2024 жылы Қазақстанда жастармен жұмыс істеудің басты бағыты ретінде «Адал азамат» тұжырымдамасы айқындалды. Мемлекет басшысы бұл бағытты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында атап көрсетіп, жастарды адалдық, әділдік, және еңбекқорлық сияқты құндылықтармен тәрбиелеу керектігін жеткізді. Бұл тұжырымдама еліміздің болашағы болатын жастардың қоғамдық өмірде белсенділігін арттыруға, әлеуметтік жауапкершілікті мойындауға және еліміздің дамуына оң ықпал етуге бағытталған. Осылайша, жастар арасында адалдықты, әділдікті және еңбекқорлықты насихаттау маңызды міндет болып саналды. Бұл туралы aqshamnews.kz хабарлайды.
Жастарды жұмыспен қамту
Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясатының басты бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту мәселесі. 2024 жылы елімізде 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Бұл бағытта бірнеше аймақтарда арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып, жастардың еңбек нарығына кірігуіне көмектесуге бағытталған ауқымды шаралар атқарылды.
Мәселен, Астана қаласында «Jol Tap» бағдарламасы аясында 3,9 мың адам оқудан өтті. Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында «Jumys Tap» бағдарламасы жүзеге асырылып, 10 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар Алматы қаласында «Jobfair365» онлайн платформасы жұмыс істеп, оның көмегімен 2,5 мың жас маман жұмысқа орналасты. Астана қаласында «Jol Tap» жобасы аясында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 19,5 мың адамға кеңес берілді. Оның ішінде 3,9 мың адам әртүрлі мамандықтар бойынша оқыту курстарына қатысты.
Жастарға білім беру және кәсіби бағдар беру
Жастар ресурстық орталықтары 2024 жылы еліміздің түрлі аймақтарында кәсіптік бағдар беру мақсатында 500-ден астам бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды. Бұл іс-шараларда 1 миллионнан астам адам заңгерлік, психологиялық, кәсіптік бағдар және басқа да бағыттар бойынша кеңес алды. NEET (білімі жоқ және жұмыс істемейтін) санатындағы жастарға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанда бұл санатқа жататын 160 мыңнан астам жас бар. Оларға «Zhas project» бағдарламасы аясында 280 грант бөлінді. Әр гранттың мөлшері 1 миллион теңгені құрады.
Маусымдық жұмыстар мен «Жасыл ел» жобасы
Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» жобасы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға арналған. Бұл бағдарлама аясында соңғы үш жылда 100 мыңнан астам жас еңбекке тартылды. Бұл жұмыс орындарының 30 мыңнан астамы ауыл жастарына арналған. «Жасыл ел» жобасы жастардың жазғы демалысын тиімді өткізіп, өз-өзін дамытуға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй мәселесін шешу
Қазақстанда жастарға тұрғын үй мәселесін шешу бойынша жүйелі қолдау көрсетілуде. 2017 жылдан бастап, мемлекеттік бағдарламалар аясында 7 200-ден астам жас қазақстандық баспанаға ие болды. Бұдан басқа, «Отбасы банк» және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, елдің 16 өңірінде жастарға арналған ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Бұл бағдарламалар арқылы 35 жасқа дейінгі кез келген Қазақстан азаматы тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіндік алды. Бағдарламаның шарттары бойынша бастапқы жарна 10% құрайды, ал пайыздық мөлшерлемесі 5%-дан басталады және несие 19 жылға дейін беріледі.
«Президенттік жастар кадрлық резерві»
Қазақстанда жастардың кәсіби дамуына және кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған «Президенттік жастар кадрлық резерві» жобасы да үлкен маңызға ие. 2019 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан бұл жоба жастарға мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда басшылық лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігін береді. 2024 жылы алғаш рет аймақтық кадрлық резервке іріктеу жүргізілді. Оған республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары қатысып, 505 адам резервке қабылданды. Бұл адамдар екі жыл бойы резервте тұрып, мемлекеттік органдардың келісімімен басшылық лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
Гранттар мен сыйақылар
Қазақстанның жастарға арналған арнайы гранттық бағдарламалары да бар. 2024 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында 30 жасқа дейінгі жастарға 90 млн. теңге көлемінде гранттар табысталды. Жобаның алты бағыты бойынша гранттар бөлінді, олар ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес және волонтерлік салаларын қамтыды. Сонымен қатар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының көлемі 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Стартаптар мен инновациялар
Стартаптар мен инновациялық бастамаларды қолдау жастарды кәсіпкерлікке ынталандырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың өсуіне ықпал етеді. Жастарға арналған гранттар мен жобалар кәсіптік бағдар берумен қатар, жаңа инновациялық идеяларды жүзеге асыруға да мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Қазақстанның көпвекторлы жастар саясаты жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және еліміздің дамуына үлес қосуына ықпал етеді. Мемлекет жас ұрпақты қолдау шараларын түрлі бағыттарда жүзеге асырып, оларды еңбек нарығына және қоғамның маңызды салаларына тартуға күш салып отыр.