7 қыркүйекте Бельгия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде Қазақстанды 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл сәтсіздік ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиевтің отставкасымен жалғасты. Бас бапкер матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында өз еркімен қызметтен кететінін мәлімдеді. Бұл жайттардан не күтеміз? Аqshamnews.kz тілшісі спорт сарапшысының болжамын білді.
"Күллі Еуропаға масқара болдық"
Спорт сарапшысы, журналист Айнат Қабидулла Қазақстан футболының бүгінгі жағдайына алаңдап отыр. Оның айтуынша, әрбір іріктеу кезеңі немесе жолдастық кездесу жанкүйерлерге қуаныш сыйлаудың орнына масқарамен аяқталып жатыр.
"Әдеттегідей тағы да жеңілдік. Жеңіліс қалыпты жағдай болып бара жатыр. Күллі Еуропаға масқара болдық. Құрамында кәсіби футболшысы жоқ Лихтенштейн ұлттық құрамасы да Бельгиядан дәл осындай есеппен ұтылды. Демек, біздің деңгейіміз әлемдегі ең әлсіз құрамалармен тең болып тұр ма деген ой туады", – дейді сарапшы.
Қандай жағдайда федерация басшылығы түгел отставкаға кетуі керек?
Әли Әлиевтің кетуі алғашқыда федерация үшін "отандық бапкерге мүмкіндік беріп жатырмыз" деген сылтауды жасыруға ыңғайлы болғаны анық. Алайда Қабидулланың айтуынша, бұлай жанкүйерлерді алдаудың жөні жоқ:
"Қазақ футболының жанкүйерлері ойыншық емес. Елімізде ұлттық құраманы баптай алатын деңгейдегі бапкердің жоқ екенін бәрі біледі. Егер келесі бапкер тағы да Қазақстаннан немесе посткеңестік елдерден болса, федерация басшылығы түгелімен отставкаға кетуі керек" деді ол.
Жанкүйер мәдениеті: бізге не жетіспейді?
Сарапшы тарапынан қазақ футболының жанкүйерлеріне қатысты да өткір пікір айтылды. Ол Уэльске қарсы Астанада өткен кейінгі матчты мысалға келтірді:
"Қандай футболшылар болса, сондай жанкүйерлер. Соңғы өз алаңымызда Уэльске қарсы өткен матчта валлийлер құдды бір өз алаңында ойнап жатқандай әсер қалдырды. Қып-қызыл жейде, рухты ұрандар Уэльс жанкүйерлерінің ауызбіршілігін көрсетті. Қазақ футболының жанкүйерлері қашан осындай деңгейге жетеді екен? Сырт алаңдағы емес өз алаңымыздағы ойындарға сары-көк түсте, шапан, тақиямен келуге қашан ауызбіршілігіміз жетеді екен? Ең оңай деген "Атамекен" әнінің сөзін қашан жаңылмай айтамыз?" деген сұрақтармен қайтқан едік сол матчтан" деді Айнат Қабидулла.
Еске салайық, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бельгиядан жеңілген соң отставкаға кететінін мәлімдеген еді. Артынша Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров оның кетуіне қатысты пікір білдірді.
"Жалпы ол команданы жасарту жағынан өз міндетін орындады. Құраманың орта жасы – 25-26. Бірақ нәтижелер әлі де көңіл көншітпейді. Сондықтан ол келген соң кадрлық шешімдер қабылдаймыз. Мен шешімді ол келгеннен кейін қабылдаймын. Әлі де сөйлесеміз", – деді Омаров Үкімет кулуарында.