Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі аудан әкімі Еркебұлан Оразалиннің баяндамасына қарағанда, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасау үшін биылғы шілде айында «Терренқұр»-дың 3,4 га аумағын 1,5 млрд теңгеге жаңарту жобасы аяқталып, балалар мен спорт алаңдары салыныпты.
2025 жылдың маусымында Пушкин көшесін 2,9 млрд теңгеге (Райымбек батыр даңғылынан Гоголь көшесіне дейін) , Достық даңғылын 2,5 млрд теңгеге (Абай даңғылынан Әл-Фараби даңғылына дейін) абаттандыру жұмысы басталды. Осы жобаның аясында жол жаңартылып, веложолдар, спорт пен серуендеу аймақтары жабдықталып, аумақты түгел көгалдандырып шықпақ. Жұмыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.
«Аудандағы маңызды нысанның бірі «Көк базарды» жаңғыртуды да қолға алдық. Биыл жалпы көлемі 5 300 шаршы метр болатын қасбетін жаңартып, 3 160 шаршы метр аумақта абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар, қоғамдық көлік аялдамасы да жаңартылып, 5 велотұрақ орнатылады. Бұл жұмысты жүзеге асыруға 1,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, жобаны 2026 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді аудан әкімі.
2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының аясында 34 жобаны іске асыруға 2 млрд теңге бөлініпті. Осы жобаның ауқымында барлығы 650 ұсынысты қарап шыққан. Мамыр айынан алдағы қыркүйекке дейін 17 аула мен 17 қоғамдық кеңістікті абаттандырып, 4 жерде автоматты су жүйесін орнатуды жоспарлап отырғандарын жеткізді аудан басшысы.
Сонымен бірге, биыл әдеттегі жөндеу жұмысына 500 млн теңге бөлінген. Қарасай батыр көшесінің жаяу жүргіншілер аймағы (Достық даңғылынан Назарбаев даңғылына дейін) абаттандырылады, сондай-ақ Шевченкодан Қабанбай батыр көшесіне дейінгі аралықтағы Уәлиханов бульварында да жұмыс қызып, Рақымжан-Радлов көшесінің бұрышындағы бос тұрған Батыс айналма жолының учаскесі де жөндеуден өтпек.
Биылғы мамыр айында 2,6 млрд теңге сомасына 60 ауланың аумағы күрделі жөндеуден өтеді. Бұлар жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Жобаны аяқтау 2025 жылдың қазан айына жоспарланып отыр.