· 2024 жылы 15 наурызда Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен болатын. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жалпыұлттық құндылықтар бағдарын ұсынған болатын. Жақында аталмыш құндылықтар жүйесін ұсынғанына бір жыл толады. Қала берді биыл наурызда Көкшетау қаласында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтеді. Осыған орай ұлттық құндылықтардың қоғамдағы жай-күйі, оларды халық қабылдай алды ма деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Президент қандай құндылықтар ұсынды?
Кел келген мемлекет белгілі бір құндылықтар жүйесімен өмір сүреді. Ол сол елдің халқына байқалмауы мүмкін. Алайда, сырт көзге көрініп тұрады. Мысалы, АҚШ-та азаматтар индивидуализм, теңдік, жекеменшікке қол сұғылмау, демократия сияқты құндылықтармен өмір сүреді. Ұлыбританияда консерватизм, демократия, жекеменшік құндылықтары үстем. Францияда еркіндік, теңдік және бауырластық құндылықтары басым. Қазақстанда да мұндай құндылықтар жүйесі бар. Оны Мемлекет басшысы былтырғы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халыққа ұсынды.Олар:
1. Тәуелсіздік және отаншылдық;
2. Бірлік және ынтымақ;
3. Әділдік және жауапкершілік;
4. Заң және тәртіп;
5. Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік;
6. Жасампаздық және жаңашылдық.
Бұл құндылықтарды қоғам түсіністікпен қабылдап, жаңа бағдар түзіле бастағанымен, мән беріп қарайтын болсақ, осы уақытқа дейін қалыптасып, әдетке айналып кеткен ескі құндылықтар жүйесі әлі күнге дейін өмірімізге ықпал етіп жатқанын байқаймыз. Ол қандай құндылықтар?
«Еңбек ету» құнсызданып, абсентеизм күшейген
2024 жылы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ «Жалпыұлттық құндылықтар: Стратегиялық бағдарға шолу» тақырыбында талдау баяндамасын жариялады. Баяндаманың авторы – қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев. Онда біздің тақырыпқа байланысты құнды мәліметтер мен зерттеу қорытындылары бар. Мысалы, осы уақытқа дейін ұзақ жылдар бойы қалыптасқан құндылықтар туралы мәлімет келтірілген. ҚР Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары елімізде мынадай кертартпа құндылықтар қалыптасқанын айтады:
Біріншіден, қоғамда еңбек етуге деген мотивация бұзылып, жаңа әлеуметтік тап – прекариат қалыптасқан. Прекариат дегеніміз – тұрақты жұмысы жоқ азаматтардан құралған әлеуметтік тап. Еңбек ету құндылығының құнсыздануы мен прекариаттың пайда болуына ұрпақтар арасындағы айырмашылық, дүниетанымдық ерекшеліктер әсер еткен дейді сарапшылар.
Екіншіден, қоғамда күнкөріс құндылықтары мен дәстүрлі құндылықтар басым болып кеткен. Бұған білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіндегі олқылықтар әсер еткен.
Үшіншіден, халықтың белгілі бір бөлігінде саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру процесіне бей-жай қарайтын көзқарас қалыптасқан. Яғни саяси абсентеизм үстемдік етуде. Бұл процесс 2019 жылдан кейін кері кеткен. Алайда, әлі күнге дейін мұндай көзқарас бар.
Сарапшылардың пікірімен келіспеске амал жоқ. Дегенмен, саяси факторды да ескерген жөн. Мұндай құндылықтар мен өмірге деген көзқарас өздігінен қалыптаспайды. Ұзақ жылдар бойы кешеуілдеген саяси реформа, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті құру мәселесіне келгенде тұралап қалуы да жоғарыдағы кертартпа құндылықтарды қалыптастырды.
Халық әділеттілікті қалайды
Институт дайындаған талдау баяндамасында әлеуметтік сауалнама нәтижелері де бар. Баяндаманың авторы мен институт Президент ұсынған жалпыұлттық құндылықтарды халық қалай қабылдайтынын және оларды қаншалықты маңызды санайтынын білуі мақсатында сауалнама жүргізген.
Қазақстан бойынша 1200 адам сауалнамаға қатысқан. Олардың пікіріне сүйенсек, құндылықтардың алғашқы үштігіне әділеттілік (56,6%), тәуелсіздік (53,9%) және бірлік (43%) кірген. Бұл халықтың басым бөлігі елімізде әділеттілік орнағанын қалайтынын көрсетеді. Осыдан «әділеттілік деген не?» деген сұрақ пайда болады. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (71,8%) әділеттілік деп «барлық азаматтардың заң алдында теңдігі» екенін айтқан.
Бұдан басқа, қатысушылар ең төмен бағалаған құндылық – кәсіби біліктілік (13,3%). Сондай-ақ, өкініштісі, жауап бергендердің ешқайсысы жасампаздық пен жаңашылдықты өзі үшін маңызды деп санамаған. Ұлттық сапа қалыптасу үшін міндетті түрде жасампаздық пен жаңашылдық, кәсіби біліктілік болуы тиіс. Онсыз дамыған елдердің қатарына қосылу мүмкін емес. Сондықтан әділеттілікпен бірге осы құндылықтар жүйесін қалыптастыруға аса мән беру керек. Мұнда ең алдымен мемлекеттің рөлі басым. Азаматтық қоғам да осы бағытта әрекет етуі тиіс.