Әлемдік рейтинг бойынша біздің Елтаңбамыз әдемілігі, тартымдылығы жағынан 9-орында тұр.
Елімізде жыл сайын 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Бұл – азаматтық келбетімізді, бірлік-берекемізді нығайтатын мерекелердің бірі десек, қателеспейміз. Сондықтан Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның құрылуы да тегіннен-тегін емес. Айтулы датаға орай елімізде қандай іс-шаралар атқарылмақ? Осы жөнінде толығырақ білу үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек БАЙЖҰМАМЕН тілдескен едік.
«Әнұранды бәріміз бір мезетте орындаймыз»
– Асылбек Байжұмаұлы, әуелі Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның қай кезде құрылғанына, оның мақсат-мүддесіне тоқтала кетсеңіз?
– Қазақстанда геральдика саласы Елбасының 2011 жылғы 30 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының Мемлекеттік рәміздері мен геральдикасы мәселелері туралы» №155 Жарлығына сәйкес (бұған дейін мемлекеттік рәміздер бойынша деп аталған) өз алдына дербес сала болып құрылды. Аты айтып тұрғандай, бұл салаға қатысты келелі міндеттерді Президент жанындағы арнаулы комиссия абыроймен атқарып келеді. Мақсат-міндеті - ведомстволық наградаларды сипаттауға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу, Мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану және насихаттау мәселелері жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және әдістемелік ұсынымдарды іске асыру.
– Биыл Мемлекеттің рәміздеріміздің қабылданғанына 30 жыл толады. Осы даталы жылға елдік деңгейде қандай тың іс-шаралар әзірледіңіздер?
– Осынау 30 жыл ішінде қоғамда мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, қастер тұту мәдениеті қалыптасты. Енді оны әрдайым қолдап, ілгерілетіп отыру – міндетіміз. Бүгін, яғни 2 маусымда, еліміздің ғалымдары мен зиялы қауым өкілдерінің бас қосуымен «Қазақстанның дамуына мемлекеттік рәміздердің әсері» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциясы өтеді. Ал ертең, 3 маусымда, Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай ауқымды «Көк тудың желбірегені» атты республикалық патриоттар форумы өз жұмысын бастайды.
Әнұранды бір мезетте бүкіл ел болып орындау да әсерлі болады деп ойлаймын. Негізгі іс-шаралар 4 маусымда өтеді. Иә, осы күні Мемлекеттік Әнұранды бәріміз бірге шырқаймыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтергеннен кейін бүкіл қазақстандық, отбасында ма, далада жүр ме, көшеде кетіп бара ма, кім қай жерде, сонда тұра қалып, бәрі бір уақытта Әнұранды шырқайды деп жоспарланып отыр.
Әрине, Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған іс-шаралар бір немесе екі күнмен шектеліп қалмақ емес, жыл бойы жүргізіледі. Мектептерде ашық сабақтар мен сынып сағаттары өткізіледі. Мағыналы көрмелер ұйымдастырылады. Мұның бәрі жас ұрпақтың кеудесіне патриоттық дәнін себуге көмектеседі деп білемін. Осы іс-шаралардың бәрі - Президент айқындап берген «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы маңызды қадамдар.
«Тастағы тарихты да зерттейміз»
– «Геральдикалық зерттеулер орталығы» деген кең ұғымды білдіріп тұр, сондықтан мемлекеттік рәміздерді насихаттаудан бөлек, басқа да міндеттері бар шығар?
– Иә, әрине. Біздің орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – тарихи таңбаларды, яғни тастағы тарихты зерттеу. Міне, бүгінгі таңда сол салада Сартқожа Қаржаубайұлы, Айдын Рысбекұлы, Зейнолла Самашев, Тұрсын Жұртбай, Жандарбек Мәлібеков сынды ғалым ағаларымызбен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Және осы жұмыстардың нәтижесінде «Қазақ геральдикасы» деген кітапты жазып шықтық. Ол кітапты 4 маусымда Елорда төрінде Қазақстан патриоттарының форумында таныстыратын боламыз. Сөйтіп, «Қазақ геральдикасының» жарыққа шығуы да үлкен жаңалық болғалы тұр. Сондай-ақ, біздің орталық таңбалы тастар тарихынан сыр шертетін үлкен көрме әзірлеп қойды. Оны Еуразиялық университетпен бірлесіп өткізетін ғылыми-тәжірибелік конференцияда ел назарына ұсынатын боламыз.
Өңірлік төлтаңбалар дейміз, оларды зерттеп жатырмыз. Оған қатысты әдістемелік құралдарды да әзірлеу үстіндеміз. Сондай-ақ, ведомстволық наградаларды сараптау жұмысы да біздің мойнымызда. Қазіргі таңда елімізде 200-ге жуық мемлекеттік награда бар. Әсіресе, Қорғаныс, Ішкі істер және Күштік құрылымдарға қатысты. Басқа да мемлекеттік органдар өздерінің түрлі мерейтойлық медальдарының эскизін бізге жолдайды, біз оны өзіміздің сараптамалық кеңесте қарап, зерделеп, талдап, қорытындысын береміз. Ал соңғы шешімді Мемлекеттік хатшымыз Ерлан Қарин төрағалық ететін мемлекеттік геральдикалық үлкен комиссия шығарады.
Сонымен қатар, орталығымыз осы сәуір айынан бері Елтаңбамыздың авторы – белгілі сәулетші Жандарек Мәлібековтің қатысуымен Қорғаныс министрлігінде, жалпы білім беретін мектептерде, студенттермен, жастармен үздіксіз кездесулер өткізіп келеді. Себебі, қазақтың бүкіл болмысын, тарихын бір Елтаңбаға сыйғыза білген Жандарбек ағамызды жастардың білгені, құрмет тұтқаны дұрыс деп ойлаймын. Өкінішке орай, Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туының авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбек ағамыз өмірден өтіп кетті. Сондықтан көзі тірі ағалардың әңгімесін өз аузынан естіп, өнегесін алу, ұлықтау, сыйлау, қадірлеу – парыз.
Әлемдік рейтинг бойынша Елтаңбамыз 9-орында
– Егер қателеспесек, сол Елтаңбамыз бен Туымыздың түстері бірнеше мәрте өзгерді. Осы жөнінде де толығырақ тарқата кетсеңіз?
– Біздің Туымыз осы Тәуелсіздіктің 30 жылында әлемдік түрлі деңгейдегі байрақты бәсекелерде 4 мың мәрте жоғары көтерілген және Антарктида мен Арктикада, Оңтүстік, Солтүстік полистерде тігілген. Маңдайалды ғарышкерлеріміз – Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов ғарышқа алып шыққан.
Иә, өздеріңізге мәлім, тәуелсіздік жылдарындағы Тудың түсі үш рет өзгертілді. 1992 жылы орнаменттегі оюы қызыл түсті болатын. Кейін сарыға өзгертілді. Ал соңғысында қошқар мүйіз оюына ауыстырылып, алтын түстес болып шықты. Мемлекеттік Туымыздың түсі көгілдір, ортасында шұғыла шашқан күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік сияқты қасиеттерді білдіреді. Күн байлық пен молшылықты, күш-қуатты бейнелейді. Ал күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің еркіндігін, тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын меңзейді. Тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.
Елтаңбамызға келетін болсақ, әлемдік рейтинг бойынша біздің Елтаңбамыз әдемілігі, тартымдылығы жағынан 9-орында тұр. Елтаңбамыздың түсі осыдан 4 жыл бұрын, яғни 2018 жылы өзгертілді. Алғашқысында бұрынғы түсі қоңырлау болатын. Кейін алтын түстес болды және кириллицамен жазылған «Қазақстан» деген жазуы латын тіліне ауыстырылды. Алтынның түсі – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы.
Мемлекеттік Елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар.
Шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі, яғни елімізді мекендейтін барлық халықтың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Қанатты тұлпарлар батылдықты, сенімділікті және ерік-жігерді танытады. Елтаңбамыздағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халқымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық деген мағынада.
Міне, біздің орталықтың негізгі жұмыстарының бірі – осы Мемлекеттік рәміздердің дұрыс қолданылуы мен пайдалануын насихаттау. Жуырда ғана Шығыс Қазақстан облысында болып, мемлекеттік рәміздердің қай деңгейде қолданылып жүргенін тексеріп қайттық. Одан түйген мәселелерімізді Президент әкімшілігіне ұсыныс ретінде жолдап, алдағы уақытта Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудың әдістемек құралын әзірлейміз. Сондай-ақ, барлық өңірге шығып, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану ережелерін, тәртібін түсіндірмекпіз.
«Қазақ геральдикасы» жалғасын табады
– Демек, Қазақстанда геральдика саласы нық орнығып келе жатыр деуге болады ғой?
– Біз осы саланы зерттеп, зерделеп көрсек, Орта Азияда, түркі елдері мен Қытайда, Моңғолияда да ұлттық, тарихи музейлер бар, ал геральдикалық зерттеулер орталығы деген жоқ екен. Сондықтан да біздің орталықтың әлемдік деңгейдегі бір ғылыми іргелі орталыққа айналары сөзсіз. Мүмкіндігі, көкжиегі кең деп білемін. Бұл бағытта бізге Үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Сондықтан алдағы уақытта жұмысымызды одан әрі жандандыра түспекпіз. Келесі жылы геральдиканың экскпозициялық залын құруды көздеп отырмыз. Халықаралық геральдистер коференциясын ұйымдастыру да жоспарда тұр. Бүгінгі «Қазақ геральдикасын» алдағы уақытты серия-сериямен, том-том етіп шығаратын боламыз. Енді «Қазақ геральдикасы» деген танымдық журнал шығаруды қолға алдық. Оған алғаш жарияланатын тарихшы-ғалымдардың сүбелі еңбегі де дайын болып қалды. Орталық жанынан ашылған «Тарих және таңба» атты ютуб-каналымыз да бар. Тұрақты жұмыс істеп тұр. Елге белгілі тарихшы, ғалымдармен аптасына бір рет сұхбат ұйымдастырып отырамыз.
Мемлекеттік рәміздерді егемен елімізден бөлек қарау мүмкін емес, олар – Тәуелсіздігіміздің бет-бейнесі, яғни өзіміз. Алдымен өзімізді сыйлап, құрметтей білсек, өзгелер де қадір тұтатын болады.
– Әңгімеңізге рақмет!