Кеше Алматыдағы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында Есләм Зікібаевтің 90 жылдығына және Ұлттық кітап күніне орай тағылымды кеш өтіп, ақынның «Қас қағым сәт» атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Есләм Зікібаев – қазақ поэзиясында өз өрнегі бар сыршыл ақынның бірі. Өлеңдерінде адам жанының нәзік иірімдерін терең толғаған ол, көркем сөздің табиғатын жетік меңгерген қаламгер ретінде танылған.
Жиында сөз алған Марат Тоқашбаев өткен жылдарға ой жүгірте отырып, қаламгер ағасымен аралас-құралас болған сәттерімен қатар, қазақ журналистикасының сол дәуірдегі ерекше рухын еске алды. «1969 жылы мен Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа келгенімде Есләм аға «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істейтін. Сосын «Жетісуға» бөлім бастығы болып ауысып келді. Содан бастап жақсы араластық. Газетті ол кезде Әбдуәли Қарағұлов басқаратын. Жолдасхан Бозымбеков, Ризат Садырбеков, Тәуірбек Сұртаев сияқты майталман қаламгерлер жұмыс істеді. Есләм аға – сол ортаның биік деңгейін көрсеткен көрнекті тұлға болды, – дейді бүгінде өзі де бірегей болмысымен, өзіндік қолтаңбасымен танылған публицист.
Сондай-ақ ол жастардың өнерге, театрға деген сүйіспеншілігін арттыру тұрғысындағы Есләм Зікібаевтың еңбегін ерекше атап өтті: «Бізді аптасына бірнеше рет театрға жіберіп отыратын. «Барып, көріп, жазып келіңдер» дейтін. Сол тәрбиенің арқасында біз өнерді сүюді үйрендік», – дей келе, Марат Тоқашбаев шараға қатысып отырған жастарды әдебиет пен өнерге жақын болуға шақырды.
Өзінің осыдан 10 жыл бұрын, яғни ақынның 80 жылдығына орай жазған мақаласының әлі де өзекті екенін айтқан Әділғазы Қайырбеков, жиналғандарға сол жазбасын оқып берді. Есләм Зікібаев шығармашылығына терең талдау жасалған мақалада ақын поэзиясының табиғаты жан-жақты ашып көрсетілгені байқалды.
«Есләм Зікібаев өз өлеңдерінде оқырманмен кез келген тақырыпта сырласады, мұңдасады, үндеседі. Оның поэзиясы арқылы тіпті жақын араласпаған адам да ақын жанын таниды. Ақын өз өлеңдерінде туған елге, өскен жерге деген шынайы махаббатын паш етеді. Ол үшін Сарыарқа да, Қызылжар да – жүрекке жақын, қасиетті ұғым. Қазақ руханиятына үлкен серпіліс әкелген талай марғасқалар дүниеге келген Қызылжар бүгінгі таңда тек географиялық атау ғана емес, ақындар армандаған рухани мекен іспетті. Алайда осы атаудың тарихи мәні мен рухын толық дәрежеде тани алдық па деген сұрақ ойландырады, – деді ол.
Әділғазы Қайырбеков өз сөзінде Есләм Зікібаевтың Мағжан, Сәбит, Ғабит, Мұхтар Әуезов, Евней Бөкетов сияқты басқа да тұлғаларға арнау жазғанын, ұлы адамдарды бөліп-жармай, біртұтас рухани кеңістік ретінде қабылдағанын, алыптар жалғастырған рухани дәстүрде Есләм Зікібаевтың да өзіндік орны бар екенін баян етті.
«Оның поэзиясында ел мұңы мен халық үні қатар өріледі. Ақын тілден безу – ең ауыр қасірет екенін еске салады. Бұл ой – тек өткеннің емес, бүгіннің де жүрек түкпіріндегі шындығы», – деді ол.
