Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тартудың маңызын тағы бір мәрте нақтылап, Үкіметке жаңа міндеттер жүктеді. Президенттің айтуынша, қазір әлемде инвестиция үшін бәсеке күшейіп барады, сондықтан Қазақстанға жаңа инвестициялық кезеңге қадам басу қажет. Осы тұста қаржы, биржа, макроэкономика сарапшысы, экономист Айбар Олжай Президент Жолдауындағы тоқталу керек тармақтарды атап өтті. Аqshamnews.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.
"Енді әр инвестор өз жобаларын тезірек іске асырады деп сенеміз"
Айбар Олжайдың ойынша, Президенттің Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі тапсырмасы бұрыннан қордаланған мәселені шешуге жол ашады.
"Жолдау экономикадағы инвестицияның маңызын бәріне ұғынықты қылып тағы бір шегеледі. Президент ірі ғана емес, орта және шағын инвесторлармен де жұмыс істеу керегін айтты. Бұған дейін әкімдер ірі жобаларға көп қызығатын. Ал орта инвесторлар бюрократия торына түсіп, аймақтарға барса да, әкімдерге жолыға алмай жүретін. Енді нақты жоспар жасалып, Президенттің өзі сигнал берген соң, әр инвестор өз жобаларын тезірек іске асырады деп сенеміз", – дейді Олжай.
Жасанды интеллект – жаңа дәуірдің бастауы
Экономистің пікірінше, Жолдау Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын аңғартты. Бұл дәуір – адами факторды барынша азайтып, шешім қабылдау ісінде жасанды интеллектке сүйену дәуірі.
"Жолдау экономикада адами факторды аттап өтіп, жасанды интеллект шешімдеріне ауысатын кезеңді бастады. Бұл әсіресе рұқсат беру мен бақылау функцияларын бюрократиядан арылтуға мүмкіндік береді. Мысалы, суперкомпьютерге барлық заңдар мен ережелерді жүктеп, олардың артық әрі қайталанатын тұстарын алып таста деп тапсырсақ, ол бірнеше күнде бәрін реттеп береді", – деп атап өтті ол.
ЖИ-дің потенциалын пайдаланбасақ, өкініп отырмақпыз - Айбар Олжай
Айбар Олжай сонымен бірге елімізде цифрландырудың толық іске аспаған тұстарын сынға алды.
"Цифрландық деп жүрген елімізде кейбір келісім-шарттар, істелген жұмыс актілері әлі күнге дейін қағазбен жасалып, курьерді қинап қолмен тасылып жүргені ұят. Бұл Қаржы министрлігінің атына сын. Әлі де қағазға басылатын мыңдаған отчет бар. Оларды тасып жүрген, кабинеттерге қораппен жинаумен айналысатын мыңдаған қызметкер бар. Жеке тұлғалар мәселесі тез цифрланса да, заңды тұлғалар мен мемлекеттік аппаратқа келгенде біздің цифрландыру батпаққа батып қалды", – дейді қаржыгер.
Айбар Олжайдың пікірінше, Президент Тоқаевтың Жолдауы Қазақстанды жаңа инвестициялық кезеңге бастап, жасанды интеллектіні енгізудің нақты жолын көрсетті.
"Президент ЖИ-дің орасан әлеуетін жақсы түсініп отыр. Себебі ЖИ-дің орасан потенциалын қазір пайдаланбасақ, ертең көштен қалып өкініп отырмақпыз. Сол жолдауды Парламент қабырғасында офлайн тыңдаған біраз адамның көзінде "Жасанды интеллект. Ол не және қалай болады?" деген сұрақ байқалды. Көбі Президент айтып отырған потенциалды әлі түсініп үлгермеген сияқты. Бірақ ең биік мінберден айтылғаннан кейін, енді Қазақстанды тоқтату қиын болады", – деп түйіндеді Олжай.