ffin.kz

Мемлекеттік  рәміздерімізге – 30 жыл: Қазақстанның Туы – тыныштықтың, бейбітшіліктің, молшылықтың нышаны 

Мемлекеттік  рәміздерімізге – 30 жыл: Қазақстанның Туы – тыныштықтың, бейбітшіліктің, молшылықтың нышаны  egemen.kz

Егемендіктің ең басты құндылықтары


Егемендікке қол жеткізген Қазақстан 1992 жылы 4 маусымда мемлекет  ретінде өзінің мемлекеттік рәміздерін – Туын, Елтаңбасын бекітті. Осы  жылдың 11 желтоқсанында «Мемлекеттік Әнұран туралы» заңға қол қойылды. Осылайша мемлекеттік рәміздеріміз елдігіміздің алтын айғағына айналды. Содан бері елімізде 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып  келеді. Биыл Мемлекеттік рәміздерімізге – 30  жыл! Жер бетінде қанша мемлекет болса, сонша символикалық белгі бар. Олардың сипаты да әртүрлі. Енді соған шолу жасап көрейік.


Жалпы, әлем елдері Мемлекеттік рәміздер күнін қалай атап өтеді? Мемлекеттік рәміздерін жалпыхалықтық мереке ретінде кеңінен атап өтетін елдердің бірі – Кариб теңізінің шығысында орналасқан ергежейлі мемлекет – Аруба. Небәрі 65  мың халқы бар Аруба мемлекеті жыл сайын Мемлекеттік Ту күнін айрықша атап  өтеді. Бұл күні халық жаппай Мемлекеттік Туларына құлшылық жасап, оны басына көтеріп, көшелерге алып шығады.


Сондай-ақ Швеция елінде де Мемлекеттік Ту күні мерекесі бар. Түркіменстан жыл сайын ақпан айында Мемлекеттік Ту күні мерекесін айрықша атап өтеді. Ресей  Федерациясының құрамындағы Чуваш Республикасында да сәуір айында Мемлекеттік рәміздер күні өткізіледі. Бұл күні елдегі барлық мекемелермен бірге оқу орындарында арнайы сабақтар жүргізіледі.



Еуропа елдерінің символикалық айырым белгілері көбіне ұқсас болып келеді. Десек те, әлем елдері арасында мемлекеттік тулары ұқсас мемлекеттер көп. Мәселен, Еуропалық елдердің басым көпшілігінің мемлекеттік жалаулары үш жолақты болып келеді. Үш түсті жолақтар кейбірінде тігінен орналасса (Франция, Италия, Ирландия, Бельгия, Румыния, Молдова, т.б.), енді бірінде көлденеңінен (Германия, Нидерланды, Болгария, Словения, Ресей, т.б.) тұрады. Сонымен қатар Солтүстік Еуропалық елдердің туларында айырым белгілер ортақ болып келеді.



Мұнымен қатар түстерінде ғана айырмашылықтар бар елдер де бар. Мысалы, Скандинавия (Финляндия, Швеция, Дания және Норвегия) елдерінің тулары сол мемлекеттердің бір-біріне жақын екенін көрсетеді. Ал ұқсас байрақтарға келер болсақ, Ирландия мен Италияның туларын бір-бірінен ажырату қиын. Италия жалауында жасыл-ақ-қызыл көбірек болса, Ирландия жасыл-ақ-қызғылт-сары түстерге басымдық берген. Осындай ұқсастық Оңтүстік Америка құрлығын мекендейтін Аргентина мен Уругвайда  да бар. Аргентинаның жалауында күннің бейнесі орта тұсында, ал Уругвайдың туында сол жақ бұрышында бейнеленген. Егер АҚШ, Либерия және Малайзияның байрақтары алыста желбіреп тұрса, ажырата алмауыңыз мүмкін. Себебі аталған мемлекеттердің туларында қызыл-ақ көлденең жолақтар басым. АҚШ-тың жалауында Құрама Штаттарды бейнелейтін 50 жұлдызша болса, Либерияда үлкен бір жұлдыз, ал Малайзияның туында ай мен шоқжұлдыз орналасқан. Егер әлем елдерінің мемлекеттік туларын қарап шықсаңыз, ең әдемі, мәнді және жанды бейне салынған тек Қазақстанның ғана мемлекеттік байрағы екенін байқайсыз.


Индонезия 1945  жылы тәуелсіздік алып, ақ-қызыл жолақты Мемлекеттік Туын жариялады. Сол кезде дәл осындай туы бар Монако князьдығы бұған ресми қарсылық білдірді. Алайда Индонезияның Мемлекеттік Туы Монаконың туынан әлдеқайда көне екені дәлелденгеннен кейін князьдық ресми қарсылығының  күшін жойды. Индонезияның туындағы ақ-қызыл жолақтар XIV ғасырдағы    Маджапахит корольдігінен қалған. 1945 жылы 17 тамызда бекітілген.


Ал Монаконың дәл осындай туы 1881 жылы князь ІІІ Шарль ел билеген тұста белгіленген. Тудың түсі орта ғасырларда билік еткен Гримальди князьдарының таңдаған түсінен алынған. Ол 1881 жылы 4 сәуірде бекітілген.



Тудың жап-жасыл болуының қандай сыры бар деген сұрақтар   туындап жүр. Мәселен, 1977 жылы қабылданған Ливия елінің Мемлекеттік Туы әлемдегі бірден-бір ешқандай декоры, суреті, нақыштары жоқ, біртұтас жап-жасыл түсті Ту. Тудың жасыл түске боялуы Ливияның мемлекеттік діні – ислам дінінің символын білдіреді. Сонымен қатар Африка әлемінде ислам социализмінің жақтаушысы Муаммар Каддафидің әлемді тітіркендірген «Жасыл кітабы» да жасыл түстен тұратынын ескерген жөн.



Әйтсе де, Ливия Жамахириясы көсемінің билігі құлатылған соң, қарсыласу майданының уақытша үкіметі өз туын көтеріп шыққан. Жаңа тудың бұрынғысынан айырмашылығы сол – жаңасының жоғары жағынан қызыл жолақ салып, ортадағы қара жолақта ай мен бес бұрышты жұлдыз бейнеленген.


ТМД елдері арасында көршіміз Түркіменстан және Әзірбайжан елінің Мемлекеттік Туы ғана қанық жасыл түстес.


Қазақстанның Әнұраны елдік пен бірлік рухымен өрілген. Тыңдаған жанды өзіне  бірден баурап алады, тартылыс күш-қуаты зор. 



Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше тәуелсіз мемлекеттердің барлығының Әнұрандары бар. Әнұран, Ту, Елтаңба – мемлекеттердің  аса  маңызды мемлекеттік рәміздері болып саналады. Әнұранның негізгі міндеті сол елдің ішкі қуатын, динамикасын білдіреді. Әнұран мемлекеттердің өткен тарихи дамуын білдіреді. Еліміздің мемлекеттік рәміздері жаңа  қазақстандық патриотизмді ұштастыру, басқа ұлттарға өзіміздің елімізді, жерімізді, ұлтымызды, мемлекетімізді сыйлауына, бағыт  көрсетуіне жол ашу үлгісін паш етеді. Қазақстанның көк Туының түсі бұлтсыз ашық аспанның бейнесін көз алдыңа елестеді. Мұндай түс ежелден тыныштықтың, бейбітшіліктің, молшылықтың нышаны болған. 



Әнұрандарда белгілі бір тұлғаға табыну, соған құлшылық ету көрінісі де бар. Мысалы, «патша Құдайдың жердегі көлеңкесі» деген ұғыммен өз королінің амандығын тілейтін ұлт – ағылшындар болып саналады. 1743 жылы жазылған тұманды Альбион елінің әнұраны «Құдайым, Корольді сақтай гөр» деп аталады. Оның мәтінінде корольдің амандығын Құдайдан сұрайды.


Сондай-ақ, «Корольдік марш» аталатын Испания Корольдігінің Әнұраны 1761 жылы қабылданған. Басқа мемлекет ұрандарынан ерекшелігі сол, Испанияның Әнұранында мәтін жоқ. Әлемдегі әнұрандардың қатарында ең ескісі болып, Испания мен Британия Корольдіктерінің әнұрандары айтылады. Ал әлемдегі әнұрандардың ең жасы және ең ұнамдысы Қазақстанның 2005 жылдың аяғында қабылданған Әнұранын айтуға болады. Ол ресми түрде ең алғаш рет 2006 жылдың қаңтар айында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің инаугурациясында салтанатты түрде орындалды.


