Мен үшін педагог мамандығының қадірі ерекше. Ұстаздың еңбегі көзге бірден түсе бермейді.
Оның нәтижесі бірнеше жылдан кейін, кейде одан да ұзақ уақыттан соң көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осы ұзақ мерзімді нәтиже бұл мамандықтың қоғам үшін маңызын айқындайды. Осы орайда, еліміздің Президенті Қ.Тоқаевтың: «Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету - қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз» деген сөзі ойға оралады.
Осы бір жалынды сөздердің астарында Отан алдындағы борыш, аманатқа қиянат жасамау, жауапкершілік жүгі жатыр. Мен де өзіме жүктелген аманатқа қиянат жасамай, болашақтың ұрпақтарын тәрбиелеу жолында күш салып жүрмін. Осы орайда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейтін халық даналығы қай елге, қай ұлтқа болмасын ақиқаттығын тағы бір дәлелі болса керек.
Бүгін мектепте білім алып жүрген әр бала күні ертең белгілі бір салада шешім қабылдайтын, еңбек ететін, қоғамның дамуына үлес қосатын азамат. Біз оның болашағын алдын ала белгілей алмаймыз. Бірақ сол болашаққа қажетті білім мен дағдыны қалыптастыруға мүмкіндік бере аламыз.
Сондықтан мұғалім үшін ең басты міндет- баланы тек бүгінгі талапқа дайындау емес, өзгеріп отыратын қоғамда өз орнын таба алатын деңгейге жеткізу. Мен педагог ретінде өз жұмысымның мәнін осыдан көремін. Мектептің бүгінгі нәтижесі маңызды, бірақ оның ең үлкен нәтижесі мектептен шыққан шәкірттің ертеңгі өмірінде көрінеді. Жалпы, ХХІ ғасыр технологиялар мен бәсекелестіктің дамыған заманы. Қазір мұғалім тек өз пәнімен шектеліп қалмай, оқушылардың да жан-жақты білім алуына әсер етуі тиіс. Демек, бүгінгі мұғалімнің бойында жан-жақтылық, ізденімпаздық пен қызығушылық, білімге құлшыныс, психологиялық білім секілді қарым-қабілет түгел жинақталуы керек. Ең бастысы - өзіңнің жүрегің қалаған, өз ісіңді сүю. Әттең-айы, қазір көп жастар өздері қаламаған мамандыққа түсіп жатады. Осылайша, алдымен өзіңе, екінші мамандыққа қиянат жасайды. Сондықтан өзіңнің қалаған ісіңмен айналыссаң ғана жүрегің жай тауып, шын пейілмен жұмыс істей аласың дер едім. Осы жағынан алғанда өз басым қалаған мамандығымды адаспай таптым деуге болады.
Әр сабақта оқушыны жалықтырып алмайтындай түрлі онлайн ұйымдастырып, өзара қарым-қатынас орнатуда психологияны да меңгеріп жатырмын. Өйткені алдымдағы әрбір оқушы - Қазақстанның болашағы. Еліміздің болашағымыз жарқын болуы үшін жастарымыз білімді, құзыретті әрі жан-жақты болуы тиіс. Оқушыға тек пән бойынша сабақ беріп қана қоймай, болашағына қажетті тәрбие, ақыл-кеңесімді бермекпін. Менің бар арманым оқушыны жақсы іске қанаттандыра алатындай ұстаз атану. Ал, ұстаздың жетістігі шәкіртінің бағындырғанын белесін көру. Сірә, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген осы болар.
Әмина Тортаева, Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназияның тарих пәні мұғалімі