ffin.kz

ЖАСАМПАЗДЫҚ  ЖОЛЫ:  ОТЫЗ   ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ  СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ  ЖОЛЫ:  ОТЫЗ   ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ  СӘТІ almaty-akshamy.kz

«Тұғыры мығым, мәртебесі биік Тәуелсіз Қазақстанды біз бәріміз бірге жасадық».


                                                                       Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.


 


Мемлекет басшысының  шешімімен   2021 жыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30  жылдығының жылы деп жарияланды. Мерекенің басты тұжырымдамасы да айқындалды – «Жасампаздыққа толы жылдар».


    –  Биылғы жыл біз үшін шешуші жыл. Бұл жыл біздің Отанымыздың тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтпек,- деп тұжырымдаған Қасым-Жомарт Тоқаев отыз жылдықтың мәнін халыққа түсіндірудің, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізудің  маңыздылығына  айырықша тоқталған еді. Жасампаздық идеясы кеңінен дәріптелуі қажет!  


Мақсат – Президент аманаттағандай, соңғы  30 жылдың негізгі оқиғалары мен ресми құжаттарына қайта үңіліп,  жан-жақты зерделеу арқылы  жасампаздық идеясын дәріптеу.  Сол арқылы оқырмандарымызды  Мәңгілік ел  идеясының, еліміздегі ұлтаралық жарастықтың негізгі ұйтқысы болып отырған атамекен иесі – қазақ халқының тарихи рөлінің танымдық-тағылымдық сырларына қанықтыру.


Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған  жобамызда осы отыз  жыл  ішіндегі ел тынысын, әр кезеңдегі саяси үрдістер мен қиын да тартысты құбылыстарды хатталған ресми құжаттар, цифрлар мен фактілер  тілінде баяндамақпыз.


Бұл – боямасыз өмір.


Бұл – жаңа мен ескінің, тәуелсіздік пен тоталитарлық жүйенің күресі. Әрине, әркім өз пікірінің, өз көзқарасының  егесі. Бәлкім  кейбір деректер  мен оқиғалар  даулы пікірлер тудыруы да мүмкін. Біздің міндетіміз – отыз жылдың тылсым сырлары мен жеңісті сәттерін, тарихи тағылымдарын  қаз-қалпында еске түсіру, бүгінгі ұрпаққа  азаттықтың, «жаңа  қазақстандық жолдың»  қадір-қасиетін ұқтыру.



 Азаттықтың  алғышарттары


Бүкіл дүниежүзін дүр сілкіндірген, Кеңестер Одағы атты алып тоталитарлық империяның тамырына балта шапқан 1986 жылғы әйгілі Желтоқсаннан  кейінгі  бес жыл –  жаңа дәуір алдындағы  үміттер мен күдіктер, батыл шешімдер мен нық сенімдер заманы болды.  Қоғамдық сана әдеттегі  «орталықшыл» стереотиптерден арылып, жаңаша ойлау жүйесі қалыптасты. Әлемдегі екі алпауыт мемлекеттің бірі саналатын  Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы күйрей бастаған 1990-1991 жылдар аясында сол Одақ сапындағы одақтас республикалар сияқты Қазақ елі де еркіндікке, демократияға ұмтылып, өз тарихи таңдауын жасау жолына алғаш қадам жасай бастаған еді.


Тоқсаныншы жылдың сәуірінен 1991 жылдың желтоқсан айына дейін елімізде Президенттік басқару формасының «институционалдық» жолы жасақталды. Осы кезеңде жергілікті билік Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін өз азаттығының алғышарттарын жасауға қамданды.


1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің отырысында Қазақ КСР Президенті лауазымы бекітіліп,  бұл қызметке Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.


Тоқсаныншы жылдың басты оқиғасы – 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды.


Декларацияға сәйкес, Қазақстан халқы еге­мен­ елдің бiрден-бiр иесi және мемлекет­тiк үкiмет билiгiнiң негiзi атанса, Президент републиканың басшысы ретінде ең жоғары әкiмшiлiк-атқарушы билiкке ие болады. Дегенмен, Егемендік  туралы декларация жарияланғанымен, толыққанды Тәуелсіздік туралы шешім қабылданғанға дейін елімізді кеңестік империяның сарқыншақтарымен әлі  жиырма бір ай тартысты оқиғалы кезең күтіп тұр еді.


Қалай десек те,  Қазақ КСР-інің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация жаңа  заманға – тәуелсіз елдің жарқын болашағына жол ашты. 1991 жылдың көктемінде Кеңестік Одақ пен егемендігін жаңадан жариялаған республикалар арасында өзара  қарым-қатынастарды жаңаша айқындау, реттеу, қалыптастыру  мәселелері тұрды. Тарихта бұл кез «Егеменділер шеруі» деген атқа ие болған еді.


1991. ТӘУЕЛСІЗДІК  ШЕЖІРЕСІ. ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ


23  сәуір, 1991 жыл.


Сәуір-маусым  айларында  Мәскеу түбіндегі Ново-Огарево резиденциясында одақтас республика басшыларының бірнеше басқосулары өтті. РКФСР, Украина, Қазақстан, Белоруссия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшылары кездесіп, нәтижесінде «9+1» (бұл жерде: 9 -  тоғыз одақтас республика , 1- КСРО Президенті) деп аталатын жаңа Шарт дайындалып, «Елдегі жағдайды тұрақтандыруға шұғыл шара қолдану және дағдарысты еңсеру туралы» мәлімдемеге қол қойылды. Құжатта мемлекеттердің егемендік алуына алғышарттар ойластырылған еді. Республика басшылары өз ұстанымдарын күшейтуге тырысты. Әсіресе, Б. Ельцин Одақ ыдырауының бұл сәтін тиімді пайдаланып қалуға ұмтылды. Оған келіспеген М.Горбачев өздігінен Одақтық шарттың жаңа баламасын ұсынды. Осылайша  мүдделер қарама-қайшылығы жүріп жатты.


 30 мамыр, 1991 жыл.


Алматыда КОКП ОК бірінші хатшысы  М.Горбачевтің қатысуымен республикалық активтің жиналысы өтті. Онда сөз сөйлеген Н.Назарбаев Орталықтың бұйрығы бойынша республикада елді тек шикізат ошағына айналдыратын өндіріс салалары ғана дамытылып келгенін айтып, Одақ жүргізіп келген тағылық саясаттың  тоталитарлық «жемісі» – Арал трагедиясы мен Семейдегі ядролық сынақ алаңының кесірінен болып жатқан экологиялық зардаптарға тоқталды.   Шығарылатын өнімнің бір бөлігін қазақстандық өндіріс орындарының өздерінде қалдыру қажеттігін, оларға өнімдерін экспортқа шығару лицензиясын беру құқығын талап етті.


 Расында да, егемендігін  жариялаған Қазақ Еліне саяси, экономикалық, экологиялық сипаттағы көптеген түйткілді мәселелер «мұраға» қалды. Солардың бірегейі - Арал тағдыры. Біріккен Ұлттар Ұйымы Аралды «экологиялық апат аймағы» деп жариялады.


 29 маусым, 1991 жыл.


Михаил Горбачевтің, Нұрсұлтан Назарбаевтың, Борис Ельциннің үшжақты  кездесуі өтті. Онда жаңа Одақтық Шарт талқыланып, оған қол қою рәсімі  тамыздың 20-ына белгіленді. Осы кездесудің мазмұны мен қорытындысы, Борис Ельцин кейінірек мәлімдегендей, 1991 жылғы  «Тамыз бүлігіне» себепкер болды.



КЕРЕК ДЕРЕК


1991 жылдың 19-21 тамызында тарихта «тамыз бүлігі» деген атпен қалған сұрапыл күндерде бүлікшілер тобы КСРО-дағы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет дегенді құрып, елдегі билікті  қолға алып, мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырды. Олар Одақ құрамындағы республикалардың бөлініп, өз алдына дербес отау құруымен келіскісі келмеді, қалыптасқан тоталитарлық жүйенің құлдырауына жол бермей, оны сақтап қалғысы келді. 1991 жылғы 20-тамызға белгіленген «Егемен мемлекеттер Одағы туралы» Келісімге қол қою рәсімін болдырмауды мақсат етті.  


Бір жағы Ельцин-Назарбаев  бастаған саясаткерлердің тарапынан, екінші жағы жұмыла көтерілген ресей халқының жан-жақты қысымына тап болған бүлікшілер көп кешікпей мәмілеге келді. Олардың мемлекеттік төңкеріс әрекеті ауыздықталып, ТЖМК-ні ұйымдастырушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жаңа Одақтық келісімге қол қою қарсаңында орын алған бұл оқиға  коммунистік партияның беделін түсіріп, онсыз да ыдырап тұрған КСРО-ның құлауын тездетті.



