Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыс күшейді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Түн ортасы ауған шақ. Екі баласын құшақтап, үстіне іліккен халатымен үйден жүгіріп шыққан Айнұрдың (аты өзгертілген) аяқ киімі де болмапты. Көршісінің есігін тоқтаусыз қаққан келіншек сол түні өмірінде алғаш рет «маған көмек керек» деп айтуға батылдық жинаған. Көп жылдан бері күйеуінің қорлығы мен қорқытуына шыдап келген ол бұл жолы балаларының көзінше болған жанжалдан кейін үйде қалу қауіпті екенін түсінген.
«Сырты бүтін, іші түтін». Иә, сырт көзге сәні келіскен, шамы жарқыраған кей үйлердің ішінде тағдыр тәлкегіне тап болған жандардың көз жасы мен қорқынышы қатар өмір сүріп жатады. Бір қарағанда берекелі көрінетін шаңырақтың астында үнсіздікке көмілген жанайқай, айтылмаған өкпе, жасырылған жара бар. Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрінісі – біз атаған «сырты бүтін, іші түтін» отбасының көбейгенін көрсететін ащы шындық.
Алматы қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес жұмыстары соңғы жылдары күшейтілген. Соның нәтижесінде мегаполисте отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы қылмыстар саны азайған. 2026 жылдың басынан бері мұндай 67 дерек тіркелсе, былтыр осы кезеңде 71 жағдай болған. Биылғы жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша 3104 адам профилактикалық есепке қойылған. 2557 құқықбұзушыға қорғау нұсқамасы шығарылып, 547 адамға сот ерекше мінез-құлық талаптарын белгілеген.
Алматы қалалық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қоғам көзқарасының өзгергенін айтады.
«Бұрын отбасылық жанжал көбіне әркімнің жеке ісі ретінде қабылданса, бүгінде мұндай әрекетке нақты құқықтық баға берілетін болды. Зорлық-зомбылықтың психологиялық, сексуалдық немесе экономикалық сияқты кез келген түрі заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеледі. Уақытылы көмекке жүгіну қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін», – дейді ол. Оның айтуынша, қазір полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сталкингтің алдын алуға ерекше назар аударып отыр. Жыл басынан бері 78 адам алкоголизмнен мәжбүрлі емделуге жіберілген. Тағы 30 құқықбұзушы психокоррекция кабинеттеріндегі арнайы бағдарламалардан өткен. Дағдарыс орталықтарына 24 әйел мен олармен бірге 49 кәмелетке толмаған бала орналастырылған.
Айнұр есімді кейіпкеріміз де дәл осындай орталықтардың көмегіне жүгінгендердің бірі. Алғашында ол арыз жазудан қорқыпты. Себебі күйеуінің «өзгеремін» деген сөзіне сеніп, балалар үшін отбасын сақтап қалғысы келген. Бірақ уақыт өте психологиялық қысым күшейіп, бақылау, қоқан-лоққы, телефон арқылы аңду күнделікті жағдайға айналған.
«Ең қиыны – өзіңді кінәлі сезіну. Бір кезде «мүмкін мен дұрыс сөйлеспедім» деп ойлай бастайсың. Кейін бұл қалыпты өмір емес екенін түсіндім», – дейді кейіпкер.
Құқыққорғаушы, «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының президенті Ләззат Рақышева мұндай жағдайларда жәбірленушілер көбіне ұзақ уақыт үнсіз жүретінін айтады.
«Негізгі мақсат – зорлық-зомбылықтың алдын алу. Әйелдер көп жағдайда қорқыныштан, экономикалық тәуелділіктен немесе қоғамның сынынан именіп, көмекке кеш жүгінеді. Сондықтан құқықтық және психологиялық қолдау қатар жүруі керек», – дейді құқыққорғаушы.
Қазақстанда 2026 жылдың 2 наурызынан бастап құқықбұзушылықтың алдын алу туралы жаңа кешенді заң күшіне енді. Құжат тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтіп, құқықбұзушылықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Қазір елімізде қорғаныс нұсқамалары беріледі, құқықбұзушылар арнайы есепке алынады, ал полиция әрбір хабарламаға міндетті түрде ден қоюға тиіс.
Алматыда да бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше деңгейде жүргізіліп жатыр. Қалада «Отбасы» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты өтеді. «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясы аясында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылады. Арнайы полиция бөлімшелері профилактикалық жұмыстар жүргізсе, «Жан-Сая» дағдарыс орталығы әйелдер мен балаларға уақытша баспана, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп келеді.
Дағдарыс орталықтары одағы заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Зүлфия Байсақова жәбірленушілердің неге агрессорға қайта оралатынын түсіндіреді.
«Өкінішке қарай, әйелдердің көбі бұрынғы өміріне қайтып оралады. Бұған тұрғын үйдің жоқтығы, қаржылық тәуелділік, балалардың болуы, туыстар қысымы әсер етеді. Зорлық-зомбылықтан шығу – ұзақ процесс. Сондықтан ұзақ мерзімді қолдау аса қажет», – дейді маман. Оның айтуынша, Алматыда алғаш рет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған мекемеаралық жоспар әзірленіп жатыр. Құжат профилактиканы күшейтуге, зорлық-зомбылықты ерте анықтауға және психологиялық әрі әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бүгінде мегаполистегі мектептерде, колледждерде және қоғамдық орындарда түсіндіру кездесулері жиі өтеді. Полиция қызметкерлері мен психологтар тұрғындарға құқықтық қорғау тетіктері мен сенім телефондары туралы ақпарат береді. Себебі отбасындағы тұрақсыздық ең алдымен баланың психологиясына әсер етеді. Үреймен өскен бала қоғамға сенуден қалып, тұйықталуы мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес – тек полицияның немесе әлеуметтік қызметтің міндеті емес. Бұл – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Көрші үйден шыққан жанжалға бейжай қарамау, көмек сұраған жанға қолдау көрсету кейде бір адамның ғана емес, тұтас отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін.