Алматы әкімдігі Наурызбай ауданындағы «Шұғыла» шағынауданында орналасқан жер учаскесінің бір бөлігін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
Қаулыға сәйкес, жолаушылар және жол көлігін ұйымдастыру мақсатында «Отау-Строй» ЖШС-не тиесілі жер учаскесінің бір бөлігі мемлекет қажетіне алынады.
Жер телімі Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, «Шұғыла» шағынауданы, Сәкен Жүнісова көшесі, 2/4 учаске мекенжайында орналасқан. Кадастрлық нөмірі – 20-322-001-103. Жалпы ауданы 13,4880 гектарды құрайтын жер учаскесінің 3,0565 гектар бөлігі иеліктен шығарылмақ.
Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Меншік иесі Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Төле би көшесі, 155 мекенжайындағы 6-қабат, 602-кеңсеге жүгіне алады.
Құжатқа сәйкес, жер учаскесінің меншік иесіне өтемақы заңнамада белгіленген тәртіппен төленеді. Иеліктен шығару рәсімдері аяқталғаннан кейін жер учаскесі «Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне беріледі.
Қаулыға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қол қойған.