 29  тамыз, 1991 жыл


Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаев тамыз айында Семей ядролық полигонына сапарынан оралған бойда Парламенттің арнайы сессиясы өтіп, онда Семей полигонын жабу мәселесі қызу талқыға түсті. Сессияда Президент полигонды жабу туралы мәлімдеме жасады. Нәтижесінде Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы №409 Жарлыққа қол қойылды.


 Қазақстан мұндай қару түрлерін өндіретін және сынайтын әлемдегі төртінші арсенал деген қаһарлы дәрежеден өз еркімен бас тартқан бірінші мемлекет болды. АҚШ, Ресей, Англия, Франция, Қытай сияқты ядролық державалар  Қазақстан тәуелсіздігіне қарсы күш қолданбайтындықтарына, сондай-ақ Қазақстанға экономикалық қысым көрсетпейтіндіктеріне кепілдік берді.



Біздің дәйектеме:



  • 1947 жылы  тамыз  айында   КСРО  Министрлер  Кеңесінің шешімімен «№2-ші оқу полигоны» деген шартты аты бар Атом полигонын құру туралы қаулы қабылданды.

  • Полигон құрылысын жүргізу мақсатында Семей қаласының батысына қарай ірі елді мекендерден шалғайлау, оңтүстігі, батысы, солтүстігі шағын биік таулармен қоршалған 140 шақырым жер таңдап алынды. Әуежай, теміржол, Ертіс арқылы су көлігі жасақталды.

  • Полигонда сынақтар 40 жыл бойы жүргізіліп келді.

  • Семей ядролық сынақ полигоны Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумақтарында орналасқан, 18,5 мың шаршы шақырым алаңды алып жатыр.

  • Алғашқы құпиясыздандырылған мәліметтерге сүйенсек,тұңғыш  ядролық сынақ 1949 жылы 29 тамызда жасалған.

  • 1951 жылғы 18 қазанда бірінші кеңестік авиациялық атом бомбасы самолеттен тастау арқылы сынақтан өткізілді.

  • 1953 жылғы 12 тамызда полигонда қуаттылығы 500 килотонна болатын әлемде тұңғыш рет алғашқы сутегі бомбасы сынақтан өтті.

  • Сол 1953 жылы термоядролық құрылғы, ал 1955 жылғы 22 қарашада Сахаров ойлап тапқан бомба сынақтан өткізілді.

  • 1949-1989 жылдары полигон аумағында барлығы 468 ядролық жарылыс жасалған.

  • Жарылыстардың 125-і атмосфералық (26-жерүсті, 91-әуеде, 8-биіктікте), 343-і жерасты жарылыстар.

  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының дерегіне жүгінсек, атмосфера мен жер астында (тұрғылықты жерлерде) сыналған ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросима қаласына тасталған бомба қуатынан 2,5 мың есе көп...


7 қыркүйек, 1991 жыл.


Қазақстан Компартиясының кезектен тыс төтенше съезі өтіп, онда Қазақ КСР Коммунистік партиясының Орталық Комитеті таратылды.


 2 қазан, 1991 жыл.


Байқоңыр ғарыш айлағы. Тұңғыш қазақ ғарышкері  Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанды.



Біздің анықтама:  Тоқтар Әубәкіров - сынақшы ұшқыш ретінде 15 жылда  50-ден астам ұшақты игерген маман. Одақта  дыбыстан жылдам МиГ-29 әскери ұшағын «Тбилиси» ауыр крейсерінің палубасынан тұңғыш әуеге көтерген де Тоқтар Әубәкіров. Оның бұл ерлігі Гиннестің рекордтар кітабына енген.



25 қазан, 1991 жыл.


Президент Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс қомитеті құрылды.


1 желтоқсан, 1991 жыл. 


Қазақ КСР Президентінің бүкілхалықтық сайлауы өтті. Сайлауға он миллиондай қазақстандықтар қатысты. Ел үшін күрделі де қиын заманда бүкіл Қазақстан халқы өзінің таңдауын айтып, қалауын білдірді: Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Президенті болып сайланды. Дауыс бергендер санының көрсеткіші  – 98,78 пайыз.


 8-9 желтоқсан, 1991 жыл. 


     Беловежье келісіміне қол қою үшін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Борис Ельцин, Украина Президенті Л.Кравчук және Беларусь Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы С.Шушкевич бас қосты.Бұл КСРО атты мем­лекеттің тарих сахнасынан біржола  жойылуының бас­тауы болған құжат еді.



