Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева «Бюджетке қатысу» бағдарламасының орындалуы туралы айтты. Бағдарламаның арқасында кез келген аудан тұрғыны ауланы, көшені немесе алаңды абаттандыру бойынша өз жобасын ұсына алады. Барлығы 18 жобаны жүзеге асыруға 785 млн қарастырылған деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
Гүлнар Көкебаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында айтқандай, алдын ала әркім қалалық ортаны дамыту бойынша өз идеясын ұсына алады. Негізінде аулаларды жөндеу мен қайта жаңарту бойынша ұсыныстар болды.
«Аудан тұрғындары аумақты абаттандыруды қалайды, оны жаяу жүруге де, көліктердің өтуіне де ыңғайлы етіп жасағысы келді. «Бюджетке қатысу» аясында ауланы жаңартуға мүмкіндік болғаны жақсы, себебі тұрғындар барлық жұмыстарға қомақты қаражат жинай алмайтын еді. Әрине, жөндеуден кейін тұрғындардың негізгі міндеті – ауланы күту, абаттандырудың жылдар бойы қызмет жасауын қамтамасыз ету», - дейді Гүлнар Көкебаева.
Жетісу ауданының әкімі «Бюджетке қатысу» жобасы аясында Айнабұлақ және Құлагер шағынаудандарының 101 ауласында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын және олардың 90 пайызға орындалғанын хабарлады. Біз қазірдің өзінде Айнабұлақ-3 шағынауданында, Палладин, Омаров көшелерінің, Сейфуллин, Назарбаев даңғылдарының бойында және Құлагер шағынауданында алты сквер салдық. Алты зираттың аумағы да ретке келтірілді, жолдар асфальтталды және апатты ағаштарды кесу мен санитарлық кесу жұмыстары жүргізілді.
«Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында биыл Көкжиек шағынауданында жекпе-жек спорт орталығының құрылысы аяқталды және Көкмайыс шағынауданындағы Есентай өзенінің бойында саябақтың жағалау аймағының құрылысы басталды. Жағалаудың жалпы ауданы 16 га, оның ішінде жасыл желектердің ауданы 7000 шаршы метрден асады, ал ғимараттың ауданы шамамен 500 шаршы метрді құрайды. Құрылысты 2022 жылдың ақпанында аяқтау жоспарланған.
Г. Көкебаеваның айтуынша, Жетісу ауданында көп қабатты үйлердің қасбеттерін ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасты. Мысалы, Құлагер шағынауданында 18 көп қабатты үйдің келбеті бірден өзгереді. Ал үш үйдің қабырғаларына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жетісу өңірінің 85 жылдығына арналған муралдар салынды.
Сонымен қатар, аудан тұрғындарының көптеген өтініштері бойынша жеке секторда: Лобачевский, Самырсын, Галилей, Жидебай, Еламан, Рысқұлов, Шелихов, Борзов, Таймырский, Мочалов көшелерінде ойын алаңдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстар ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталады.