«Дiни алауыздық» деген ұғым қазақ даласында күнi кешеге дейiн болмаған. Өкiнiшке қарай, соңғы жылдарда асыл дiнiмiздi жеккөрiнiштi етiп көрсететiндер жан-жақтан бой көтере бастады. Күні кешеге дейiн бар қазақ бiр дiндi, бiр мәзһабты ұстанып келдi. Сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болған. Ендi бүгiн әлемде түрлi мүдделер – жат пиғылды ағымдар көбейіп, дiнiмiзге әртүрлі жаман атаулар таңылуда. Жат ниетті ағым қарапайым халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында қаншама айла-шарғыларын жасаумен әлек. Хақ исламның атын жамылған ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта қызмет жасауда. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Ханафи мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндердің әрекеті байқалады. Ал, сондай теріс ниетті ағымдардың шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай дал. Жат ағым өкілдері қарапайым халықты қалай алдап-арбайды? Оның басты деген амал-тәсілдері қандай екеніне тоқтала кетейік.
- Кез келген «діни ағым» топқа жаңа қосылған адамды, ең алдымен психологиялық қысымға алады. Өздерінен басқаның бәрін адасқан санатына қойып, санасын улайды.
- Өз орталарына ерекше бір қамқорлыққа алғандай сыңай танытып, шынайы бір жанашырындай көрінеді. Үнемі оған көңіл бөледі, бұл нәрсе «ағымға жаңа қосылған адамның» жанына жағымды болады. Осыдан, діни түсінігі таяз, алданған адам, діні мен дәстүріне қарсы шығып, өз Отанына, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортасына деген өшпенділікті оятады.
- Дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, қоғамнан бөлектене бастайды. Өз араларындағы «ұстазға» тәуелді болып қалады. Демек, осыдан кейін «періште ұстаздан» өзге жанның сөзін құлаққа ілу, осыған дейінгі уақытта өмір сүрген ортаның салтымен санасудың қажеттілігі көрінбей кетеді.
- Адамның ойлау қабілетін тежейтін тәсілдерді қолданады. Мәселен, «шектеулі болған ұстаздардың» бір сарынды уағызын ғана тыңдату. Бұл адам психологиясын тәуелділікке әкеліп соқтырады. «Тыңдарман» өзінің бұрынғы отбасынан алған тәлім-тәрбие, қадір-қасиеттерін бір сәтте жоққа шығарып, өзі түскен ағымға ұнамды бейнені қабылдап алады. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық.
Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білім алып не бір діни мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы «дін мамандарынан» кеңес сұрағанымыз абзал. Әсіресе, ата-аналар балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат ашуға кеңес бергені жөн дер едім. Егер ата-ана балаға имандылық тақырыбында дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсете алмаса, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін.