Алты күн бойы көрермен назарына іріктелген он спектакль ұсынылады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «ALMATY THEATRE FEST» республикалық театр фестивалінің шымылдығы түрілді. Театрдың он жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған өнер мерекесінде еліміздің он кәсіби театрының таңдаулы қойылымдары көрермен назарына ұсынылмақ. Алты күнге созылатын фестиваль сахна шеберлерінің шығармашылық байланысын нығайтып, ұлттық театр өнерінің бүгінгі тынысын танытуға бағытталған.
Фестиваль Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан Театр сыншыларының бірлестігі және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр.

Салтанатты ашылу рәсімі қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Оған театр сыншысы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің президенті Анар Еркебай, өнертану докторы, профессор, театртанушы Бақыт Нұрпейіс, «Алатау» дәстүрлі өнер театры директорының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Сүлейменова және ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақыт Беделхан қатысты.
Кездесуде фестивальдің тұжырымдамасы мен бағдарламасы, отандық театр өнерінің даму бағыттары, заманауи сахнадағы шығармашылық ізденістер және кәсіби театрлардың өзекті мәселелері айтылды.
Алты күн бойы көрермен назарына Қазақстан Театр сыншылары бірлестігі жанынан құрылған Сараптамалық кеңес іріктеген он спектакль ұсынылады. Биылғы фестивальдің басты ерекшелігі – конкурстық форматтан бас тартуы. Яғни дәстүрлі жүлделі орындар мен арнайы марапаттар қарастырылмаған. Ұйымдастырушылар мұндай шешім арқылы театр ұжымдарын өзара бәсекеге салудан гөрі, қойылымдардың көркемдік деңгейі мен эстетикалық құндылығын кеңінен танытуға басымдық берген.

Өнертану докторы, профессор, театртанушы Бақыт Нұрпейістің айтуынша, фестиваль бағдарламасына енген спектакльдердің басым бөлігі бұған дейін республикалық және халықаралық театр додаларында жоғары бағаланған.
– Фестивальге еліміздің он театр ұжымының таңдаулы спектаклі іріктеліп алынды. Оның басты ерекшелігі – қатысушы театрлардың басым бөлігі ұсынған қойылымдар бұған дейін республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде сынға түсіп, жүлделі орындарға ие болған. Мәселен, Қарағанды театрының «Ромео мен Джульетта» спектаклі республикалық театр фестивалінде марапатталса, Мемлекеттік қуыршақ театрының қойылымы халықаралық фестивальде үздік деп танылған. Демек, Алматы көрермені еліміздің әр өңірінен келген таңдаулы сахналық туындыларды бір фестиваль аясында тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – актерлік шеберлікке айрықша мән берілуі. Өйткені театрдың басты байлығы да, алтын қазынасы да – актер. Қойылымның көркемдік деңгейін айқындайтын негізгі күштің бірі – сахнадағы актерлік ойын. Осыған орай актерлердің шеберлігі үздік ер адам рөлі, үздік әйел адам рөлі, үздік актерлік ансамбль және үздік эпизодтық рөл бағыттары бойынша сараланады. Театр фестивальдерінің басты мақсаты – таланттарды таныту, ұлттық өнерді дәріптеу және шығармашылық байланысты дамыту. Қазақстанның әр өңірінде ұйымдастырылып жүрген мұндай мәдени іс-шаралар театр ұжымдарына тәжірибе алмасуға, жаңа есімдердің танылуына жол ашады. Сондықтан фестивальдің көп болуы артық емес. Керісінше, әрбір басқосу театр өнерінің өркендеуіне қызмет етеді, – деді Бақыт Нұрпейіс.

Ал «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін бұл фестивальдің орны бөлек. Себебі он жылдық белес – шығармашылық ұжымның қалыптасу кезеңін қорытындылап қана қоймай, алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды уақыт. Театр директорының орынбасары Қаракөз Сүлейменова мерейтой аясындағы шараның кәсіби орта үшін де, көрермен үшін де маңызы зор екенін атап өтті.
– Театрымыз жақында жөндеу жұмыстарынан өтті. Оның көркемдік келбетін қалыптастыруға, шығармашылық әлеуетін арттыруға үлес қосқан азаматтар аз емес. Біздің сахнада Фарида Шәріпова, Хадиша Бөкеева сынды өнер майталмандарының рухы мен мұрасы жалғасып келеді. Алдағы уақытта театрымыздың жиырма, отыз, тіпті елу жылдық мерейтойларын атап өтуді жазсын. Бұл – өнер саласындағы барша әріптесіміз үшін ортақ қуаныш, – деді ол.
Сондай-ақ Қаракөз Сүлейменова театрдың өзіндік ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, «Алатау» дәстүрлі өнер театры Орта Азиядағы дәстүрлі өнерді сахналық қойылымдармен ұштастыратын бірегей өнер ордаларының бірі саналады. Мұнда ән, би, музыка және актерлік шеберлік өзара сабақтасып, біртұтас сахналық туындыға айналады.

Театр құрамында оркестр, ансамбль, хор және би ұжымы жұмыс істейді. Әсіресе, спектакльдің өн бойына музыкалық сүйемелдеу жасайтын оркестр қойылымның мазмұны мен көркемдік әсерін тереңдете түседі. Актерлер де ән айтып, би билеумен қатар, кәсіби актерлік шеберлігін танытады. Ал әншілер сахнада актерлік қабілетін ұштастырып келеді.
– Өнер ордасы қаланың орталығынан сәл шалғай орналасқанына қарамастан, көрерменді тарту бағытында жүйелі жұмыс істеп келеміз. Көптеген театрдың көрермен залы 300 орыннан аспайтынын ескерсек, біздің залда 600-ден астам орын бар. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарын кең көлемде қабылдауға мүмкіндік береді. Басты мақсатымыз – залды көрерменге толтырып, ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттау, – деді Қаракөз Сүлейменова.

Фестивальдің мазмұнына ақын Бақыт Беделхан да тоқталып, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұлттық мәдениеттегі орнына ерекше мән берді. Оның пікірінше, театр – дәстүр сабақтастығын сақтап қана қоймай, оны жаңа буынға жеткізетін рухани кеңістік.
– «Алатау» дәстүрлі өнер театры – жәй ғана өнер ордасы емес, ұлттық өнердің тамырына қан жүгіртіп, дәстүрді дәріптейтін рухани мекен. Мұнда қазақтың ұлттық болмысын айқындайтын дәстүрлі бес өнер мектебі бір шаңырақтың астында тоғысып, ортақ тыныспен дамып келеді. Бұл – қазақ театрларының арасында өзіндік орны бар ерекше құбылыс. Сондықтан театрдың он жылдық мерейтойын ұлттық өнер мен дәстүрдің мерекесі деп қабылдаймын. Фестивальге қатысатын театр саны жыл сайын арта түссе дейміз. Биыл театрдың он жылдығына орай он ұжымның бас қосуының өзі үлкен қуаныш. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш жиырмаға жетсе деген тілегіміз бар, – деді ақын.
Айта кетейік, фестиваль 15–20 қараша аралығында жалғасады. Бағдарламадағы барлық спектакльді көрермен тегін тамашалай алады.
Дана САДЫРҚАН