауыты кешенінің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері және «Алатау» және «Сенім» орталықтарының тәрбиеленушілері қатысты.
Мерекелік іс-шара барысында «Алатау» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының Жазғы еңбек және демалыс лагері салтанатты түрде ашылып, тұсауы кесілді.
Рас, бүгінгі таңда айрықша күтімге мұқтаж балаларға қолайлы орта қалыптастырып, медициналық көмек беру үшін мамандандырылған сауықтыру орталықтарының маңызы зор.
«Алатау» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Гүлфайруз Қасымованың айтуынша, орталықта 18 бен 40 аралығындағы дамуында ауытқуы бар 180 бала ем алып, тәрбиеленіп жатыр.
– «Алатау» әлеуметтік қызметтер орталығы 18 жастан 40 жасқа дейінгі дамуында ауытқуы бар балаларға стационарлық үлгідегі медициналық–әлеуметтік қызмет көрсететін мекеме. Тәулік бойы жұмыс істеп, 8 бағытта қызмет көрсететін орталықта церебральды сал ауруы, Даун ауруы, ауыр және терең ақыл-ой жеткіліксіздігі, психикалық және моторлық дамудың кешеуілдеуі, эпилепсия диагноздарымен ауыратын балалар емделеді. Біздің миссиямыз, осындай ерекше қажеттілігі бар балалардың қоғамнан тыс қалмай, ортада тәрбиеленіп, білім алуына, денсаулықтарын жақсартуға жан-жақты қолдау көрсету. Біз былтыр «Қобыланды» ипподромында балаларды жылқы терапиясымен емдеуге ғана әкелетінбіз. Биыл осы аумақтан жер алып, жазғы еңбек және демалыс лагерін ашып отырмыз. Бұл жерге балалар ағаш отырғызып, көкөніс егеді. Содан кейін оларды өздері баптайды, өсіреді, күтеді. Ал мына киіз үйлерде демалады, ойнайды, – дейді орталық басшысы.
Ерекше балаларға – ерекше қолдау қажет. Өйткені олар да қоғамда өздерін еркін сезінуі тиіс. Бұл бағытта Алматыда аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Қала билігі тарапынан ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетілуде. Гүлфайруз Қабденқызының айтуынша, өткен аптада Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қолдауымен «Алатау» орталығының 6 тәрбиеленушісі баспаналы болыпты.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған мерекелік кеште балалармен бірге сурет салып, әңгімелесіп отырған Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жанатұлын әңгімеге тарттық:
- Бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында басқарманың қарамағындағы «Алатау» және «Сенім» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тәрбиеленіп, ем алып жатқан балаларға арнап мерекелік іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Бұл орталықтарда дамуында психоневрологиялық ауытқулары бар балалар ем алады. Мереке қарсаңында «Қобыланды» атпен серуендейтін мекеменің қолдауымен ипотерапия, еңбек терапиясын қарастырдық, одан басқа мұнда олар үшін қызықты бағдарламалар мен сыйлықтар үлестіруді ұйымдастырдық. Біздің мақсатымыз – осындай ерекше күтімді қажет ететін балаларға барынша қолдау көрсету, - дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жанатұлы.
«Алатау» әлеуметтік қызметтер орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Назира Мықтыбекқызының айтуынша, бұл іс-шараның мақсаты – балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың мерекелерге эмоционалды жақсы көзқарасын тудыру, зейінді, шығармашылықты дамыту, табиғат пен жануарларға деген сүйіспеншілікті ояту.
– Бүгінгі мерекелік шараның балалар үшін пайдасы көп. Осындай басқосулар олардың әлеуметтік-қоғамдық өмірге бейімделуіне және өздері қатарлас балдырғандармен араласуына септігін тигізеді. Шет елдерде ерекше балаларға қалыпты көзқарас қалыптасқан. Ал бізде оларға үрке қарайтын жандар көп. Сондықтан, ерекше балалар қолдауға мұқтаж, мейірімге зәру, - дейді ол.
Іс-шара барысында балалар орталықтың педагог-суретшілермен Арт-алаңда сурет салып, өздері театрландырылған қойылым қойды, аниматорлардың қатысуымен түрлі ойындар ойнады. Одан кейін жылқы зауытында экскурсия жасап, атқа мінуге мүмкіндік алды. Қонаққа келген балалардың барлығына түскі ас беріліп, сыйлықтар үйлестірілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалар мерекесі ертең орталықта кең көлемде аталып өтіледі.