Алматыда 2–3 маусым күндері «Қазақстанның қолжазба мұрасы: сақтау, зерттеу және цифрлық гуманитаристика» атты халықаралық конференция өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ғылыми жиын көне қолжазбаларды сақтау, зерттеу, цифрландыру және оларды ғылыми айналымға енгізу мәселелеріне арналды.
Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының өкілі Әшірбек Муминов мұсылман қолжазбаларын зерттеудегі Қазақстан тәжірибесін талдады. Оның айтуынша, елімізде жазуы бар 400 мыңға жуық құлпытас сақталған.
Ғалым мұндай жәдігерлер қазақ даласының тарихын, рухани өмірін, тілдік ерекшелігін, діни танымын және шежіресін зерттеуге жол ашатын құнды дереккөз екенін атап өтті. Құлпытастардағы жазулар арқылы әр кезеңдегі қоғамдық қатынастар мен тарихи тұлғалар туралы маңызды мәлімет алуға болады.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Қайполла Қайраттың сөзінше, жиын барысында шетелдік мамандар қолжазба мұрасын сақтау, жүйелеу және цифрландыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
«Қазақстанда қолжазба мұрасы өте бай. Ендігі міндет – осы мұраны заманауи технологиялар арқылы цифрлық нұсқаға көшіру, реттеп каталогтау және зерттеушілерге қолжетімді ету», – деді ол.
Ғалым Өзбекстан мен Түркиядағы тәжірибені мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл елдерде қолжазбаларды сақтау, каталогтау және цифрландыру жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Қазақстанда да бұл бағыттағы жұмыс жанданып келеді.
«Қазір “Ғылым ордасында” қолжазбаларды қарап, каталогтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір қолжазбалардың қағазы тозған, сиясы өше бастаған. Сондықтан оларды уақытында цифрлық форматқа көшіру және қалпына келтіру өте маңызды», – деді Қайполла Қайрат.
Конференцияның тағы бір маңызды бағыты цифрлық гуманитаристика мен жасанды интеллект технологияларына арналды. Гарвард университетінің зерттеушілері шағатай тіліндегі қолжазбаларды цифрландыру мәселесін көтерсе, Оксфорд университетінің өкілдері тарихи архивтерді қалпына келтірудегі цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін таныстырды. Түркия қолжазбалар басқармасының мамандары көне кітаптарды сақтау мен реставрациялау тәжірибесімен бөлісті.
Astana IT University мамандары шағатай тіліндегі мәтіндерді тануға арналған жасанды интеллект пен тілдік модельдерді әзірлеу бағытындағы жұмыстарын ұсынды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай технологиялар тарихи қолжазбалар мен архив құжаттарын зерттеуді жаңа деңгейге көтереді.
Халықаралық конференцияға Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Өзбекстан, Ресей, Куба және Әзербайжаннан 50-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Басқосуда ортағасырлық мұсылман еңбектерін ғылыми айналымға енгізу, қазақ даласына қатысты араб, парсы және түркі деректерін зерттеу, қолжазбаларды сақтау және сирек мұраларды халықаралық ғылыми кеңістікке таныту мәселелері талқыланды.
Конференциямен қатар 4–10 маусым аралығында «Қолжазбатану және цифрлық гуманитаристика» халықаралық жазғы мектебі ұйымдастырылды. Онда шағатай тілін оқыту, түркі және ислам қолжазбаларын сақтау, реставрациялау, сирек кітаптарды халықаралық стандарттарға сай каталогтау бағыттары қамтылды.
Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазақстанның қолжазба мұрасы: тіркеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеулер» бағдарламасы аясында өтті.
Дастан ҚАСТАЙ