4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл — Ту, Елтаңба және Әнұран сияқты ұлттық болмысымызды бейнелейтін құндылықтарға құрмет көрсететін маңызды дата. Алайда соңғы жылдары рәміздерді қорлау деректері жиілеп, қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Елді дүр сілкіндірген қандай жайттар болған еді? Аqshamnews.kz тілшісінің материалымен еске түсіріп көрейік.
Қоқыстан табылған рәміздер
2022 жылғы 26 маусымда Алматы қаласында мемлекеттік Ту қоқыс салынған жүк көлігіне тиеліп тұрғаны түсірілген видео әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Оқиға Жетісу ауданындағы сенбілік кезінде болған. Аймақты тазалаушылар қоқыс қабының орнына мемлекеттік туды пайдаланған.
Жағдай желі қолданушыларының наразылығын тудырып, кінәлілер жауапқа тартылған болатын.
сурет: ашық дереккөз
Дәл сол жылы 1 шілдеде Павлодарда құрылыс қалдықтарының арасынан екі Елтаңба табылды. Қоқыс жәшігі алюминий зауытынан 10 шақырым жерде орналасқан.
Бұл оқиға да қоғамдық резонанс тудырып, құқық қорғау органдары ҚР ҚК-нің 372-бабы бойынша (мемлекеттік рәміздерді қорлау) іс қозғады. Тәртіп бұзушыларға 2000 АЕК (қазіргі есеппен 7 миллион теңгеден астам қаражат) көлемінде айыппұл салды.
сурет: ашық дереккөз
2023 жылғы 7 қазанда Атырау облысында шетелдік компания базасында үйілген қоқыстың арасынан тағы да мемлекеттік ту табылды. Аумақтағы жұмысшылар оны қоқыстан жинап алған. Облыстық полиция департаменті қажетті шараларды қабылдады.
сурет: ашық дереккөз
Танымал жұлдыздар да туға тіл тигізді
2022 жылы 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza-ның концертінде шулы оқиға болған еді. Кейін әлеуметтік желілерде тараған видеода рэпер Жолшиевтің (Shiza - еск.) Қазақстан туын қолына орап, сахнада бейәдеп сөздер айтқаны Қазнетте тарап кеткен болатын.
Бұл оқиға қоғамда үлкен дауға ұласты. Оған сол кездегі ҚР мәдениет және ақпарат министрі Дәурен Абаев пен мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин де пікір білдірді. Ал депутаттар осы даудан кейін мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қолданылатын жазаны күшейтуді ұсынған еді.
Әнші артынша әрекеті үшін көпшіліктен кешірім сұрған болатын.
Туды "шүберекке" теңегендер мен арабша жазғандардың ісі
2024 жылы 14 сәуірде түркістандық азамат көліктің алдыңғы терезесіне ілінген туды видеоға түсіріп, оны "шүберек" деп атап, TikTok желісіне жазба жүктеді. Бейнежазбада айтылған сөздер мен әрекеттер сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде азаматтың ісі "мемлекеттік рәмізді қорлау" деп танылып, жағдай сотқа жетті.
Сот шешімімен ол бір жылға бас бостандығын шектеу және 100 сағаттық мәжбүрлі жұмыс жазасына кесілді.
Сондай-ақ, 2025 жылдың 25 наурызында Атырауда никаб киген төрт қыз мұз айдынында Қазақстан туының үстіне арабша "шахада" жазуын және қылыш бейнесін қосып суретке түскен еді. Бұл әрекет те шуға айналып, полиция дереу ҰҚК-мен бірлесіп тергеу жүргізді, күдіктілер анықталды.
Кейін фотодағы екі қыздың кәмелетке толмағаны анықталып, олардың ата-аналарына айыппұл салынған еді.
Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қандай жаза қарастырылған?
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлау — қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады. Бұл бап Қазақстан Республикасының Туын, Елтаңбасын немесе Әнұранын көпшілік алдында қорлау әрекеттеріне қатысты қолданылады.
Қорлау деп – рәміздерді жыртып, бүлдіру, қоқысқа тастау, мазақ ету, әдейі әдепсіз әрекет жасау, оларды орынсыз мақсатта пайдалану сияқты әрекеттерді санаймыз.
Қолданылатын жаза түрлері:
-
Айыппұл – 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін (2025 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 7 миллион теңге);
-
Түзеу жұмыстары – сот белгілеген мерзімге дейін;
-
Қоғамдық жұмыстарға тарту – 120 сағатқа дейін;
-
Бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру – бір жылға дейін.
Сонымен қатар, іс-әрекеттің сипатына байланысты сот қосымша жазалар тағайындауы мүмкін (мысалы, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру).
Бұл бап — тек символды емес, елдің егемендігі мен ұлттық қадір-қасиетін қорғауға арналған. Сондықтан Қазақстан заңнамасы мұндай әрекеттерге төзімсіздікпен қарайды.