Түр-түсі өзгеріп тұратын тулар бар. Ондай елдер бар. Әлемдегі халқы көп елдердің бірі – Филиппин елі. 91 миллионнан астам халқы бар Филиппин елінің туында ақ үш бұрыш бейнеленген, оның ішінде Күн, көк және қызыл жолақ орналасқан. Филиппин елінің Мемлекеттік Туының ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі – көк пен қызыл жолақ белгілі бір жағдайларда өзгеріп отырады. Мәселен, бейбіт уақытта көк жолақ жоғары жағында, ал қызыл жолақ астыңғы жағында орналасады. Керісінше, ел соғыс жағдайында болған кезде қызыл жолақ үстіңгі жаққа, ал көк жолақ төменгі жаққа орналастырылады.


ТМД елдері мемлекеттері Әнұрандарының мазмұны нені білдіреді?


Бұрын Кеңес Одағының құрамында болған, қазір тәуелсіз мемлекеттердің көпшілігінің әнұрандарының белгілі бір атауы бар. Ал Ресей, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан сияқты елдердің әнұрандары «Ұлттық әнұран» деп аталады. Мысалы, Қазақстанның Әнұранының аты – «Менің Қазақстаным». Ол қазақ халқының рухын көтеріп, теңдігімізді дәйектей түсуде. Ал Елтаңбамыз біздің елдігімізді, тұтастығымызды білдіреді.



Біз үшін Ту – Тәуелсіздігіміз, қыран – айбарымыз, Күн – бейбітсүйгіштігіміз! Осыған орай, академик Салық Зимановтың: «Біздің Елтаңбада қандай да бір саяси я болмаса экономикалық астар  жоқ. Онда тек тарихи мән-мағына мен Қазақстан сипатталады» деген тұжырымы бар» деуі көңілге қонымды.



Қалған елдердің Әнұрандарының атаулары былайша болып келеді: Беларусь – «Біз – белорустармыз», Украина – «Украинаның даңқы да, еркі де әлі өлген жоқ», Армения – «Мер Айреник» («Біздің Отанымыз»), Гүржістан – «Азаттық», Әзірбайжан – «Әзірбайжан  маршы», Молдова – «Лимба ноастрэ» (Біздің тіліміз) деп аталады. Латвияның Әнұраны «Құдайым, Латвияны сақтай гөр» деп аталса, эстондарда «Менің атамекенім – менің бақытым мен қуанышым», ал Литвада «Ұлттық ән» дейді. Тәжікстанның Әнұраны «Тәжікстанның Әнұраны» деп қана аталғанмен, әуенінің жеке атауы бар. Орталық Азиядағы бұл елдің әнұранының әуені «Суруди милли» деп аталады.


Рәміздерінде қару-жарақ бейнеленген елдер де бар, жалпы ол нені білдіреді?


Ту мен қару жараспасы анық. Ондай тәжірибелер бар. Мәселен, Мозамбик елінің Туы әлемдегі бірден-бір Калашников автоматы бейнеленген ту болып саналады. Мозамбик туындағы кітап, кетпен және Калашников автоматының суреттері тұтаса келе, білім, өндіріс және қорғаныс ұғымын білдіреді екен. Ол ол ма, Калашников автоматы Зимбабве және Шығыс Тимор елінің мемлекеттік елтаңбаларынан да орын алған. Зимбабве гербінде екі антилопаның ортасындағы қалқанның үстінде кетпен мен АК-47 Калашников автоматы бейнеленген. Мұндағы кетпен мен автомат бейбітшілік пен демократия үшін күресті, соғыстан бейбітшілікке көшуді білдіреді-мыс.     


Бұдан басқа, 2007 жылы 18 қаңтарда бекітілген Шығыс Тимор мемлекетінің гербінің қақ ортасында Калашников автоматы ойып тұрып орын алған.


