Кремний алқабындағы қазақ: жасанды интеллектке негізделген стартап қалай АҚШ нарығын жаулап алды?

Кремний алқабындағы қазақ: жасанды интеллектке негізделген стартап қалай АҚШ нарығын жаулап алды? Сурет: кейіпкердің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Қазақ жастары бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде жүрсе де, өз елінің атын танытып, технология саласында ерекше табыстарға қол жеткізіп жүр. Соның айқын мысалы - АҚШ-та жасанды интеллектке негізделген Call2action.ai стартапын дамытып жүрген жас қазақстандық кәсіпкер Ерсұлтан Жүнісақынов.

Ол биыл қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жасаған сапары кезінде Президенттің алдында өз стартабын таныстырған жас отандастардың бірі болды. Оның жобасы Президенттің ерекше қызығушылығын тудырып, қолдау тапқан. Aqshamnews.kz тілшісі  Ерсұлтанмен тілдесіп, оның стартапы, командасы, мақсаттары мен Қазақстанның технологиялық болашағы туралы жан-жақты әңгіме өрбітті.

Call2action.ai - АҚШ нарығына бағытталған бірегей жоба

Call2action.aiм - Astana Hub технопаркінің резиденті және әлемде жасанды интеллект негізінде рекрутингті автоматтандыруға арналған алғашқы платформа ретінде танылып отыр. Кейіпкеріміз Ерсұлтан Жүнісақынов - Call2action.ai компаниясының негізін қалаушысы және бас директоры (Founder & CEO).

"Дәл осы Astana Hub бағдарламаларының арқасында біз 2024 жылы Кремний алқабындағы беделді Alchemist Accelerator акселераторынан өттік. Бұл біздің Call2action.ai жобасын дамытып, АҚШ нарығына шығуымызға үлкен мүмкіндік берді", - дейді ол.

Бұл жоба жүргізушілерді, механиктерді, логистика және көлік саласының қызметкерлерін жалдауды толық автоматтандыруға бағытталған. Әлемде әзірге дәл осы салада баламасы жоқ бұл жобасын Ерсұлтан Президентке  биыл осымен екінші рет таныстырған. 

Бүгінде АҚШ-тағы 40-тан астам тракинг компаниясы бұл өнімге қызығушылық білдірген. Қазіргі таңда екі толыққанды коммерциялық клиент, үш  пилоттық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

Сурет: кейіпкердің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Технологияның ерекшелігі неде?

Ерсұлтанның айтуынша, олардың AI-интервьюері:

  • кандидатпен "тірі адам" сияқты сөйлеседі,
  • сұрақ қойып, нақтылап, әңгімелеседі,
  • кандидаттың дағдысын 0-10 балдық шкалада бағалайды,
  • рекрутингтің негізгі кезеңдерін автоматтандырады.

АҚШ тракинг нарығында мұндай кешенді шешім әлі жоқ. Бұл стартаптың басты артықшылығы да - осы.

АҚШ-та даму: инвестициялар, клиенттер және масштабтау

Жоба өзінің өміршеңдігін дәлелдегеннен кейін, команда инвестициялық раунд ашып, $500 000 көлеміндегі pre-seed инвестициясын тартқан. Компания бағалауы - 6 млн АҚШ доллары.

Инвесторлар қатарында:

  • америкалық венчурлік қорлар,
  • халықаралық бизнес-ангелдер,
  • MIT PhD,
  • YC түлегі,
  • Rippling және Workday компанияларының кеңесшілері бар.

Call2action.ai бүгінде АҚШ-та толыққанды іске қосылған. Маштабтау жұмыстары, пилоттық жобалар, келісімшарттар және жаңа клиенттермен жұмыс белсенді түрде жүріп жатыр.

Халықаралық деңгейдегі жобаның негізін қалаған - қазақ жастары

Жобаның барлық инженерлері мен әзірлеушілері - Қазақстаннан шыққан жас мамандар. Командада 6 адам бар, бірақ олардың тәжірибесі халықаралық деңгейде ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

"Еңбекқорлық, техникалық және тез үйрену қабілеті - қазақ жастарының басты артықшылықтары", - дейді Ерсұлтан.

Сурет кейіпкердің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Ерсұлтанның жеке жолы: Алматыдан Кремний алқабына дейін

Ерсұлтан Алматы қаласының тумасы. Технологияға қызығушылығы бала кезден басталған. 15 жасынан сайттарды кәсіби бағдарламалауды білген. IT және e-commerce бағытында бірнеше жоба жасап көрген. Ал жоғары білімді Алматыдағы энергетика және байланыс университетінде алған.

Стартаптарға қызығушылығы нақты мәселелерді технологиямен шешуге болатынын түсінгеннен кейін күшейген. Ерсұлтанның сөзінше, осындай жетістікке жетуіне ата-анасының қолдауы демеу болған. Себебі, олар оның таңдаған жолына сенім артқан.

