Итмұрын – бағалы дәрумендерге өте бай жеміс.
Одан дайындалған дәрі-дәрмек медицинада асқазан және бауыр ауруларын емдеуге қолданады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Ал гүлдерін шайдың орнына пайдалануға болады. С дәруменіне бай жемісті емдік дәрі ретінде әрі дәрумен түрінде көптеген жүзжылдықтардан бері кәдеге жаратып келеді. Оны тибеттік медицинада да қолданған. Шығыста итмұрынды аса жоғары бағалап, оның адам күш-қуатын жоғарылататын, көңіл-күйін көтеретін, әдемілік пен денсаулықты арттыратын қасиетке ие екенін айтады. Назарларыңызға итмұрынның емдік қасиеті жөнінде ақпарат ұсынамыз.
Итмұрыннның тек бір бөлігін пайдаланбай, тамырынан бастап жапырағын, гүлін, жемісін де емдік дәрі ретінде кәдеге жаратады. Өсімдіктен түрлі емдік шәрбаттар, тұнбалар, қайнатпалар мен сығындылар және шипалы өсімдік майын дайындайды. Сонымен қатар, халықтық медицинада бауыр мен өт қабы ауруларында, қуық қабынғанда, жүрек ауруларында, туберкулезге шалдыққанда арнайы қабылдайды. Итмұрын жемісінің 10-15 гр күніне 1 рет, ал тұнбасын күніне 2-3 рет жарты стақаннан ішіп отыру қажет.
Итмұрынның жаңа піскен жемістерінен тосап қайнатып, кофеге ұқсас азықтар дайындауға болады. Мұндай тосаптарды шыны ыдыстарға құйып, қараңғы әрі салқын жерде сақтау керек. Итмұрын тұнбасын дайындау үшін оның кептірілген жемісрін пайдаланады. Дайындалған тұнбаны дер кезінде, яғни қайнатылған соң бірден ішу қажет. Оны ұзақ сақтаудың қажеті жоқ.
Итмұрын қайнатпасының пайдасы
Итмұрын қайнатпасын дайындау үшін 1 келі кептірілген жемісін 1 литр суда қоюланғанша қайнатып, артынша сүзгіден өткізеді. Дәміне қарай қант пен лимон қышқылын қосуға болады. Дайын болған тәтті қоймалжыңды су құйылған ыдысқа салып, тағы біраз қайнатады. Осындай тәсілмен қайнап шыққан қоймалжың сұйықтықты тыныс алу жолдары суықтағанда, суық тигенде ішсеңіз, тез айығуға көмектеседі. Сонымен қатар, ота жасатқаннан кейін қаназдықта және қанайналымды қалыпқа келтіруде осы өсімдіктің жаңа піскен жемістерінен тұнба дайындап ішсе, пайдасы мол. Қайнатылған тұнбаның бір стақанын күн сайын ішіп отыру қажет. Асқазан қыжылы мен бүйректе тас болса немесе әйелдердегі қан кету кезінде де итмұрын қайнатпасы көмектесе алады. Итмұрыннан дайындалған осындай тұнбалар мен шайларды үзбей ішіп жүрген адамның бойынан жұмысқа деген құлшынысын, ауруға бейім болмайтындығын аңғаруға болады. Сонымен қатар, бас ауруының да алдын алатын қасиеті бар.
Итмұрын тұнбасынан шай дайындау үшін 1 ас қасық итмұрын жемісіне 1 стақан қайнаған су құйып, 10 минут эмальді ыдыста қақпағы жабық күйде қайнатады. Мұндай шайды бір күн тұндырып қоюға да болады. Содан күніне дайын шайдан 1 стақаннан ішеді. Бұл өсімдік С дәруменіне бай болғандықтан, оның құрамында адам ағзасына қажетті микроэлемент өте көп. Сондықтан да оны жүкті әйелдер де ішуіне болады. Одан жасалған дәрілер адам ағзасы үшін өте қымбат дәрі-дәрмектің орнын алмастыра алады. Итмұрынның тамырын күз мезгілінде қазып алған дұрыс. Оны салқын сумен тазалап жуып, қараңғы жерде сақтайды. Итмұрынның тұқымынан ауруды басатын, жараларды жазатын өте қымбат май алуға болады. Оған қоса бұл жидек сығындысы толық адамдарды жүрек талмасынан қорғайды. Жүрегі ауыратын және қан қысымы жоғары адамдар итмұрын тұнбасын күніне 40 грамнан 6 апта бойы ішуі керек.