Алматы полициясы жасөспірімдерді есірткі саудасынан сақтандырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда синтетикалық есірткіні тарату мен жастарды интернет арқылы есірткі саудасына тартуға қарсы күресуді көздейтін есірткіге қарсы айлық басталмақшы. Полицияның мәліметіне қарағанда, қазір жасөспірімдер мен студенттерге ең көп қауіп төндіріп отырған дәл осы синтетикалық заттар екен, оларды тарататын негізгі арналар — анонимді интернет-дүкендер, мессенджер мен «жасырын қойма» («закладка») жүйесі болып отыр.
Жастар арасындағы есірткі қылмысының ахуалы мен алдын алу шаралары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сұлушаш Досболова айтып берді.
Алматыдағы жастардың арасында қазір синтетикалық есірткі мен психоактивті заттар кең тараған. Марихуана мен гашишті де таратып жатқандар тіркеліпті. Адамды тез тәуелді етіп, психика мен денсаулыққа өте зиян болғандықтан, осы синтетикалық есірткі ең қауіптісі болып отыр.
«Жастардың көбі синтетикалық заттарды «жеңіл» немесе «қауіпсіз» есірткі деп ойлайды. Оны бір рет қолданғанның өзі психиканы бұзып, суицидке апарып, тіпті өлімге алып келуі мүмкін. Бұларды интернет, мессенджер мен анонимді онлайн-платформа арқылы таратады, сондықтан олар жасөспірімдер мен жастарға аса қауіпті», — дейді Сұлушаш Досболова.
Полиция мәліметінше, қазір есірткіні ешкіммен байланыспай, «жасырын қойма» арқылы сатуды жолға қайыпты. Қылмыстық топтар жастарды заңсыз есірткі айналымына тарту үшін цифрлық технологияларды, анонимді мессенджер мен интернет-дүкендерді қолдануға кіріскен. Әсіресе «оңай табыс табуға болады» деген желеумен жасөспірімдер мен студенттерді «жасырын қойма» жасауға тартып жатқаны қатты алаңдата бастаған.
«Кәмелетке толмағандардың көбі есірткіні бір рет таратқанның өзі ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсінбейді. Есірткі сату аса ауыр қылмыс санатына жатады және ондай адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылады. Сондықтан біз жасөспірімдермен, студенттермен, олардың ата-анасымен жұмыс істеуге мән бердік», — дейді Сұлушаш Досболова.
Есірткі жарнамасы мен интернет арқылы таратуды анықтаумен есірткі қылмысына қарсы бөлімшелер киберполициямен және басқа да профильдік қызметтермен бірлесіп айналысады. Әлеуметтік желілерді, мессенджерді, сайттар мен жабық интернет-арналарды үнемі бақылап отырады. Құқық қорғау органдары есірткі дүкендерін, Telegram-арналар мен есірткі сататын платформаларға сілтемелерді жарнамалайтын граффитилерді анықтауға ерекше назар аударады. Мұндай онлайн-ресурстар «Кибернадзор» жүйесі арқылы мүмкіндігінше тез бұғатталады.
Сонымен қатар қызметкерлер мұндай платформалардың әкімшілері мен есірткі таратуға қатысы бар адамдарды анықтаумен айналысады. Полицияның айтуынша, бүгінде мұндай қылмыстардың басым бөлігі интернетпен, цифрлық технологиямен байланысты болғандықтан, кибересірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстың негізгі бағытына айналған.
«Бүгінде қылмыстық топтар жастарды заңсыз есірткі айналымына тарту үшін цифрлық технологияларды белсенді пайдаланып отыр. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасөспірімдерді “оңай табыс” туралы хабарландырулармен қызықтырып, оның шынайы салдарын түсіндірмейді. Біз интернет-дүкендерді, тарату арналары мен есірткі желілерін ұйымдастырушыларды анықтау шараларын күшейтіп жатырмыз», — деді Сұлушаш Досболова.
Есірткіге қарсы айлық барысында Алматыда жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп пен жоғары оқу орынында дәрігерлер, психологтар, полицейлер мен қоғам қайраткерлері қатысатын кездесулер, дәріс пен ашық әңгіме өтеді. Сонымен қатар тренингтер, спорттық акциялар, фестивальдер мен жастар арасында танымал өнерпаздардың қатысуымен концерттер ұйымдастыру жоспарланған.
Интернет қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылады. Жасөспірімдер мен студенттерге интернет арқылы арбау схемасы қалай жұмыс істейтіні, «оңай табыс» туралы ұсыныстың есірткі бизнесімен байланысты болуы мүмкін екені және есірткі таратуға бір рет қатысудың өзі қандай жауапкершілікке әкелетінін түсіндіреді.
«Айлықтың басты мақсаты халықты ақпараттандыру ғана емес, жастар арасында есірткі туралы теріс көзқарас қалыптастыру. Біз құқықтық мәдениетті арттырып, қоғамды бірлескен профилактикалық жұмысқа тартқымыз келеді. Әсіресе синтетикалық заттың қауіптілігін айтып, интернет арқылы алдап-арбаудың жолын кесеміз», — дейді Сұлушаш Досболова.