ffin.kz

Жаңа саяси кезең

Жаңа саяси кезең Сурет: election.gov.kz

аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау басталды


Биыл 1 тамызда жаңа саяси кезең басталды. Оның шымылдығын әдеттегідей Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауы ашты. Бұл жолғы Жолдауда экономикалық салаға мән берілді. Десе де, саяси реформалардың жалғасы болатын бастамалар да айтылды. Ондағы басты жаңалық – сайлау жүйесіне қатысты өзгерістер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды енгізуді ұсынды. Яғни халық тиісті елдімекеннің әкімін тікелей сайлайды дегені. Бұл азаматтардың мемлекетті басқару ісіне тікелей араласуына жол ашады.


 Саяси әралуандықсыз мәдениет болмайды


 Саяси мәдениет қалыптасу үшін саяси әралуандылық қажет. Түсінікті тілмен айтар болсақ, таңдау болуы керек. Себебі, таңдау еркіндігі болса сізде талғам қалыптасады. Ал талғам мәдениеттілікті қалыптастырады. Мысалы, базарға бардыңыз делік. Алма алғыңыз келді. Базардың бүкіл сөрелерінде бір сорттағы алмалар. Бағасы, түрі, түсі мен дәмі бірдей. Сізде таңдау еркіндігі жоқ. Бастапқыда алмалардың бәрі тәтті болуы мүмкін. Алайда, уақыт өткен сайын оның дәмі бұзыла бастайды. Себебі, сатушылар тауарын бәрібір  алады деп, оның сапасын түсіріп жібереді. Кеңес үкіметіндегі саяси жүйеде тура осылай болды. Бірпартиялық жүйе уақыт өте келе саяси дағдарысқа ұшырады. Саяси партиялар өсуі үшін бәсекелестік қажет. Олар ұзақ уақыт бойы өз-өзіне бәсеке бола алмайды.


Бұл жағдай тәуелсіз еліміздің алғашқы даму кезеңінде байқалды. 30 жылдан астам бірпартиялы жүйе қалыптасты. Кейбір саясаттанушылар мұны «біржарым» партиялы жүйе деп те атайды. Өткен жылғы ішкі саяси дағдарыстан соң елдегі жағдай өзгерді. Саяси реформалар қарқынды жүзеге аса бастады. Бүкілхалықтық референдум өтіп Президент билігі қысқарып, өкілеттік мерзімі ұзарды. Биылғы Парламент мәжілісінің сайлауынан соң заң шығарушы органның саяси беделі өсті. Мәжілісте жаңа билік партиялары пайда болды. Биылғы Жолдаудан соң Үкіметтің өзі атқаратын жұмысына саяси жауапкершілігі артты.


Осылайша бір жарым жылдан астам уақытта билік тармақтарында жүйелі өзгерістер жасалды. Десе де, мұндай өзгерістерден бүгін нәтиже бола қоймас. Ол үшін билік пен халықтың еті үйренуі керек.  


 Біртіндеп тікелей демократияға келеміз


 Ата Заңда еліміздің өзін демократиялы мемлекетті орнықтырушы ретінде бекіттік. Ал демократия қандай басқару формасы? Әрине, халық билігі. Халық ол билікті тікелей немесе өкілдері арқылы жүзеге асырады. Оны жүзеге асырудың басты жолы – сайлау.


Азаматтық қоғам біраз уақыттан бері жергілікті атқарушы биліктің барлық сатысына сайлау өткізуді ұсынып келеді. Азаматтардың облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімін сайлайтын уақыт та келеді. Алайда, оған асықпай, біртіндеп келген жөн. Төмен деңгейден бастап биліктің горизонтальды институттары кезең-кезеңімен либералданады. Осылайша халықта ғана емес, мемлекеттік институттарда да саяси мәдениет қалыптасады.


Жергілікті атқарушы биліктің басшысы әкім. Әкімдерді тікелей сайлауға қатысты бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет 2020 жылғы Жолдауында ұсынған болатын. Осы уақытқа дейін ауылдық округтер әкімдерін сайлау өткізілді. Енді сайлау жүйесіндегі реформалардың екінші кезеңі басталды. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауды енгізуді ұсынды.


 Өзін-өзі ұсынғандар белсенді


 Президенттің бастамасын жүзеге асыру мақсатында 14 қыркүйекте аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша ҚР ОСК отырысы өтті. Заң бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тізімін 17 облыстың мәслихаттары бекітеді. Бекітілген тізім бойынша пилоттық негізде өтетін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалар белгілі болды. Олар:



  • Абай: Курчатов қ., Абай ауданы;

  • Ақмола: Ырғыз, Қобда, Ойыл аудандары;

  • Алматы: Балқаш, Жамбыл аудандары;

  • Атырау: Исатай, Қызылқоға аудандары;

  • ШҚО: Алтай, Глубокое аудандары;

  • Жамбыл: Жуалы; Тұрар Рысқұлов аудандары;

  • Жетісу: Кербұлақ, Сарқан аудандары;

  • БҚО: Бөкей ордасы, Қаратөбе, Тасқала аудандары;

  • Қарағанды: Приозерск қ., Ақтоғай, Осакаров аудандары;

  • Қостанай: Рудный қ., Алтынсарин, Денисов, Қарабалық, Федоров аудандары;

  • Маңғыстау: Бейнеу аудандары;

  • Павлодар: Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандары;

  • СҚО: Есіл, Мамлют, Тимирязев аудандары;

  • Түркістан: Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандары;

  • Ұлытау: Ұлытау ауданы.


  Сайлау күні ретінде 5 қараша бекітілді. 10 қазанда, сағат 18.00-де үміткерлерді тіркеу уақыты аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы 164 үміткер тіркелді деп мәлімдеді. Олардың ішінен 69 үміткерді  саяси партиялар ұсынса, 95 үміткер өзін-өзі ұсынды. Яғни үміткерлердің 58%-ы өзін-өзі ұсынғандар. Бұл саяси партиялар жұмысына сын бар деген сөз. Десе де, өзін-өзі ұсынғандардың ішінде де партия мүшелері болуы мүмкін екенін ескерген жөн.


 


        

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05