Биылғы 2025 жылды ел президенті Қ.Ж.Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы біздің саламызды одан әрі жандандырып, болашақ автокөлік шеберлерін дайындау қызметімізге тың серпін беруде. Жалпы, жұмысшы мамандықтарына сұраныс өте жоғары болғанымен, кейде осы саланың мамандары елеусіз қалатыны да жасырын емес. Президентіміз қолдап тұрғанда, кәсіби білімнің көкжиегін кеңейтіп, жұмысшы мамандығын таңдаған жастарымызды бәсекеге қабілетті, ел игілігіне қызмет етер нағыз маман етіп шығару біздің құзырымызда.
Мен автокөлік саласының маманы ретінде 2018 жылдан бері Алматы электромеханика колледжінде өндірістік оқыту шебері, шеберхана меңгерушісі, қазіргі таңда аға шебер қызметін атқарып келемін. Ұстаздық жолымда үнемі ізденіс үстінде жүріп, алдыма келген шәкірттеріме заман талабына сай сапалы білім беріп, болашақта өз ісінің майталман маманы, бәсекеге қабілетті кәсіп иесі болуына бар күшімді, тәжірибемді жұмсаудамын. Білім алушыларды колледжішілік, қалалық, республикалық бірнеше кәсіби байқауларға қатыстырып, өзім де кәсіби білігімді шыңдау мақсатында қалалық WorldSkills кәсіби байқуларында сарапшы қызметін атқарып жүрмін. Мұндай тәжірибелер мамандарды шыңдап, өз саласының қыры-сырын біле түсуіне зор мүмкіндік береді.
Осындай үлкен тәжірибенің бірі әріптестеріммен бірге 2023 жылы «Алматы қаласының білім беру жүйесін дамытудағы 2023-2030 жылдарға арналған өңірлік жол картасы» негізінде Германия елінде тағылымдамадан өткенім болды. Германия – автокөлік өндірісі мен инженерия саласында көшбасшы елдердің бірі. Бұл елдегі техникалық білім беру жүйесі теория мен практиканы ұштастыра отырып, болашақ мамандардың жоғары деңгейде даярлануына басымдық береді.
Бұл сапарымызда біз заманауи автокөлік технологиялары мен қызмет көрсету стандарттарын меңгеріп, шет елдік тәжірибені зерттеп, еуропалық стандартты Қазақстандағы техникалық білім беру жүйесіне енгізуге мүмкіндік алдық. Тағылымдама барысында жетекші автокөлік компанияларында тәжірибе жинақтап, автомобиль диагностикасы, жөндеу және техникалық қызмет көрсету әдістері бойынша білімімді жетілдірдім. Шетелдік сапардан оралған соң, қалалық деңгейде әріптестерімізге тәжірибемізді бөлісіп, колледжде оқыту процесіне жаңа әдістер енгізіп, заманауи автокөлік шеберханасын жабдықтауға ат салысудамыз.
Германиядағы іс-тәжірибемді әріптестерім Асгат Райхан, Бұлбұл Мунбаевамен бірге «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі инновациялар: сын тегеуріндер мен перспективалар» тақырыбындағы
халықаралық педагогикалық оқуларда қорғап шығып, жүлделі І орынға ие болдық. Бұл колледжіміз үшін де, өзіміз үшін де үлкен жетістік деп санаймын. Алдағы уақытта да, заманауи білімнің арқасында мақсаттарымызға қол жеткізіп, талай шыңдарды бағындыратынымызға сенімдімін!