Қыстың көбесі сөгіліп, қазақстандықтардлың жыл сайынғы маусымдық уайымы басталды. Төтенше жағдай министрлігінің алдын ала таратқан болжамы бойынша су басу аймағында қалу қаупі төніп тұрған елді мекендер саны да көңіл құлазытады. Жазық жерде орналасқан, тасқындап су келер арқыраған өзені жоқ болса да, «күн жаумай су болып отырған» көптеген ауылдардың бірі – Жалқамыс ауылы. Алматы облысының Талғар ауданына қарайды. Жері жазаң болса да, халқының көктем шықса, жағдайы мазаң. Неге?
Өйткені, ауыл көшелері жасалмаған, ең болмаса, тас төселмеген. Күз бен көктем маусымдары басталды дегенше, жақсылап, нөсерлетіп жаңбыр төкті дегенше, кішігірім Венецияға айналып шыға келеді. Ауылдық округ әкімі халықпен өткізетін есептік кездесуінде де, ауыл тұрғындарының талабы бойынша өтетін мәжбүрлі жиналыста да «Менің қолымда не тұр? Облысқа, берісі ауданға арыз жазыңдар, сұраңдар, талап етіңдерден» әріге аспайды. «Қол жинап, арыз жазсаңдар, автобус та бөлдіртем, жолға қаражат та бөлдіртем, тағысын тағы» деген уәделерінен халық шаршап бітті. Өйткені, ауыл әкімі уәде бергенмен, құзіретіне сай келмейтін мәселелер де шаш-етектен.
Қазірше тоңнан жерге сіңбей, жинала жайылып ауыл көшелерін басқан су ауыл халқының, балалардың табанынан әзірге сыз болып қана өтіп тұр. Алайда, ол сыздың да салдары салмақты. ДЕНСАУЛЫҚ деп аталады. Ал, ертең күн жылына келе көктемгі батпақ қосылғанда, күнде кір жуумен кететін шығындарды тізбелеп көрелік. Әрі ол кездегі батпақ та жылы болмайтыны бесенеден белгілі. Оған күн сайынғы су шығыны, кір жуғыш ұнтақ пен сабынды қосыңыз. Тозған жүйке туралы жақ ашпай-ақ қоя тұралық. Бұлардың барлығы аз десеңіз, мектепке батпақтап-шалшықтап, лай кешіп келген балаларға мектепте ұстаздар да, жұмсартып айтсақ, ренжиді: «мынадай балшық киіммен неге келесің?» деп. Ауыл көшелеріне әзірге алдымен ірі балласт, қиыршықты-тасты қоспа, тасты-құмды қоспа төсеп, орнықтырып алу, содан соң асфальттау керек. Әбден ашынған халық «тегі айнадай ғып асфальт төсемесе де, жүріп тұрғанымызда толарсақтан саз кешпестей етіп, осы айтылып отырған қоспа-құмдарын жайып, таптап берсе екен» дейді. «Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болды» дегендей, тұрғындар «соның өзіне разы болар едік» дегенді айтып отыр.
Жақында ғана, яғни ақпанның 16-сы күні Жалқамыс ауылын құрамына кіретін Қайнар ауылдық округының әкімі Нұрболат Манапбаев Жалқамыс тұрғындарымен кездесу өткізді. Жүздесу барысында ауыл халқының өзекті сауалдары талқыланды. Атап айтқанда, ауыл көшелерін жарықтандыру, тас төсеу-асфальттау, газдандыруға қатысты, автобус бөлгізу, жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беру сияқты мәселелерге қатысты жайттарға жауап қайтарды. Осы айтылып отырған мәселелер бойынша айтар болсақ, ауыл халқы пандемия бастала сала тоқтаған қалаға қатынайтын автобус пен маршрутты қайта қалпына келтіру туралы арыз жазып, қол жинап, облыстық әкімшілікке өткізді. Өткен аптада, ақпан айының 10-ы күні. Әзірше жауап күтіп отырмыз. Газдандыру жөнінен газ ауылға келді, халықтың алды қосылып, қызығын көріп те бастады. Көшелерді жарықтандыру үшін бағаналар орнату жұмыстары жердің тоңы жібігенше күтілетінін айтты. Дәл қазіргі таңда халық үшін күйіп тұрған мәселе – бірнеше көшені бірақ жайлап, көлшік-көлшік болып жатқан ауылдың ішкі көшелеріне тас төгу.
Әрине, халықтың алдымен көретіні және жиі кездесетіні ауылдық округ әкімі болғандықтан, бар ренішін соған арнайтыны сөзсіз. Бұл мәселенің берісі аудан, әрісі облыс әкімдігінің бұйрық-пәрменімен шешімін табары да анық жайт.
Осы мақала жазылып жатқанда, Алматы облыстық прокуратурасынан:
«Ағымдағы жылға Жалқамыс ауылындағы жолдарды жөндеуді сұраған арыздар қабылданды. Қазіргі таңда қаражаттың бөлінуі күтіліп отыр. Жөндеу жұмыстары ақшаның бөлінуіне қарай жүзеге асырылатын болады», – деген жауап келген.