КЕРЕК ДЕРЕК:  


Ресей басшысы Б.Ельцин, Украина басшысы Л. Кравчук, Белоруссия басшысы С.Шушкевич  Беловежьедегі «Вискули» резиденциясында кездесіп, КСРО-ның құрылуы туралы 1922 жылдың 30 желтоқсанындағы шартты бұзу жөніндегі келісімге қол қойды. Нәтижесінде КСРО халықаралық құқық субъектісі және геосаяси шындық ретінде күшін жойды. Құжатта: «КСРО халықаралық саяси құқық субъектісі және геосаяси шындық ретінде өзінің өмір сүруін тоқтатты», - деп жазылған.     



10  желтоқсан, 1991 жыл.   


Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы заң қабылданды.


Дәл осы күні Президентті ұлықтау рәсімі өтті.  Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті.


Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің таққа отыру рәсіміне арналған он екінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясы ашылды.


«Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» №1000-XII заңға қол қойылды.


Сондай-ақ сессияның күн тәртібіне республиканың Тәуелсіздігі туралы мәселе енгізілді.


Сол күні сессияның кешкі мәжілісінде  Нұрсұлтан Назарбаев ақ киіздің үстінде Конституция мен мемлекеттің егемендік Декларациясына қолын қойып тұрып, көп ұлтты республикамызға адал қызмет етуге, Конституциясын құрметтеп, халықтың құқығы мен бостандығына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің міндетін адал атқаруға Ант берді.


 Жиын соңында елдің қадірлі ақсақалы, ақын, 91 жасар Шәкір Әбенов, қаламгер Дмитрий Снегин, композитор Құддыс Қожамьяров, допты хоккейден қазақстандық құраманың бапкері, жаттықтырушы  Эдуард Айрих, КСРО-ның халық депутаты Ыбырайымжан Қожахметовтер сахнаға шығып, Президентке  қазақы дәстүрмен шапан жапты. Шәкір ақсақал ақ батасын беріп, Мемлекет басшысына елдің әділ еңбегін бағалауды, халыққа зиян келтіретіндерден халықты қорғауды аманаттады.


13 желтоқсан, 1991 жыл.


Орта Азия және Қазақстан Республикасы басшылары  Ашхабадта бас қосты. Олар «Беловежье келісімін» қолдады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құру туралы идея Беловежье келісімімен бекітілді. Кеңес Одағының дәуірі осылай аяқталды. КСРО құрамында болған одақтас республикалар өз тәуелсіздігін жариялап жатты.


16 желтоқсан, 1991 жыл. 


Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес Қазақ Елі дүниеге  келді!


Тәуелсіздік туралы занның мәртебесі 18 баптан тұратын жеті тарауда айқын көрсетілді. Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды. Республика өз аумағында өкімет билігін толық иемденуге, әрі ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы болды.


Конституциялық заң республиканың дамуының жаңа кезеңін айқындап берді. Оның мазмұнында ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы, жеке тұлғалардың құқығы мен бостандығына басымдық беру, саяси тұрақтылық, билікті бөлісу, ұлтаралық келісім т.б. іргелі демократиялық қағидаттар көрініс тапты.


Қазақ Елінің тәуелсіздігін Түркия елі бірінші болып таныды. Сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және тағы басқа ірі-ірі мемлекеттер де  мойындады. Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан шетелдерде өзінің дипломатиялық және консулдық өкілдіктерін  ашу мүмкіндігіне ие болды.


 17 желтоқсан, 1991 жыл. 


Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 5 жылдығы қарсаңында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұдан былай бұл күн – Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп атап өтілетін болды.


 20 желтоқсан, 1991 жыл. 


«Қазақстан Республикасының Азаматтығы туралы» заң қабылданды.


21 желтоқсан, 1991 жыл. 


  Алматы қаласында Н.Ә. Назарбаевтың ұсынысымен бұрынғы КСРО құрамына енетін 11 тәуелсіз мемлекет басшыларының келіссөздері басталды. Оған Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина мемлекеттерінің басшылары қатысты. Сол күні 11 мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі Келісімнің хаттамасына қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан астанасында дүниеге жаңа саяси құрылым – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы келді. ТМД-ның мақсаттары мен ұстанымдары туралы Алматы Декларациясына қол қойылды.


 



Жыл түйіні: Міне, Тәуелсіздік таңы атқан 1991 жыл осындай оқиғаларымен есте қалды. Егемендігін еншілеп, Тәуелсіздігін тұғырлатқан Қазақ Елі өзінің жаңа тарихының жылнамасын жасауға бет бұрды.



                                                                                          


  


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04