Имам Ресейде психология мамандығы бойынша білім алуға не түрткі болғанын түсіндірді.
Нұрлан имам отандық тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында жастардың діни сауаты, танымалдылық, ораза ұстау, баланы патриот етіп тәрбиелеу және тағы басқа тақырып аясында әңгімеледі. Осы орайда, оқырмандарымыз үшін аса өзекті деген сұхбаттың шағын бөлігін ұсынамыз.
– Ораза бізге не береді?
– Ораза тек жеп-ішу, әйелге жақындаудан тыйылу емес, артық сөз бен істен – барлық жаманшылық атаулыдан аулақ болу. Ораза Рамазан айы аяқталған соң ғана басталады. Осы бір айда жинаған энергия 11 айға жетеді. Ал бізде, керісінше, Ораза кезінде мешіттен шықпай, мінсіз болып жүреді де, артынша 30 күннен кейін "Ваня сол Ваня" болып қала береді. Ораза – бұл теория, ал тәжірибе қалған он бір айда жүзеге асады.
– Бірінші рет ораза ұстап, сағат санайтындарға не дейсіз?
– Бұл өте жақсы, сол кісілердің үмітін жалғағым келеді. Адам алдына тамақ қойып, "Үш минут қалды, 20 секунд" қалды деп отырған кезде Алла Тағала періштелеріне "Мен үшін құлдарым не істейтінін көрдіңдер ме?" деп айтады екен.
– Менің әжем намаз оқыған адам, бірақ хиджаб кигенін көрмеппін. Туыстарым да дәл солай. Қазір көптеген әнші оранып жатыр, яғни олардың ұстанатыны дәстүрлі исламнан бөлек пе?
– Біздің әжелерімізде хиджаб деген сөз болмады, бірақ олар орамал тағып, кимешек киді. Ал қап-қара киініп, бетті толық тұмшалау қазақтың салты мен дәстүріне жат. Біз ұлттық нақыштағы оюлары бар киімдерімен дараланған елміз. Қара қолғап, қара көзілдірік киіп, телефонын қап-қара қылып қаптау – еліктеудің бір түрі. Алайда қазақта "Адасқанның айыбы жоқ, қайта айналып үйірін тапса" деген жақсы сөз бар. Зиялы қауым мен көзі ашық азаматтарымыздың арқасында ақырындап түзелеміз.
Бірақ, мәселе осы түзелу жолында қанша шығынға ұшырайтынымызда. Қаншама нәрсені өткізіп аламыз? Оның белгілі бір жарасы болады. Кемеміз дұрыс бағытта жүріп келе жатыр деп сенемін. Шоу-бизнестегі азаматтар еліктемей, Алладан қорқып таққан болса, біз тек қуанамыз.
Тек менікі дұрыс, қалғанынікі қате деу – экстремизм. Джунглиге көшіп кеткендей қоғаммен санаспау, сыйыспау, қалғандары тозаққа түседі деп ойлау – экстремизмнің басы.
Осылай есептейтін жастарға менің кейбір сөзім ұнамайды. Ұнамаса, ұнамасын. Біз қоғамбыз, біртұстас елміз, намаз оқып, ораза ұстауға еш кедергі жоқ. Осыны пайдаланып, басқаларды төмен түсіргенді қоюымыз керек.
Діннің басты миссиясы – мейірімділік пен жақсы мінез-құлық. Жаратқанды танудың ең бірінші әліппесі – осы жақсы мінез. Өкінішке орай, бауырларымыз бен қарындасымыздың көпшілігіне осы нәрсе жетпей жатыр. Тек өзі сияқтыларды жақсы көріп, өзінен басқаларды төмен қояды. Қайдан білесіз Құдайдың алдында оның дәрежесі сізден жоғары шығар? Сіздің күнәңіз ашылып, ол кісі керісінше Аллаға амалымен жағатын шығар. Бәріне тура жол беріп, қоғамға сіңуші болайық.
– Барлығы Жанат Бақытты талқылап жатыр. Ол кісінің ислам пен Аллаға деген теріс пікіріне не дейсіз?
