Шымбұлақ тау-шаңғы курортында БАҚ өкілдеріне арналған ашық есік күні өтті.
Іс-шара курорт қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында алдын алу шараларын, соның ішінде көшкін түсіру жұмыстарын егжей-тегжейлі көрсетуге бағытталды.
Іс-шара интерактивті форматта өтті, онда журналистер курорттың көшкін қауіпсіздігі қызметінің жұмысымен жақын танысып, сынақ барысына тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шараның алғашқы бөлігін тау патрулі және көшкін қауіпсіздігі қызметінің басшысы Виктор Львов жүргізді. Ол ортаңғы станциядан жоғары орналасқан арнайы алаңда өтті. Сол жерде Avalauncher стационарлық көшкін қондырғысы орнатылған, ол шаңғы трассаларына жақын маңдағы қар жамылғысының тұрақтылығын тексеруге мүмкіндік береді және курорт қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Іс-шара барысында құтқару қызметі жасанды қар түсіріп көрді: осылайша, қардың тұрақтылығына сынақ жасалды, алайда қар массасы сырғып кетпеді, бұл қар жамылғысының тұрақтылығын көрсетеді.
«Жасанды қар сырғытудан кейін көшкін жүрмеді, бұл аймақтағы қар тұрақты күйде қалып отыр. Бұған дейін, 8 және 9 наурыз күнгі қар жауғаннан кейін, бұл жерде алдын алу мақсатында көшкін түсіру жұмыстары жүргізілген болатын. Сол кезде жарылыс шағын көшкіндерді тудырды. Алайда, көшкіннің жүруі көптеген факторларға байланысты: ауа райы, жаңа жауын-шашын мөлшері, жер бедері ерекшеліктері», – деп түсіндірді В. Львов.
Сонымен қатар, құтқарушы алдын алу әдістері туралы егжей-тегжейлі айтып, ең қауіпті учаскелерді атап өтті, олардың қатарында «Конус», «Құрғақ сай» және «Школьник» шыңының беткейлері бар.
Курортта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолданылатын басқа да алдын алу шаралары қарастырылды:
1. Қолмен жару – бұл әдісті ҚазСелҚорғау мамандары жарылғыш заттарды қолданып жүзеге асырады. Бұл тәсіл тиімді, бірақ көп күшті талап етеді, өйткені қызметкерлер тікелей беткейге көтерілуі керек. Сонымен қатар, бұл әдіс белгілі бір қауіптермен байланысты.
2. Пассивті қорғаныс – «Школьник» тауында оңтүстік-шығыс экспозициясында орнатылған. Бұл қар массаларын ұстап тұруға арналған көшкінге қарсы бөгеттер.
3. Көшкін тоқтатқыштар – бұл арқан жолының тіректерін көшкін соққысынан қорғауға арналған арнайы құрылымдар.
Бұл шаралардың барлығы көшкін қаупін барынша азайтуға және курорт қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Кейін іс-шара 3200 метрлік станцияда жалғасты, онда «Талғар» трассасы бойындағы ескерту белгілері мен қоршау торларына ерекше назар аударылды. Бұл жерлерден райдерлердің көшкін қаупі бар беткейлерге кіріп кету қаупі бар.
«Бұл жерде екі қатарлы қорғаныш торлар мен ескерту белгілері орнатылған. Бірақ, бір өкініштісі, тіпті бұл шаралар да райдерлердің белгіленген шектерден өтуін толықтай тоқтата алмайды. Біздің міндет – саналылықты арттыру және оқыту деңгейін көтеру. Шаңғышылар мен сноубордшылар өз қауіпсіздігіне ғана емес, трассаның төменгі жағындағы адамдардың өміріне де жауапты екенін түсінуі өте маңызды», – деді ол.
Құтқарушы сондай-ақ, сырғанау кезінде белгілердегі сандарға назар аудару керектігін атап өтті – «сан неғұрлым аз болса, трассаның соңы соғұрлым жақын». Бұл құтқарушылардың жұмысында маңызды рөл атқарады, өйткені зардап шеккен адамның орналасқан жерін тез анықтауға көмектеседі.
Экскурсияның соңында «Шымбұлақ» курортының құтқарушысы Александр Голованов көшкінге қарсы жабдықтарды қолдану бойынша толыққанды дәріс өткізді.
«Мен фрирайдерлерді біздің көмекке бей-жай қарамауға шақырамын. Құтқарушыларға жүгініп, қай аймақтар қауіпсіз екенін және қай жерлер қауіпті екенін сұраңыз. Біз әрдайым кеңес береміз, көмектесеміз, сіздің көшкін жабдықтарыңызды тексереміз», – деп қосты А. Голованов.
Александр фрирайдерлер үшін жабдықтың маңыздылығын да атап өтті:
«Жолдан (трассадан) тыс сырғанауды жоспарлаған әрбір адамда міндетті түрде 3 зат болуы керек: биппер, зонд, күрек. Мүмкіндік болса – көшкін рюкзагы. Ең бастысы – бұл жабдықты қолдана білу. Статистика көрсеткендей, адамды көшкін астынан 15 минут ішінде қазып алған жағдайда, оның аман қалу мүмкіндігі 90%», – деп атап өтті құтқарушы.
Рюкзакта не болуы керек?
• Биппер (көшкін құрылғысы) – бұл көшкінге түскен адамдарды іздеуге арналған электронды құрылғы. Ол денеге тағылады және құтқарушылар немесе райдерлер көшкін астында қалған адамның сигналын тез анықтау үшін пайдаланады. Заманауи бипперлер зардап шеккен адамның орналасқан жерін жылдам анықтауға мүмкіндік береді, бұл өмір сүру мүмкіндігін едәуір арттырады.
• Күрек – адамды көшкін астынан шығарып алуға көмектеседі.
• Зонд – жиналмалы көшкін зонды, ол құтқару жұмыстарында көшкін астындағы адамды анықтауға арналған.
Басты міндет – курорттағы беткейлердің, яғни жаппай сырғанау трассаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.