Келесі аптадан бастап 4 пайыздық автонесие бойынша электронды кезек енгізіледі.
Осыған байланысты Almaty-akshamy.kz жеңілдетілген автонесиеге қатысты 10 маңызды сұрақтың жауабын ұсынады.
Кезекке ілінген адам салонға барып, көлік таңдай береді. Одан кейін банкке құжат апару қажет. Дәл осындай тәртіппен алдағы 30 жыл бойы бағдарламаның қаржысы айналып, 70 мыңнан астам адамға автокредит беріледі.
Электронды кезек қашан және қай жерде ашылады?
Электронды кезекке арналған autonesie.kz сайты жасалды. Портал өтінім қабылдау үшін 6 ақпан күні сағат 10:00-де ашылады. Оған компьютер арқылы кіру керек. Әрбір адам өзінің электронды цифрлық қолтаңбасын қолданады. Сондықтан компьютерде NCALayer бағдарламасы болуы қажет.
Өтінімнің жауабын ұзақ күтеміз бе?
Жауабы тез келуі керек. Cайтқа кіргеннен кейін «Өтінім беру» батырмасын басып, электронды цифрлық қолтаңбаны қолданасыз. Сол кезде адамның аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі автоматты түрде шығады. Одан кейін тек телефон нөмірі мен автоөндірушіні ғана енгізу керек. Соңында өтінімді цифрлық қолтаңбамен рәсімдеп, жібере саласыз. Сайтта өтінімнің мақұлданғаны да көрсетіледі. «Сіз сәтті тіркелдіңіз» деген жазу шығады. Жеке кабинетке хабарлама келеді.
Өтінімде көліктің моделін көрсетуге бола ма?
Өтінімде тек автоөндірушіні ғана көрсету керек. Ол жерде екі кәсіпорын болады. Біріншісі – «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, екіншісі - Hyundai Auto Trans. Өзіңізге ұнайтын көлікті шығаратын кәсіпорынды белгілейсіз. Ал салонға барғасын модельді таңдайсыз. Айта кетерлік жайт, автоөндірушіні белгілеп, өтінімді жібергеннен кейін оны ауыстыруға болмайды.
Салонға қай кезде бару керек?
Өтінім мақұлданғаннан кейін салонға барып, көліктің моделін таңдауға болады. Сатылымда болса, төлем есепшоты беріледі. Онымен банкке барасыз. Сол жерде төлем қабілеттілігі тексеріледі. Бәрі расталса, кепілхат беріледі. Оны автосалонға апару керек. Көлікті рәсімдеу шараларын 6 күннің ішінде аяқтау керек.
6 күннің ішінде көлікті салоннан шығарып алу керек пе?
Жоқ, 6 күн құжат рәсімдеуге беріледі. Салонда сіз таңдаған модель бар болса, бірден сатып алуға болады. Болмаған жағдайда, көліктерді жеткізу жоспарын сұрау керек. Егер қажетті көлік алдағы екі айлық жоспарда тұрса, автоөндіруші оны 60 күннің ішінде жеткізіп беруге міндетті. Жоспарда болмаса, басқа модельді таңдауға тура келеді.
Өтінімді қабылдау лимиті бар ма?
Иә, келесі айда тек 761 өтінім ғана қабылданады. Себебі револьверлік айналыммен, яғни, бұған дейін берілген автонесиелерден 7,6 миллиард теңге түсті. Бұның барлығы - банктерге ай сайын аударылатын төлемдер. Ал бағдарлама шартына сәйкес, автокредиттен түскен қаржы қайтадан жеңілдетілген несиеге жұмсалуы қажет. 4 пайыздық кредиттің шекті сомасы – 10 миллион теңге. Демек, келесі айда 7,6 миллиард теңге 761 адамға автокредит беруге жетеді. Өтінім саны осы көрсеткішке жеткен бойда портал жабылады.
Келесі айда да өтінім беруге бола ма?
Наурыз айында тағы өтінім қабылданады. Бірақ ол кезде 100 адам ғана өтініш жібере алады. Себебі бір айдың ішінде айналым қаражаттың көлемі көп болмайды. Жалпы, дәл осындай тәртіппен алдағы 30 жыл бойы бағдарламаның қаржысы айналып тұрады деген жоспар бар. Осы уақыттың ішінде 70 мыңнан астам адамға жеңілдетілген автонесие беріледі.
Ақпанда төлем қабілеттілігінен растай алмағандардың орны қай кезде босайды?
Ақпан айында біреудің өтінімі мақұлданып, артынан банктен өте алмаса, оның орны тек бір айдан кейін ғана босайды. Себебі 761 адамнан тұратын пул жасақталады, ал портал келесі айға дейін жабық тұрады. Сондықтан мамандар өтінім берердің алдында автокредитті төлеуге шамаңыз жете ме, жоқ па, осы мәселені алдын ала пысықтап алуға кеңес беріп отыр. Әйтпесе, біреудің кезегін ұстап тұрасыз.
Портал өтінімді қабылдамауы мүмкін бе?
Порталдың өзі өтінімді кері қайтаруы мүмкін. Біріншіден, адам осы бағдарлама бойынша бұрын көлік алса, өтінім қабылданбайды. Бір адам өтінімді екінші рет жіберсе, сондай-ақ, бір айлық пул толып кеткен жағдайда өтінім кері қайтарылады. Электронды кезекке тек келесі айда ғана тұруға мүмкіндік болады.
Автосалондарда жасалған бұрынғы кезек санала ма?
Жоқ. Барлығы жаңа портал арқылы жасалады. Ал автосалондар да, банктер де келген адамның autonesie.kz сайтында тіркелген-тіркелмегенін тексеріп отырады.
Бағдарлама шарттары бұрынғыдай. Шекті сома – 10 миллион теңге. Егер көліктің бағасы одан қымбат болса, несие алушы өз қалтасынан қосады. Автокредиттің мерзімі – 7 жыл, алғашқы жарнасыз.