– Жалпы ол кісінің жеке басына еш артық сөзіміз жоқ, елде оң қырынан көзге түсіп жүрген журналист қарындасымыз. Бірақ наным-сенім, ислам, Мәшһүр Жүсіп және Абай хәкімді жерге таптағандай болды. Батырларымызды буддизмнің реинкорнациясына әкеліп, қазір әйел болып жүр деген догмалары күлкілі. Көп адам мазақтап "Ауа райы, құстар ұшып келіп жатқан соң, жасөспірімдік шақта гормондарына бірнәрсе болып жатқан шығар" деп жатыр. Өзінің жолын тапқаны дұрыс шығар. Мүфтият та "Құдай ынсап берсін, бұл райынан қайтсын" деді. Ол кісіні итеріп тастап, жаман дегеннен біз жақсы болмаймыз.
Қазақ қоғамында осындай бір тенденция бар: Біреуді мақтаса, барлығы соның аяғына барып құлайды. Біреуді жамандамаса, шұңқыр қазып, үстін жауып, экскаватормен тегістеп, бетондап, шықпайтындай қылып үстіне тал егіп қояды. Бұл дұрыс нәрсе емес.
Бұл өмірде кім қателеспейді? Бәлкім жын, бәлкім өмірінде күйзеліске түсіретіндей бір жағдай болып жатқан шығар. Біз ол кісінің өмірінде не болып жатқанын білмейміз ғой.
– Сіз қайда білім алдыңыз?
– Бізде жұмысымызға байланысты көбінесе экономика саласында білім алады, алайда оның аса қажеті жоқ. Елмен жұмыс істеу үшін психология қажет. Осы себептен Ресейдің Новосібір қаласында 4,5 жыл білім алып, кейін дипломымды Мәскеуде қорғадым. Имам ретінде мінберде тұрып сөз сөйлеп тұра бермей, алдыма келген адамның жүрегін түсінгім келді.
Менің психология саласына баруыма түрткі болған бір оқиға бар. Маған көзқарасы өзгерген, ер адамға ғашық болған жігіттер келді. Сол кісілермен жұмыс істеу барысында психологиялық білімімнің жетпейтінін түсіндім. Бала "Мешітке барамын, харам, кәпір" деген сөздерден басқасын естімеймін. Сізбен сөйлесу үшін келдім" дегенде өзіме база қажет екенін ұқтым.
Жүрегінде не бар екенін ұғынып, жанына тиісті ем-дом жасауға күшім жетпеді. Тәжірибем жетсе, деңгейіміз бөлек болды. Кейін жігіттерге көмек беріп, бірі бес уақыт намазын оқып жүр. Мұндай жағдайға тап болуына отбасында қиындықтар әсер еткен екен. Кейбір ата-ана өкінішке орай ұятсыз сөздер көп айтады.
– "Мешіт салғанша, мектеп сал" деген пікірге қалай қарайсыз?
– Мешіт пен мектептің әрқайсының өз орны бар.
Менің түсінігімдегі үш М – мешіт, мектеп, медресе - үшеуі де халықты тәрбиелейтін үлкен орда.
– Бірақ қазір мешіт көп, ал мектеп жетпей жатыр.
– Мектеп санын реттеу – мемлекеттің жұмысы. Бізде екі-үш ауысымды, қирап тұрған мектептер бар. Сөзсіз баланы мектепте тәрбиелеу қажет. Сондай-ақ, мешіттің де өзінің рухани орны бар, мысалы, мектеп жаназа шығармайды, Құран оқымайды. Мектеп баланың білім мен ғылым жолында буынынын қатырады.
– Бала патриот болуы үшін не істеуіміз керек?
– Бұл отбасынан басталады. Домбырадан бастап, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Науан хазірет, әл-Фараби, Махмұт Қашқари секілді ғұламаларды оқып-түсінуден басталады. Бізде қазір мен қазақпын деп көкөрегін ұратын тенденция бар – бұл құр ауа. Мен қазақпын деп жүрген патриоттардың бірінен "Абайды оқыдың ба? Домбыра тарта аласың ба?" десем, "жоқ" дейді. Байқасаңыз, көп жастар орысша сөйлейді. Мен қарсы емеспін. Сөйлесін. Біз сол мемлекетке тәуелді болмасақ та, көрші болып отырмыз. Алайда, балаларымыздың рухы, жаны және тәні қазақ болуы керек.