Үш жыл ішінде оқытушылар 6 офлайн тренинг пен 12 онлайн-коучинг сессиясына қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыдағы арнайы мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту тәсілдері жаңарып келеді. Мұғалімдер жеке оқыту бағдарламаларын, балалармен және олардың отбасыларымен қарым-қатынас жасаудың жаңа құралдарын, сондай-ақ баланың мүмкіндіктерін функционалды бағалау тәсілдерін қолдана бастады. Мектептерде ресурстық кабинеттер ашылып, қолдау ортасы қалыптасуда және балалардың үйде оқудан мектеп ортасына бейімделуіне арналған модельдер сыналуда.
Бұл өзгерістер «Дара» қайырымдылық қоры мен АҚШ-тың Перкинс зағиптар мектебі (Perkins School for the Blind) бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Friendly School» жобасы аясында орындалуда. Бастама арнайы және инклюзивті білім сапасын көтеруді, сондай-ақ халықаралық тәжірибені қазақстандық мектептерге бейімдеуді көздейді.
Жоба алғаш рет 2023 жылы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған Алматы қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатында басталды. Үш жылдық оқу циклі аяқталған соң, мектеп қорытынды халықаралық бағалаудан өтіп, Perkins Quality Improvement стандарттары бойынша сертификат алды.
Үш жыл ішінде оқытушылар 6 офлайн тренинг пен 12 онлайн-коучинг сессиясына қатысты. Үйде білім алатын балалар үшін мектепте ресурстық кабинет жасақталып, жабдықталды. Сонымен бірге зағип-саңырау, көру қабілеті төмен және күрделі даму бұзылыстары бар балаларды оқытуға арналған Перкинс мектебінің екі әдістемелік құралы қазақ және орыс тілдеріне аударылды.
№4 мектептің бұл тәжірибесі тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған Алматыдағы №2 арнайы мектеп-интернатында жалғасуда. Мұнда педагогтер баланың мүмкіндігіне бейімделген қарым-қатынас жүйелерін, визуалды кестелерді, функционалды SMART-мақсаттарды және оқушының қажеттілігін бірлесе бағалау әдісін енгізіп жатыр. Сондай-ақ оқу бағытын жоспарлау және бағалау кезеңдерінде ата-аналармен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінген.
Жоба аясында №2 және №4 мектептер базасында ресурстық сынып үлгісі сынақтан өтуде. Ол балалар мен ата-аналарды үйде оқудан мектепке ауысуға дайындауды, сыныптар мен оқу құралдарын бейімдеуді, сондай-ақ мұғалімдер мен мектеп басшылығын оқытып, қолдауды қамтиды.
«Friendly School» жобасы үш жылға арналған. Ол мектептерге халықаралық баға беруді, күндізгі тренингтер мен онлайн-коучингтерді және мұғалімдерге тұрақты қолдау көрсетуді біріктіреді. Бұл тәсіл тек жекелеген мамандармен ғана емес, жалпы мектептің білім беру ортасын тұтастай жақсартуға мүмкіндік береді.