Алматыда алғаш рет City Makers: Jastar qalasy ауқымды қалалық қауымдастықтар фестивалі өтті. Ашық аспан астындағы бірегей іс-шараға 7 000-нан астам көрермен жиналды. Сонымен қатар, 107 қауымдастық пен 50-ден астам жұмыс беруші қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарына бастамасы мен әлеуметтік жобасын ұсынды. Жоба Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асты.
City Makers – жастардың бастамасын қолдауға, шығармашылықты және салауатты өмір салтын насихаттауға және жастар қауымдастықтарының бірігуіне бағытталған жаңа форматтағы алаң. Мұнда қауымдастықтар, мәдени бастамалар және қаладағы түрлі орталықтар бас қосып, тәжірибе алмасып, жаңа серіктестік байланыс орнатты. Қатысушылар үшін бұл тек көрме емес, сонымен бірге жан-жақты нетворкинг алаңына айналды. Фестивальге келген жастар өздеріне ұнаған бағыт бойынша қауымдастықтарға жазылып, алдағы уақытта белсенді мүшесі болуға ниет білдірді.
«Біз бүгінгі іс-шара арқылы қаламыздағы ең белсенді қауымдастықтарды бір ортаға жинап, қала тұрғындарына таныстыруды мақсат еттік. Бұл Алматы жастарының әлеуетін ашып, олардың қоғамға қосып жатқан үлесін кеңінен дәріптеуге арналған ерекше бастама. Осындай жобалар арқылы азаматтық жауапкершілігі жоғары, шығармашыл әрі белсенді буын қалыптасады», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Фестиваль бағдарламасы да ерекше болды. Қонақтар «Қамқорлық даңғылы», «Тәртіп даңғылы», «Эко Town», «Шығармашылық шағын ауданы» сынды арнайы аймақтарды аралап, театрландырылған және музыкалық қойылымдарды тамашалады. Сонымен қатар, шеберлік дәрістеріне қатысып, пікірталас алаңдарында өзекті мәселелерді талқылап, спорттық ойындарға қатысты. Әлеуметтік және экологиялық жобалардың тұсаукесерлері көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Фестиваль жастарды әлеуметтендірудің тың құралы ретінде де бағаланды. Әсіресе, аймақтардан Алматыға келген студенттер қала өміріне бейімделіп, қызығушылықтарына сәйкес қауымдастық тауып, жаңа ортаға тез сіңісу мүмкіндігіне ие болды. Бұл бастама олардың белсенділігін арттырып қана қоймай, үлкен мегаполистегі өмірге сенімді қадам басуына жол ашты.
«Мен Алматыға енді ғана келдім. Бүгін өзіме қызық бірнеше қауымдастық тауып, жазылып қойдым. Осындай іс-шараны ұйымдастырғандарға ерекше алғыс білдіремін», – деді фестивальге қатысқан бірінші курс студенті Айдана Сейітова.
City Makers: Jastar qalasy фестивалі алматылық жастардың жігері мен шығармашылық әлеуетін, олардың қала өміріне белсенді қатысып, қоғамның дамуына үлес қосуға деген талпынысын көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта фестиваль ауқымын кеңейтіп, жалғасын табады.