Анасы  университетте ағылшын тілі пәнінің оқытушысы, ал әкесі қазір Ерсұлтанның алғашқы компаниясында жұмыс істейді екен.

"Олар маған еңбекқор болуды, адалдықты және қиындыққа қарамай алға жүруді үйретті", - дейді ол.

Жаһандық нарықтағы қазақтар: кімдер не істеп жүр?

Ерсұлтанның айтуынша, бүгінде АҚШ-та AI, финтех, логистика, HR-tech бағытында стартап құрған қазақтар көп. Google, Apple, Meta, Tesla, Amazon сияқты алып компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтар да баршылық.

"Менің бір қазақ досым Tesla компаниясында бас техникалық инженер қызметін атқарған. Мұндай деңгейдегі инженерлер бүкіл әлемде бар болғаны 15-20 адам, және сол топта қазақ маманының болуы  - біздің жастардың әлемдік деңгейде бәсекеге толық қабілетті екенін дәлелдейді", - дейді Ерсұлтан Жүнісақынов.

Бұл - қазақ жастарының әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенінің анық дәлелі.

Қазақстанда қандай салаларға AI енгізуге болады?

Call2action.ai алдымен рекрутингті автоматтандырса, кейін үш ірі салаға кеңейту жоспарланып отыр:

1. HoReCa

  • даяшылар,
  • аспаздар,
  • бармендер,
  • қонақүй қызметкерлері.

Бұл салада кадр тұрақсыздығы жоғары.

2. Ритейл

  • кассирлер,
  • сатушылар,
  • қойма қызметкерлері.

Маусымдық өзгерістерге байланысты мамандарды жылдам ауыстыру керек болуы әбден мүмкін.

3. Қойма логистикасы

  • жүк тасушылар,
  • операторлар,
  • сканерлеушілер.

Көп компаниялар бір уақытта жүздеген қызметкер іздейді.

"Бұл салаларда AI нақты тиімділік бере алады, - дейді Ерсұлтан.

Қазақстанда стартап жүйесін қалай жақсартуға болады?

Ерсұлтанның пікірінше, ол үшін үш басты бағыт маңызды:

  1. 1.Көбірек венчурлік қорлар құру
    Стартаптар қаржыға қатты мұқтаж.
  2. 2.Әлемдік деңгейдегі акселераторларды дамыту
    Alchemist, YC, Techstars  - Қазақстанда осы деңгейдегі бағдарламалар керек.
  3. 3. Инженерлік университеттерді күшейту
    MIT үлгісіндегі зерттеу орталықтары қажет.
  4. 4. Мектептен бастап программалау мен AI оқыту

"Балаларды ерте жастан код жазуға, алгоритмдік ойлауға және жасанды интеллект негіздеріне үйрету - болашақ инженерлер мен фаундерлер санын айтарлықтай арттырады. Егер осы тетіктер жүзеге асса, Қазақстан нағыз әлемдік деңгейдегі технологиялық орталыққа айнала алады", - деп болжайды стартапер.

Болашақ жоспар: АҚШ-та миллиардық компания құрып, Қазақстанда 1000 жұмыс орнын ашу

Ерсұлтанның осы күні мақсаты айқын. Ол келешекте АҚШ-та unicorn деңгейіндегі компания құрғысы келеді. Осындай деңгейге жеткен кезде Қазақстанда 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашу ойы да бар екен. Осы арқылы елдің технологиялық саласына үлес қосуға ниетті.

Стартапердің бұл ойы жүзеге асса, болашақта осындай жұмыс орындарында:

  • инженерлер,
  • бағдарламашылар,
  • AI/ML мамандары,
  • data analyst және data engineer сияқты жоғары жалақысы бар мамандықтар болмақ.

Ерсұлтан Жүнісақыновтың жолы көп қазақ жастарына үлгі боларлық.

Алматыдан басталған қарапайым арман, еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында бүгінде қазақ стартапшысы АҚШ нарығында бәсекеге түсіп, әлемдік деңгейдегі өнім жасап отыр.

Өзінің айтуынша:

"Бәлкім, біреуге қиын шығар. Бірақ бәрі мүмкін. Стартап құру да, АҚШ нарығына шығу да, үлкен компаниялармен жұмыс істеу де - арман емес, нақты мақсат"

Қазақстаннан әлемдік деңгейге шығатын таланттар көп. Ал Ерсұлтанның табысы - сол үлкен жолдың жарқын мысалы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:44

15:41

15:25

15:16

15:06

14:57

14:46

14:35

14:28

14:07

12:29

12:23

11:51

11:36

11:18

11:08

10:59

10:51

10:33

10:11

09:56

09:47

09:35

09:25

09:14