Бүгін, 18 шілдеде халық жазушысы, Алаш жұртының ардақты азаматы, көрнекті ақын Исраил Сапарбай 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ақын артынан қай қазақтың болмасын жадынан өшпейтін, әуезді әндер мен сырлы жырлар қалдырып кетті. Аqshamnews.kz тілшісі Исраил Сапарбайдың шығармашылығындағы танымал әндерді назарларыңызға ұсынады.
"Махаббат деген қандай-ды..."
Дәл осы тіркес естілген бойда әуені де бірден еске түседі. Бірінші тармағынан-ақ, әуенге елітіп қосыла шырқай кетеміз. Ел аузында жүрген "Махаббат - мәңгі ертегі" әнінің сөзін ақын Исраил Сапарбай жазған.
Әннің әуенінің авторы - Бауыржан Тұрғараев. Композитор әнді атауымен бірге Исраил атамызға әкеліп, әдемі сөз жазып беруін сұраған. Әнді бірден ұнатқан ақын бір отырғанда әуеніне байлана кетіп, "Махаббат деген қандайды, Қарасаң көзің талмайды, Сағынған жанға жете алмай, Қаншама гүлдер, қаншама гүлдер сарғайды" деп жазып береді.
Әнді алғашқылардың бірі болып әйгілі әнші Сәкен Қалымов орындады. Кейіннен Нұр-Мұқасан тобы да өз репертуарына қосты. Қазір оны жастар арасында кеңінен танымал еткен әнші Қазыбек Құрайыш айтып жүр.
"Сағыныш сазы"
Бұл ән - Исраил Сапарбайдың авторлық туындысы. Сөзін де, әуенін де өзі жазған. Сол себепті де ақын үшін ерекше туынды болды. Себебі бұл ән - ғашықтықтан туған еді.
"Сағыныш сазы" жастық шағымның куәсі болған, түрлі тағдырға толы ән болды. 25-30 жас аралығында жазған әнім. Отбасым, қызым бар кез. Бірақ ақынның жүрегі жасыратыны жоқ тағы біреуге алып-ұшып соқты. Бір жиынға барғанымда микрофонмен ән айтқан жас қызды көріп, ұнатып қалдым. Танысып, білісіп көрдік. Бірақ мен Ыстықкөлге демалуға кететін болдым. Сол демалысыма жол тартып, көлдің жағасында баяу жүріп отырып, "Сағыныш сазы" әнінің сөзі де әуені де бірден аузыма түсіп, махаббаттан туған еді" дейді Исраил Сапарбай бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде.
Кейін бұл әнді Сәкен Майғазиев пен Алтынай Жорабаева орындады.
"Егіз-лебіз"
"Арнау" тобының репертуарындағы бұл әнді білмейтін жан жоқ шығар. "Келші жаныма, әлдеқайда ұшпай" делінетін қайырмасы бар әдемі әннің де сөзін Исраил атамыз жазған екен. Ал әуенінің авторы композитор Жұмағұл Қыдырәлиев. Бұл әнді "Арнау" дуэтінен бөлек Толқын Забирова да орындаған.
"Сағындым сені"
Сырлы да, мұңға толы тарихы бар сағыныш туралы тағы бір ән. Бұл әнді жұрт Ажар Түзелбекқызымен орындауымен алғаш таныған болатын. Исраил Сапарбай сөзін жазған әннің мұңлы тарихы мынадай:
Нарынқолдық ақын Оразалы Досбосыновты білмейтін жан жоқ шығар. Айтыс өнерінің майталманына айналған ақын, Оңтүстіктің аруы, әнші Ажар Түзелбекқызымен отау құрады. Айтыс өнерінің шыңын бағындырып келе жатқан шағында, 2004 жылы Оразалы Досбосынов жол апатынан қаза табады. Ақынның қазасы барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Әсіресе жары Ажарға өте ауыр тиеді. Бірнеше жыл бойы қайғыдан құса болып, Оразалыны жібере алмай “Сағындым сені” әнін жарыққа шығарады. Әннің сөзін жазған Исраил Сапарбай, әнінің авторы Роза Әлқожа. Аталмыш әннен соң Ажар да, Оразалы секілді жол апатынан ажал құшады.
"Мен қазақ қыздарына қайран қалам..."
Жанары жаны жаздай жайраңдаған.
"Қыз өссе елдің көркі" – деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам, –
деп қазақ қызының бейнесін сөзбен көркемдеген Исрайл Сапарбайдың туындысы қазақ өлеңдері ішіндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі де бірегейі. Сырға бай өлеңнің әдемі әнмен толығып, үйлесім тапқаны нұр үстіне нұр болды. Алайда осы өлеңге Рамазан Тайманның композиторлығымен жазылған әннің шығу тарихы желтоқсан оқиғасының құрбаны болған Ләззат Асанованың рухына арналғанын бірі білсе, бірі білмейді.
Бұл әнді алғашқылардың бірі болып әнші Жанар Айжанова орындады. Ал ел жадында бұл әннің үні Нұрлан Өнербаевтың қоңыр даусымен жатталып қалды.
"Қоштасудың қиыны-ай..."
Сазгер Алтынбек Қоразбаевтың әуеніне, Исраил Сапарбайдың сөзіне жазылған бұл әнді де білмейтін жан жоқ шығар. Сезімге толы махаббаттың әдемі үндестігі сезілетін ғажап әнді ел Мейрамбек Беспаевтың орындауымен таниды. Ал кейінгі буынға бұл ән Төреғали Төреәлі мен Мөлдір Әуелбекованың дуэтімен танымал.
Бұл Исраил Сапарбайдың ел аузында жүрген есті әндерінің бір бөлігі ғана. Бұдан бөлек оның "Бір тамшы көздің жасындай", "Алақаннан ұшқан аққуым", "Сен болмасаң", "Жұлдызым", "Ақ қанат ақ құсым" деген сынды танымал әндері көп.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Исраил Сапарбайдың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын