2026 жылы Наурызбай ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 35 жоба жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Олардың қатарында қоғамдық кеңістіктер құру, балалар және спорт алаңдарын орнату, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар мен сыртқы жарықтандыру желілерін салу, аумақтарды көгалдандыру және арық жүйелерін жөндеу жұмыстары бар.
Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімі Назира Тогизбаева Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Бағдарлама аясындағы жұмыстар 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында Шұғыла шағын ауданында жалпы ұзындығы 1,5 шақырым болатын 3 жаяу жүргіншілер аймағы салынды. Қалқаман шағынауданында аумағы 0,5 гектар сквер абаттандырылды. Сонымен қатар мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатр салынып, балалар және футбол алаңдары қайта жаңғыртылды.
Жобалар мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылуда:
* қоғамдық кеңістіктер мен алаңдар салу – 6 жоба;
* сыртқы жарықтандыру желілерін салу – 5 жоба;
* тротуарлар салу – 5 жоба;
* асфальт төсеу және автотұрақ орындарын абаттандыру – 2 жоба;
* жаяу жүргіншілер аймақтарын абаттандыру – 7 жоба;
* тік көгалдандыру – 5 жоба;
* жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін көгалдандыру – 3 жоба;
* автоматтандырылған суару жүйелерін орнату – 2 жоба.
Сонымен қатар демеушілердің есебінен Рахат шағын ауданындағы Жекембаев атындағы ҚазҒЗИЗиКР-дің алдында орналасқан саябақ абаттандыып, Әшімов көшесі кешенді түрде көгалдандырылып, абаттанды, Шұғыла шағын ауданында да субұрқақ салынды.