Алматыдағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Halyk Орманы» экологиялық жобасының күзгі маусымы басталды. Табиғатты қорғауға бағытталған ауқымды шараға 500-ге жуық адам қатысып, 9 мыңға жуық шырша көшетін отырғызды. Биыл Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының 10 жылдығы аясында ұйымдастырылған бастама жаңа деңгейге көтеріліп, Алматы мен Семей өңірлерінде 3 миллион көшет отырғызу жоспарланып отыр.
10 қазанда өткен экологиялық акцияға еріктілер, студенттер, экологтер, бизнес өкілдері мен табиғат жанашырлары жиналды. Қатысушылар Іле Алатауының баурайында ағаш отырғызып, орман алқаптарын қалпына келтіруге өз үлестерін қосты.

«Halyk Орманы» жобасының басты мақсаты – еліміздің орман қорын көбейту, табиғи экожүйені қалпына келтіру және қоршаған ортаны қорғау ісіне қоғамды кеңінен тарту.
Жобаға жаңа серіктестер қосылды
Биыл «Halyk Орманы» жобасының ауқымы кеңейіп, оған қолдау көрсететін ұйымдардың қатары толықты.
Бұған дейін бастаманы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры бірлесіп жүзеге асырып келген. Ал 2026 жылдан бастап орманды қалпына келтіру жұмыстарына бизнес өкілдері мен өзге де қайырымдылық ұйымдары белсенді атсалыса бастады.

Атап айтқанда, бұған дейін жобаға «ЕВРОБАК» ұйымы мен FlyArystan әуе компаниясы қолдау көрсетсе, биылғы күзгі маусымда серіктестер қатарына Нұрлан Қаппаров атындағы қор мен «РУСКО» қоры қосылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, серіктестер санының артуы алдағы уақытта орман алқаптарын қалпына келтіру жұмыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

25 мыңнан астам қазақстандық жобаға қолдау көрсетті
«Halyk Орманы» тек ірі ұйымдардың бастамасы болып қалмай, қарапайым қазақстандықтар да үлес қоса алатын ортақ іске айналып келеді.
Жоба басталғаннан кейін тұрғындар өз қаражаты есебінен ағаш отырғызуға көмектесуге ниет білдірген. Осы ұсыныстар ескеріліп, Halyk және Kaspi мобильді қосымшалары арқылы қайырымдылық жасауға мүмкіндік беретін QR-кодтар іске қосылды.
Бүгінге дейін бастамаға 25 мыңнан астам адам қаржылай қолдау көрсетіп, шамамен 5 миллион теңге жиналған.
Бұл көрсеткіш қоғамда экологиялық бастамаларға деген қызығушылық пен табиғатты қорғауға атсалысуға дайын азаматтардың көбейіп келе жатқанын аңғартады.

«Halyk» қайырымдылық қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың айтуынша, жобаның басты құндылығы – адамдарды ортақ игі мақсатқа біріктіру.
«Біз бүгін тек көшет егіп жатқан жоқпыз. Келер ұрпаққа қалатын орманның негізін қалап жатырмыз. Ең маңыздысы – бұл іске мыңдаған адамның өз еркімен қосылып, табиғатқа жанашырлық танытуы. «Halyk Орманы» қоғамды ортақ құндылық төңірегіне біріктіріп келеді. Әр егілген ағаш – болашаққа жасалған нақты қадам», – деді Үміт Шаяхметова.
Отырғызылған көшеттер тұрақты бақылауда болады
Мамандардың айтуынша, орманды қалпына келтіру үшін көшет отырғызу жеткіліксіз. Оның жаңа ортаға бейімделуі, жерсінуі және өсіп-жетілуі де маңызды.
Сондықтан «Halyk Орманы» бір күндік экологиялық акциямен шектелмейді. Жоба аясында көшеттерді дайындау, отырғызу, күтіп-баптау және олардың өсуін бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.

Биыл негізгі жұмыстар Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында жалғасады. Әр өңірге жергілікті климат пен топырақ ерекшелігіне бейімделген ағаш түрлері таңдалады.
«Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов отырғызылған көшеттер алдағы уақытта да мамандардың назарында болатынын атап өтті.
«Бүгін отырғызылған көшеттер алдағы уақытта біздің тұрақты бақылауымызда болады. Олардың жерсініп, өсіп-жетілуі үшін қажетті күтім жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен табиғатты қорғау тек мамандардың міндеті емес. Тауға демалуға келген әрбір азамат қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауы керек. Ең қарапайым нәрседен – айналаны таза ұстаудан, қоқыс қалдырмаудан және жасыл желекке зиян келтірмеуден бастасақ, табиғатымызды сақтауға үлкен үлес қосамыз. Сондықтан барша тұрғындар мен туристерді тау табиғатына жауапкершілікпен қарауға шақырамын», – деді Елнұр Ахметов.
Оның сөзінше, орманды көбейту мен табиғи байлықты сақтап қалу – мамандар мен қоғамның бірлескен жауапкершілігі.

Бес жылда 9 миллион көшет отырғызу көзделген
Айта кетейік, «Halyk Орманы» экологиялық жобасы 2025 жылы қолға алынған. Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры орманды қалпына келтіру жұмыстарына 1 миллиард теңге бөлді.
Бес жылға жоспарланған бағдарлама еліміздің үш ірі табиғи аумағын қамтиды. Олар – Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты және Астананың жасыл белдеуі.
Жоба аясында бес жыл ішінде шамамен 9 миллион көшет пен шыбық отырғызу жоспарланған.

2026 жылдың көктемінде аталған үш аумақта ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Ал күзгі маусымда экологиялық шаралар Алматы мен Семей өңірлерінде жалғасып жатыр.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, жобаның ұзақмерзімді нәтижесі отырғызылған ағаштардың санына ғана емес, олардың сақталып, үлкен орманға айналуына байланысты.
Бүгін жерге егілген кішкентай көшеттердің келешекте қалың орманға айналуы үшін ондаған жыл қажет. Сондықтан «Halyk Орманы» – бүгінгі табиғатты қорғаумен қатар, келер ұрпаққа жасыл әрі жайлы орта қалдыруды көздейтін бастама.