Мәжіліс депутаты Мутәлі Әбутәліп Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке депутаттық сауал жолдап, жасырын бақылауға арналған техникалық құрылғылардың заңсыз айналымы елдің ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда техникалық құрылғылар нарығы жеткілікті деңгейде реттелмей, бақылаусыз қалып отыр. GPS-трекерлер, GSM-маяктар, шағын камералар, дыбыс жазу құрылғылары сынды электронды техникалар интернет-платформалар арқылы ешқандай лицензиясыз немесе сертификатсыз еркін сатылуда.
Оның сөзінше, мұндай құрылғылар азаматтарды заңсыз бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жеке өмірге қол сұғу, жеке және отбасылық құпияның бұзылуы, деректерді заңсыз жинау, бопсалау, қысым көрсету және корпоративтік тыңшылық тәуекелдерін арттырады. Қазіргі таңда банктік картасы мен интернетке қолжетімділігі бар кез келген адам жасырын ақпарат жинауға арналған техниканы оңай сатып ала алады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 399-бабында мұндай құрылғыларды өндіруге, сатып алуға, сатуға және пайдалануға тыйым салынғанына қарамастан, олардың кең таралуы кешенді құқықтық бақылаудан тыс қалып отыр.
Сондай-ақ депутат құқық қорғау органдары жүргізген рейдтер барысында дыбыс жазғышы бар қаламдар, тұрмыстық заттарға жасырылған бейнекамералар, көзілдірік пен флешка түріндегі құрылғылардың заңсыз сатылғаны анықталғанын айтты. Алматы, Теміртау және басқа да өңірлерде мини-камералар мен GSM жүйелері тәркіленіп, жекелеген сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда бұл шаралар жүйелі сипат алмай, нарықтың кедергісіз жұмыс істеуіне тосқауыл бола алмай отыр.
Ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт — сырт көзге заңды әрі кең таралған жаңа буын құрылғылардың жасырын ақпарат жинау функциясына ие болуы. Депутаттың пікірінше, мұндай техниканың қауіптілігі сыртқы пішінімен емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолдану тәсілі арқылы анықталады.
Сонымен қатар Мутәлі Әбутәліп заманауи автомобильдерге, әсіресе сұранысқа ие Қытай өндірісіндегі көліктерге де назар аударды. Оның айтуынша, бұл көліктердің бірқатары шетелдік серверлер мен аккаунттар арқылы жұмыс істейді. Соның салдарынан Қазақстан азаматтарына қатысты деректер, оның ішінде қозғалыс маршруттары мен пайдаланушы ақпараттары, шетелдік юрисдикцияларда өңделуі мүмкін. Кейбір жағдайларда көлік функцияларының қашықтан шектелуі немесе ажыратылуы да тіркелген.
Депутат халықаралық тәжірибеде мұндай электрониканың қатаң бақылауға алынатынын атап өтті. Онда міндетті сертификаттау мен лицензиялау талаптары енгізіліп, азаматтық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың ара-жігі нақты ажыратылады. Бұл азаматтардың жеке өміріне жасырын қол сұғылуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Мутәлі Әбутәліп Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, азаматтардың жеке өмірі мен жеке және отбасылық құпияға конституциялық құқығын қорғауды қамтамасыз ету, жасырын бақылау құрылғыларын сатуға міндетті сертификаттау мен лицензиялауды енгізу, уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен олардың айналымын бақылау тетіктерін белгілеу қажет екенін айтты. Сонымен қатар елімізде сатылатын жаңа буын автомобильдерге қатысты деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан аумағында орналастыру және оларды ұлттық заңнамаға сәйкестендіру мәселесін қарастыруды ұсынды.
Депутат бұл бағытта кешенді құқықтық және бақылау механизмін әзірлеп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті.