Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) бүкіл әлем бойынша өлім-жітім себептері арасында жетекші орын алады. Бұл ауру жүрек бұлшықетінің (миокардтың) қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуына байланысты оттегі мен қоректік заттардың жеткіліксіз түсуінен дамиды. Оның негізгі себебі – коронарлық тамырлардың тарылуы.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Консультациялық-диагностикалық орталығының кардиолог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнар Удербаеваның айтуынша, негізгі себептердің бірі – коронарлық артериялардың әртүрлі дәрежедегі атеросклерозы. Сондай-ақ коронарлық артериялардың түйілуі және миокардтағы микроциркуляцияның бұзылуы да әсер етеді. ЖИА дамуына жоғары қан қысымы, холестерин деңгейінің жоғары болуы, қант диабеті, созылмалы бүйрек аурулары, сондай-ақ темекі шегу сияқты факторлар ықпал етеді.
"ЖИА негізгі белгісі – төс артындағы немесе жүрек тұсындағы қысып, жаншып ауырсыну. Аурудың созылмалы түрінде ауырсыну алдымен физикалық жүктеме кезінде пайда болып, уақыт өте келе оған төзімділік төмендейді. Ал жедел түрінде миокард инфаркті немесе инфаркт алдындағы жағдай дамуы мүмкін", – дейді дәрігер.
Ұстама кезінде науқаста келесі белгілер болуы мүмкін: кеуде тұсындағы ауырсыну немесе күйдіру сезімі, жауырын астында, арқада ауырсыну, кеудедегі ауырлық сезімі, жүректің «тоқтап қалғандай» сезімі, жүрек қағуы, ентігу, әлсіздік, жүрек айну, бас айналу, естен тану және тершеңдік.
Жүрек тұсындағы ауырсыну кейде физикалық жүктемеден кейін толық басылуы мүмкін. Ал миокард инфаркті немесе тұрақсыз стенокардия кезінде шағымдар тыныштықта пайда болып, ұзақ уақытқа (ондаған минуттардан бірнеше сағатқа дейін) созылады.
ЖИА баяу, жылдар бойы дамуы мүмкін. Кейбір науқастарда бұл ауру ешқандай белгісіз өтеді.
Жүрек қызметіндегі бұзылыстардың немесе ЖИА ауыр түрлерінің алдын алу үшін дәрігерге уақытында қаралып, тексеруден өту қажет.
"Қан тамырларының саулығын сақтау үшін қауіп факторларын жою маңызды: темекіден және алкогольден бас тарту, қан қысымын бақылау, «зиянды» холестерин деңгейін қалыпқа келтіру, ысталған, майлы, қуырылған және тұзды тағамдарды шектеу. Сонымен қатар белсенді өмір салтын ұстану қажет: орташа дене жүктемесі, емдік гимнастика, таңғы жаттығу, жаяу серуендеу, жүзу және би", – дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Консультациялық-диагностикалық орталығының кардиолог-дәрігері Гүлнар Удербаева.