Алматының Жетісу ауданында «Халық қатысатын бюджет – 2026» бағдарламасы аясында Чаплыгин көшесіндегі №1, 1/1 және 1/2 үйлердің ауласы көркейтілді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Жетісу ауданы әкімдігінің өкілдері айтты.
Аулаға футбол алаңы салынды. Енді мұнда жас футболшылар жаттығып, шеберлігін шыңдай алады.
«Бала кезімнен футболшы болуды және Дастан Сәтпаев сияқты биік мақсаттарға жетуді армандаймын. Бұрын мұнда футбол алаңы жоқ еді, қазір бар. Осында жаттығып, футболдағы шеберлігімізді шыңдап жүрміз», – деді аула тұрғыны.
Футбол алаңынан бөлек, екі балалар ойын алаңы мен воркаут аймағы жасалды. Спортпен айналысуға арналған ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары мен теннис үстелі орнатылды.
Аула ішіндегі жолдар жөнделіп, жүргінші жолдарына брусчатка төселді. Балалар алаңдары қауіпсіз жұмсақ резеңке жабынмен қапталды.
Көгалдандырылған аумақтың көлемі 1,7 мың шаршы метрден асады. Көгалды күтіп ұстау үшін автоматты суару жүйесі қарастырылған.
Жалпы, Жетісу ауданында «Халық қатысатын бюджет – 2026» бағдарламасы аясында 25 аумақта жоба жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін жеті аула аумағы мен 18 қоғамдық кеңістікті жаңарту жоспарланған.