«КӨКТЕМДІ КҮТІП ЖҮРСІЗ БЕ?»

«КӨКТЕМДІ КҮТІП ЖҮРСІЗ БЕ?» ашық дереккөз

Қардың көбесі сөгіліп, қыстың құрсауынан босаған кең дүние кеңдігін танытып жатыр. Жылғалар суға толса, жан дүниеміз нұрға толды. Тылсым табиғатпен бірге үндескендейміз, жылдың жанға шуақ, көңілге қуат берер маусымының құшағына  енгендейміз. Құстың әні –  қаланың сәні, осының бәрі  қыр астында көктемнің тұрғанын  жеткізгендей... «Көктемнің келгені ме, мен білмедім, бойымды кернеді бір  жұмбақ сезім, келеді, күле бергім, күле бергім» – деп, ақын жырына арқау еткен көктемді  біз де сағынып, күтіп  жүргендейміз...

   

Композитор Бейбіт ОРАЛҰЛЫ:

 Көктемге  ғашық  адаммын

– Осы сауал дәл қазіргі көңіл-күйіме дөп келгендей. Өйткені, биылғы қыс шаршатып, қалжыратып жіберді. Содан болар «тезірек көктем келсе екен»- деп жүрген жәйім бар. Жалпы, мен көктемді, жазды жақсы көретін адаммын. Сондықтан, үнемі көктемді күтіп жүремін. Көктем келсе, төңірек түрленеді. Қыздар құлпырады. Гүлдер құлпырады. Адамдар да бір-біріне жылыұшырап, мейірлене түседі. Мейірім бар жерде махаббат бар. Күннің көзін көресіз, құстың үнін естисіз дегендей... Бұл шығармашылыққа да ерекше әсер етеді. Менің бірнеше шығармамның тақырыбы көктемге байланысты. Мен көктемі мәңгілік адаммын.  Жарасқан ақынның сөзіне жазылған осындай әнім де бар. Оны Роза Рымбаева орындап жүр. Жалпы, табиғаттың қай мезгілі де жазам деген адамға кері әсерін тигізбесе керек. Бірақ, өз басым жылылыққа жаным құштар. Сәтін салса, көктемде шығармашылық сапармен Парижге барғалы отырмын. Саундтрек жазып едім, бірінші орын алып, сондағы үлкен шарада орындалмақшы.

 

Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының оқытушысы Дәлел УӘШ:

 

 Асқарлы асудамын

                   Күткенде қандай! Мен бұрын да көктемді керемет жақсы көруші едім, бұл жолы тіпті ерекше тосып жүрмін. Неге десеңіз, мен көктемде дүниеге келгенмін. «Біздің жақта қыс ұзақ» деп Оралхан көкем айтпақшы, біздің жақтың қысы суық әрі ұзақ болады. Бала күнімізде «қашан көктем келер екен, тезірек келсе екен» деп тосушы едік. Биыл тіпті ерекше  күтіп жүрмін. Сәтін салса, 24 сәуірде 60-қа толғалы отырмын. Қазекем «алпыс –  тал түс» дейді ғой.  Дегенмен, көңіліміз жас. Осы бір мерейтойдың сылтауымен көрерменге есеп берудің де реті келіп тұрғандай. Өзім қызмет етіп жүрген Т.Жүргенов атындағы театр залында шығармашылық кешімді өткізбекшімін. Менің бітіріп кеткен, қазір сабақ беріп жүрген шәкірттерім түгел қатысады. Кеш бойы белгілі композиторлардың әндері, романстар орындалады. Мен туралы фильм түсіріліп жатыр. Сол туындыны тамашалаудың сәті түскелі тұр. Өмірден көргенім мен түйгенімді қағазға түсіріп, кітап жаздым. Оның да тұсауы сол күні  кесіледі.

 

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш НҰРМАҒАНМБЕТОВА:

 Өткенді, ертеңді көп ойлайды екенсің

 «Қазақконцертте» жүргенімде көктем басталса болды, біздің жұмыс қатты қызатын.Сол жылдары  апталап емес, айлап алыс ауылдарды аралап, үй бетін көрмейтінбіз. Қыс түскенше сапарда жүреміз. Өнер адамы болған соң, оның қиындығына да көнуге тура келеді. Бұл жолды таңдаған өзіміз ғой. Осылай сапарлап жүргенде сан жылды артқа тастаппыз. Қазір қарап отырсам, біраз әріптесіміз өмірден өтіп кетіпті. Адамның жасы келген сайын, өткенді, ертеңді көп ойлайды екенсің. Жалпы, «жаз шықса, қолға аламын» деп отырған біраз жоспарым бар. Шығармашылық сапармен біраз өңірді аралап қайтсам деп отырмын. Елдің ішін, ауылдың ауасын, көне көздерді сағындым. Өзім жер үйде тұрғандықтан аулаға гүл егіп, көшет отырғызу сияқты жұмыстар күтіп тұр.