Әділғазы Қайырбеков сонымен бірге «Тұманбай Молдағалиевтің оны «Самала жырдың шебері» деп атауы, кітабына жазған алғысөзінде: «Оның жырларында елдік пен еркіндік, парасат пен тереңдік бар. Мен оны оқығанда, ойы жүйрік, көкірегі ояу үлкен жүректі ақынды елестеттім», – деп тебіренуі – Есләм поэзиясының биіктігін көрсетеді» деп, көрнекті ақынның берген бағасын да еске алды.
Ал ақынның жары Рауза Бәкірқызы: «Біз соғыстан кейінгі қиын кезеңде өстік. Кітап – біздің ең үлкен ұстазымыз болды», – деп өз естелігінде өмір мен тағдырдың сабақтастығын әсерлі баяндады. Рауза апай жиынға қатысушылардың дені жастар болғандықтан, оларға өзінің өмірлік серігімен қалай танысып, табысқаны қызықты болуы мүмкін екенін айтып, сол сәтті былайша еске алды:
«Мен ол кезде студент едім. Каникулда Қордайға, ауылға барғанмын. Сол кезде КазГУ-дің студенттерін қазақ пен қырғыз арасындағы диалект сөздерді жинауға жіберіпті. Ауылда шағын парк бар еді. Құрбыларыммен сол жердегі би алаңына бардық. Онда шешен, ингуш, грек сияқты басқа да ұлт өкілдері көп болатын. Қазақтар аз еді. Ағаларыңмен сол би кешінде таныстық. Қай жерде оқитынымды сұрады. Мен Алматыда, Қыздар педагогикалық институтында, 2-нші курста оқитынымды айттым. Бірақ ол мені іздейді деп ойлағам жоқ. Кейін Алматыға келген соң, араласа бастадық. Студент кезіміз бірге өтті, көп уақыт бірге жүрдік.
Қазір немерем сұрайды: «Әже, сіз атаны қалай таңдадыңыз?» деп. Менің айттым: «жігіт ең алдымен сөзіне берік болуы керек, айтқан уәдесінде тұруы керек, сонда бәрі дұрыс болады» деп. Біздің де мінезіміз әртүрлі болды, бірақ бір-бірімізді түсініп өмір сүрдік. Ол кісі өте қамқор еді. Балаларының оқуына, тәрбиесіне қатты көңіл бөлді».
Рауза апай, сондай-ақ, отбасының өмір жолы, балалары мен немерелерінің жетістіктері туралы айта келе, жастардың ғылым-білімге, өнерге талпынғанын құптайтынын жеткізді.
Кешті қорытындылаған Жамбыл кітапханасының жетекшісі Бану Дәулетбаева мекеменің 50 жылдық тарихына тоқталды. Айтуынша, Есләм Зікібаевтың өмірлік серігі Рауза Бәкірқызы аталған кітапхананың негізін қалаушылардың бірі болған. «Рауза апай – біздің рухани тарихымыздың тірі куәсі», – деген Бану Дәулетбаева, тұңғыш оқырман туралы да тың дерек айтты: «Кітапхананың 50 жылдығын атап өту барысында біз ең алғаш тіркелген оқырманды да іздестірдік. Қуаныштысы, ол – Есләм ағамыздың ұрпағы Еркін Зікібаев екені анықталды. Бұл – кітапхана тарихындағы ерекше әрі қызық дерек», – деді ол.
Бүгінде жасы 90-ға таяп қалған Рауза Бәкірқызының сергек қалпын кітаппен байланыстырған Бану Қойшыманқызы: «Кітап оқыған адамның ойы да, жаны да сергек болады», – деп, сөз соңында жастардың назарын кітап оқудың маңызына аудартты.
Есләм Зікібаевтың 90 жылдығына арналған бұл шара өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды сәт болды. Бір ғана буынның емес, күллі қазақ әдебиетінің рухани кеңістігінде өзіндік орны бар көрнекті ақынның өміршең поэзиясы мәңгі жасай бермек.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