АҚШ-тың әр штатының өзінің дербес туы бар. Олар бір тудың астына тек соғыс жағдайында ғана жиналады. Мемлекеттік басты шараларда Американың көз алдымызға сіңісті болып кеткен қаптаған жұлдызды туы көтеріледі. АҚШ-та мемлекеттік Туды пайдалану туралы моральдық кодекс бар. Оның бір ерекшелігі АҚШ Туы барлық тулардан ең биік тұруы шарт.


Иә, әр штаттың өз туы бар. Олар орналасқан табиғат жағдайына байланысты белгілі бір принципті басшылыққа алған. Мәселен, АҚШ-тың 31-ші штаты болып саналатын Калифорния штаты туында аюдың суреті бейнеленген. Алғашқы кезде Калифорниядағы революционерлер туға алмұрттың бейнесін салмақ болған көрінеді. Алайда суретші революционерлердің жолдауындағы жазудың нашарлығынан «реаг» (алмұрт) сөзінің орнына «Ьеаг» (аю) сөзі деп қате ұғып, туға аюдың суретін салып жіберген деседі. Алайда калифорниялықтар бұл қателікті түзетуге уақыты болмайды, себебі, күшпен жаулап алған Мексикаға туды тез арада көтеру керек болады. Содан бері Калифорния штатының туында аю бейнесі өзгеріссіз қалып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі кезде аю бейнесі Калифорния штатының символы ретінде жергілікті тұрғындардың санасына әбден сіңіп кеткен.



Әлем елдерінде үш жолақты тулар көп. Еуропаның көптеген мемлекеттерінің тулары үш жолақты болып келеді. Францияның туындағы көк түс азаттықты, ақ теңдікті, қызыл бауырмалдықты білдіреді екен. Ал Ресейдің көлденең жолақтарындағы ақ түс православ дініне деген сенімді, көк патшалық кезеңді, қызыл орыс ұлтының символын айшықтайды десе, енді бір деректерде ашықтық сенімділік, ерік-жігер мен махаббаттың белгісі деп түсіндіріледі. Францияның туына өте ұқсас Италияда жасыл түс үміт, ақ сенім, қызыл махаббатты білдіреді екен. Сондай-ақ, Қытай байрағындағы қызыл түс коммунистердің белгісі болса, сол жағындағы үлкен жұлдыз коммунистік партияның құдіреттілігін танытады. Ал қалған төрт жұлдызша жұмысшылар, шаруалар, зиялы қауым және патриот капиталистердің де бар екенін білдіреді. Өзбекстанның туындағы ақ түс бейбітшілік, жасыл табиғаттың жаңаруы, ал қызыл сызықтар тірі ағза дегенді меңзейді. Жарты ай –Тәуелсіздіктің белгісі. Қалған 12 жұлдызша шығыс күнтізбесіндегі 12 шоқжұлдыз бен Өзбекстанның 12 облысын бейнелейді екен.



Әлемде ең көне Ту, Әнұран қай елдікі екені бізді қызықтыруы да мүмкін ғой. Қызыл түсті, ақ түсті крестермен айшықталған Данияның мемлекеттік Туы әлемдегі қазіргі кезге дейін қолданылып жүрген ең ежелгі ту болып саналады. Даттықтар өз туын даннеброг деп атайды. Бұл тудың шығу төркіні дат аңыздарымен астасады. 1219 жылы «Жеңімпаз» деп аталып кеткен дат королі Вальдемар әскері Балтық бойындағы Колывани жерінде болған ұрыста Құдайдан жалбарынып көмек сұрайды. Сол кезде көктен ақ крестері бар қып-қызыл өте үлкен кенеп мата –Даннеброг түседі. Мұны олар өздеріне арнап, Құдай жіберген  жалау деп сенеді. Ол даттықтардың рухын оятып, күшіне мінгізіп, дұшпанын жеңдірген деседі. Содан бері бұл шайқас даттықтар үшін Жеңіс күні болып тойланып келеді.



Ал ең көне Әнұран –Нидерланды елінің мемлекеттік Гимні болып саналады. Бұл әнұран Нидерланды королі әулетінің негізін салушы І Вильгельмге, Оранский ханзадасына арналған. Ол 1568-1572 жылдары Испанияға қарсы көтеріліс кезінде жазылған. Гимн ең алғаш рет 1574 жылы орындалған екен.



Рәміздеріміздің 30 жылдығы құтты болсын!


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32