 

Суретші Айжан-Сара БЕКЖІГІТҚЫЗЫ:

Мен  суретшімін

                   Мен әлемді көзіммен ғана емес, жүрекпен де көріп, сезінемін. Өйткені, мен суретшімін. Көктем мен үшін жай ғана маусымның ауысуы емес, жан дүниемнің оянған сәті. Мен осы бір сәтте өзгерістердің ең нәзік пернесін, гүлдердің бүршік ата бастағанын, адамдардың көзіндегі үмітті байқаймын. Көктем алдында дүние түрленіп, ерекше күйге енеді. Бұл сәтте дүние түгел көктемді күтуге дайындалып жатқандай болып кетеді. Өнер адамы үшін өткен мен болашақ, қыс пен көктем арасындағы осынау сәт нағыз шабыттың оянатын кезі.

Жүрек те жер ананың оянғанына ұқсайды, ал саусақтарым қазірдің өзінде жаңа бояулар іздей бастағандай. Мен қазірдің өзінде айналамыздағы барлық тіршіліктің түрлене бастағанын, гүлдердің иісін, балалардың күлкісін, желдің ерекше лебін сезіне бастадым.

 

Ақын Роза СЕЙІЛХАН:

Бір жақсылық келер деп көктемменен.....

                   Көктем мезгілін ерекше жақсы көремін. Содан да болар, өлеңдерімнің басым бөлігі көктем туралы боп келеді. Халқымызда көктем, наурыз айына байланысты наным-сенімдер өте көп қой. Қазақ наурыз айын көкөзек уақыт, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы деп айтуында үлкен мән бар. Айналып келгенде әрбір жұмыр басты пенде күннің жылы шуағын, көктемнің иісін сағынады. Ал, жақсылыққа, жақсы күнге, сұлулыққа құмарту – адам бойындағы заңды құбылыс. «Бір жақсылық келер деп көктемменен,  Өмірді қайта сүрдім жек көрмеген» деген өлеңім осы сөзімді растайтындай. Неге екенін, шабыттың шырқау шыңына осы мезгілде көтерілетінім бар.

 Өмірдің   ажары да, сәні  – көктем,

 Ақынның  қашандағы жаны көктем.

 Тағы да  кешіктім деп өкінбейік,

Келеді өлмегенге  тағы көктем!

 Бала кезімде жылдың төрт мезгіліне көңіл аудармаған сияқтымын. Тіпті, есімде де жоқ. Біздің бақшамызда қатар-қатар отырғызылған өрік ағаштары болушы еді. Өрік гүлінің иісі мұрныңды жарып, әппақ гүлдері төгіліп, сезіміңді қытықтайтын. Ағаш басындағы бірді-екілі піскен өрікті әжем ұзын таяқпен түсіріп алып, көктемнің алғашқы жемісінің дәмін маған татқызатын. Қазір әжемнің сол қылығын өзім де балаларыма қайталап жүрген жай бар… Көктем келген сайын сол күндерді елегзи есіме аламын.

 Қазір ойласам, соның барлығы өлең деген құдіреттің киесі екен. Егер мен ақын болмағанда мұның біреуінен де әсер алмайтын едім. Қарап отырсам, менің жырларым табиғатпен үндес екен. Бүкіл болмысым табиғат құбылыстарымен байланысып жатады. Аспан, жер, су, ағаш барлығы да менің бір бөлшегім сияқты. Кейде мына күннің суығы-ай, желі де тынбады ғой, мына аптап күйдіре ме? деген сияқты сөздерді айтпауға тырысатын болдым. Олай болса, көктемді күткен көңілімізді кір шалмай, өмірді сүюді Мизамкөктен үйренейік дегім келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:35

10:01

07:35

06:33

19:14

18:35

18:16

18:08

17:45

17:38

17:26

17:13

16:42

16:02

15:39

15:30

14:44

14:41

14:28

14:14

13:56

13:32

12:57

12:54

12:48