Бірақ бұл уақытша ғана.
Қыс – қыр астында. Ауылдағы ағайын қыстан қысылмай шығуы үшін алдымен мал азығының қамын жасаса, кейін ерте көктемге дейін үйді жылытудың жайын ойлайды. Қалаларда пеш арқылы жылытылатын жер үйлер иелерінің басты мәселесі де – осы. Бірақ жылдағы дәстүр бойынша биыл көмірдің бағасы өскені байқалады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Тамыз, қыркүйек пен қазан айлары – қатты отынға деген сұраныс күрт өсетін уақыт. Сұраныс бар жерде бағаның өсуі де болары сөзсіз. Айталық, жергілікті "Майкөбен-Вест" компаниясы кеніштен босатылатын бір тонна көмірдің бағасын 500 теңгеге өсірді. Былтыр бір тоннасы 7500 теңгеден жөнелтілсе, биылғы баға – 8000 теңге. Ал "Богатырь-Көмір" мен "Гамма Сарыкөл" кәсіпорындары әзірше бағаға өзгерістер енгізген жоқ. Алғашқысы кеніштен қатты отынның тоннасын 3413 теңгеден, соңғысы 7000 теңгеден сатуда.
Бұл баға қарапайым тұтынушыларға жеткенге дейін екі, тіпті үш есеге дейін қымбаттайды. Елді мекен кеніштен неғұрлым алшақ болса, баға да соғұрлым қымбаттай түспек.
"Тас көмірдің бір тоннасының бағасы 9500 теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін жетеді. Қоңыр отынның тоннасы 11 500 теңгеден басталып, 20 мың теңгеге дейін болады. Яғни, баға елді мекеннің қашықтығына байланысты өзгереді. Себебі жеткізу қызметінің ақысы есепке алынады", - дейді Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов.
Осыдан-ақ бағаның өскенін байқау қиын емес. Салыстырмалы түрде қарасақ, былтыр елді мекендердің кеніштерден арақашықтығы мен көмірдің сұрпына қарай тұрғындарға бір тоннасы 8-20 мың теңге аралығында сатылған-ды. Биылғы баға 1500-5000 теңге аралығында өсіп отыр. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, қара суық түскенде баға тағы құбылуы әбден мүмкін.
Жалпы, Павлодар облысының тұрғындары үшін қыс бойы 399 мың тонна көмір керек болады. Қазір өңірдегі сату нүктелерінде әзірше 15 мың тоннасы бар. Аймақта ауылдарға көмір тасымалдаумен 300-ден астам жеке кәсіпкер айналысады.
Ал өңірдегі әлеуметтік нысандарды жылытуға 130,3 мың тонна керек. Бүгінде оның 17,5 мың тоннасы жеткізілді.
Айта кетейік, елімізде өндірілетін 63 млн тоннаға жуық көмірдің 37 млн тоннасы Павлодар облысы аумағындағы кеніштерден шығарылады.