Іле Алатауының баурайында орналасқан қалаға жыл сайын мыңдаған турист келеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы табиғатының әсемдігімен ғана емес, тау туризмін дамытудағы әлеуетімен де ерекшеленеді. Әсіресе жаз мезгілінде Үлкен Алматы көлі, Көкжайлау, Бұтақты шатқалы, Аюсай, Түрген және өзге де көрікті орындарға баратындардың қатары көбейеді. Алайда туристер санының артуы қауіпсіздік мәселесін де күн тәртібіне шығарып отыр.
Осыған байланысты Алматы қаласында таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мамандар туристік маусымға дайындық барысы, қауіпсіздік іс-шаралары және төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде жан-жақты ақпарат беруін жалғастырып жатыр.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Денис Ярцевтің айтуынша, жазғы маусымда таулы аймақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті күш пен құрал дайындалған.
Биыл екі кәсіби құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың құрамында 194 маман, 60 арнайы техника және екі тікұшақ бар. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына «Альпинизм федерациясы» мен «Ерікті құтқару қызметінің» 100-ден астам еріктісі тартылған.
Туристерге жедел көмек көрсету мақсатында таулы аумақтарда 18 арнайы тау лашығы орнатылған. Олар алғашқы медициналық көмек қобдишаларымен, байланыс құралдарын қуаттайтын жабдықтармен және қажетті азық-түлік қорымен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, Үлкен Алматы шатқалындағы «БАУ», Кіші Алматы шатқалындағы «УСП-23», Бутаков шатқалындағы «Медео РСС Барыс» пен «Мұзтау» бақылау-құтқару бекеттері үздіксіз жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, кейінгі жылдары ашылған жаңа құтқару пункттері төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір қысқартқан. Кейбір бағыттарда зардап шеккен туристерге жету мерзімі бұрынғыдан 3-4 сағатқа дейін азайған.
Соған қарамастан, таудағы жазатайым оқиғалар саны әлі де азаймай отыр. Өткен жылы Алматы тауларында 410 іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп, 608 адам құтқарылған. Олардың ішінде 88 бала болған. Ал 2026 жылдың басынан бері 43 операция өткізіліп, 65 адамға көмек көрсетілген.
Денис Ярцевтің айтуынша, оқыс оқиғалардың негізгі себептері өзгермей отыр. Туристердің көпшілігі маршруттың күрделілігін бағаламайды, ауа райы болжамын елемейді немесе қажетті дайындықсыз жолға шығады.
– Көп жағдайда адамдар өз мүмкіндігін асыра бағалайды. Кейбіреулер әлеуметтік желілердегі бейнематериалдарға қарап, арнайы дайындықсыз күрделі бағыттарға аттанады. Бұл олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, – деді спикер.
Таудағы қауіпсіздік мәселесіне Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалына қарасты Үлкен Алматы орманшылығының маманы Мұрат Рысқұл да тоқталды.
Оның айтуынша, Үлкен Алматы көліне апаратын жолда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шектеулер енгізілген. Атап айтқанда, жеке автокөліктердің, мототехниканың және электр көліктерінің қозғалысына тыйым салынған.
– Бұл жол күрделі тау бедері арқылы өтеді. Кейбір учаскелерде көру мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ тас құлау қаупі бар. Сондықтан қабылданған шаралар ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Мұрат Рысқұл.
Оның мәліметінше, Іле-Алатау ұлттық паркінде жалпы саны 46 туристік маршрут бар. Қазіргі уақытта олардың 38-і келушілер үшін ашық. Барлық бағыт ұлттық парк инспекторларының тұрақты бақылауында.
Мамандар туристерге тек белгіленген соқпақтармен жүруге, қауіпсіздік белгілерін сақтауға және қорық аумағындағы талаптарды бұзбауға кеңес береді. Өйткені тау жағдайында кез келген салғырттық ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Бүгінде қауіпсіз туризмді дамыту мемлекеттік органдардың басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Осы мақсатта туристерді ақпараттандыру, құтқару инфрақұрылымын жетілдіру және алдын алу жұмыстарын күшейту бағытында жүйелі шаралар қолға алынуда.
Айта кету керек, 2025 жылғы 9 қыркүйектен бастап Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрінің қауіпті туристік бағыттарға қатысты бұйрығы күшіне енді. Құжатқа сәйкес азаматтар күрделі маршруттарға шығар алдында өз бағыттары туралы азаматтық қорғау органдарына алдын ала хабарлауға міндетті. Бұл төтенше жағдай туындаған жағдайда құтқарушылардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, таудағы қауіпсіздік ең алдымен әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты. Маршрутты алдын ала жоспарлау, ауа райын мұқият бақылау, қажетті жабдықтарды алу, жақындарына жүретін бағытын хабарлау және жалғыз шықпау – қарапайым болғанымен, өмірді сақтап қалатын маңызды қағидалар.
Табиғат аясындағы демалыс жағымды әсер сыйлауы үшін қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет. Өйткені тау қателікті кешірмейді. Сондықтан құтқарушылар мен ұлттық парк мамандарының ескертулеріне құлақ асып, жауапкершілікпен әрекет ету – әрбір туристің міндеті.