ГФР, Берлин қаласы
Германия Федеративтік Республикасының Қорғаныс министрлігінде Берлинге ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алу рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Салтанатты іс-шара аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізу үшін Германия Федералдық Президентінің резиденциясына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев резиденциядағы Құрметті қонақтар кітабында естелік жазба қалдырды.
.jpg)
Мемлекет басшысы Германияға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтты.
Қазақстан Президенті Германия еліміздің Еуропадағы басты стратегиялық серіктесі саналатынына, ал екіжақты ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке және ортақ мүддеге негізделгеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салды. Осынау кезеңде екі ел серіктестіктің барлық бағытында елеулі табысқа қол жеткізді.
Өз кезегінде Президент Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана мен Берлин арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол Қазақстан Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.


.jpg)












