Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының негізі. Қазақстанның дамуы мен өркендеуі тікелей кәсіби мамандарға байланысты. 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – бұл еңбек адамдарына, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне көрсетілген зор қолдау. Қазіргі заманда білікті жұмысшы – сұранысқа ие, тұрақты табысы бар және елдің дамуына тікелей үлес қосатын маман. Колледждер – болашақ мамандар ұстаханасы деуге болады, себебі дәл осы жұмысшы кадрларды дайындайтын білім беру орталықтары.
Мен Жұмамұратова Айдана жұмысшы мамандықтарды даярлайтын Алматы электрмеханика колледжінде арнайы пән оқытушысы ретінде, болашақ мамандарды тәрбиелеуге өз үлесімді қосып келемін. Колледжімізде жыл сайын 300-ден астам білім алушылар қоғамға қажетті біліктілікті меңгеріп шығуда, олар техник-электрик мен электр монтаждаушы мамандар. Колледждер тек білім беретін орын ғана емес, студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдап, заманауи технологияларды игеруіне мүмкіндік жасайтын орта.
Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес 2023 жылы колледж тарапынан Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы Festo оқу орталығында кәсіби біліктілігімді арттыру мақсатында халықаралық тағылымдамадан өттім. Бұл сапар барысында заманауи әдістемелерді меңгеріп, оқу процесінің құрылымы мен халықаралық деңгейдегі дайындық жүйесімен таныстым. Орталықтың жетекшісі Гонсало Мора бізге WorldSkills чемпионатының ұйымдастырылуы туралы жан-жақты ақпарат беріп, оқу шеберханаларын көрсетті.
Қазақстанға оралған соң, алған білімімді әріптестеріммен бөлісіп, эксперименталды топ ретінде ЭМ-315 алдым. Білім алушыларға жаңа технологиялар мен әдістерді үйретіп, кәсіби дағдыларын жетілдіруге атсалыстым. Білім алушылардың ынтасын арттыру мақсатында түрлі жарыстар мен байқаулар ұйымдастырып, олардың бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына үлес қостым. Осы еңбектің нәтижесінде, 2025 жылы Германияға тәжірибе алмасуға аттанған 20 білім алушының 12-сі менің эксперименталды тобымнан болды. Бұл – ортақ еңбегіміздің жемісі. Қазіргі уақытта шәкірттеріммен үнемі байланыстамын, Zoom арқылы кездесіп, тәжірибелерімен бөлісеміз. Олардың көздеріндегі жалын мен жаңа технологияларды үйренуге деген құштарлығы мен үшін ең үлкен шабыт.
Бұл жетістік 2025 жыл – Жұмысшы мамандық жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Өндірістік тәжірибені халықаралық деңгейде шыңдау – еліміздің білікті жұмысшы кадрларын даярлаудағы басты басымдықтарының бірі. Осындай мүмкіндікке жол ашқан колледж басшылығына, ата-аналарға алғыс білдіремін. Мен өз шәкірттерімнің білікті маман, өз ісінің шебері, сұранысқа ие кәсіп иесі болып қалыптасуына бар күшімді саламын.
Біз бүгін білім мен тәжірибе арқылы болашақтың іргетасын қалаудамыз!
Жұмамұратова А., педагог-сарапшы, арнайы пәндер оқытушысы