Барселонада 25 жастағы Ноэлья Кастильо өмірмен қош айтысты. Өмірінде ауыр сынақтарды бастан өткерген ол сал болып қалғаннан кейін эвтаназия жасау құқығына ие болған еді. Бұл оқиға Испанияда ғана емес, әлем жұртшылығы арасында да кең талқыланып жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ноэлья өз тағдыры туралы Испанияның Antena 3 телеарнасындағы Y ahora Sonsoles бағдарламасына берген сұхбатында ашық айтқан. Сол әңгімеде ол не себепті өмірін өз еркімен аяқтау туралы шешім қабылдағанын түсіндірді.
Оның балалық және жастық шағы ауыр өткен. 13 жасында ата-анасы ажырасып, кейін балалар үйіне түскен. Біраз уақыт психиатриялық ем қабылдап, оған обсессив-компульсив бұзылыс пен шекаралық тұлғалық бұзылыс диагнозы қойылған.
Ноэльяның айтуынша, 2022 жылы түнгі клубта бір топ адам оған зорлық жасаған. Осы оқиғадан кейін ол балконнан секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған. Алайда соның салдарынан белінен төмен сал болып, арбаға таңылған. Бұдан бөлек, ол бірнеше жыл бірге болған бұрынғы серіктесі тарапынан да зорлық көргенін айтқан.
Ол сұхбаттарының бірінде отбасы мүшелері эвтаназияны қолдамайтынын, алайда басынан өткен барлық азаптан кейін мұндай өмірді жалғастыру өзіне тым ауыр екенін жеткізген.
Испания эвтаназияны 2021 жылы заңдастырған. Осылайша ел Еуропалық одақ аумағында мұндай рәсімге заң жүзінде рұқсат берген алғашқы мемлекеттердің біріне айналды. Рұқсат алу үшін науқас кемінде 15 күн аралықпен екі рет жазбаша өтініш беруі, тәуелсіз медициналық тексеруден өтуі және өңірлік комиссияның келісімін алуы керек.
Ноэльяның эвтаназия жасау құқығы ұзаққа созылған сот дауына ұласқан. Оның әкесі қызы психикалық диагноздарына байланысты мұндай шешімді толық саналы түрде қабылдай алмады деп есептеген. «Христиан заңгерлері» ұйымының қолдауымен ол сотқа жүгініп, бұл құқықты даулауға тырысқан.
Іс ақыры Испанияның Конституциялық сотына дейін жеткен. Алайда сот әкесінің талаптарын қанағаттандырмай, ешқандай заңбұзушылық жоқ деген шешім шығарған. Кейін Еуропалық адам құқықтары сотына жүгіну әрекеті де нәтиже бермеген.
Ноэлья бұған дейін әкесінің өзінің шешімін ешқашан сыйламағанын және сыйламайтынын айтқан еді.
Ол эвтаназияға ресми рұқсатты 2024 жылы алған. Бірақ сот процестеріне байланысты рәсім кейінге шегерілген. Даулар толық аяқталған соң, эвтаназия жасау уақыты 2026 жылғы 26 наурызға, Испания уақытымен сағат 17:00-ге белгіленген.
Соңғы сұхбаттарының бірінде ол бұл шешімге ақыры қол жеткізгенін, енді тыныштық табуы мүмкін екенін айтқан. Сонымен бірге, өз оқиғасының ешкімге үлгі болмағанын қалайтынын да ерекше атап өткен.
Ноэлья Кастильоның тағдыры қоғамда бірнеше маңызды мәселені қайта көтерді. Бір тарап адамның өз өмірі мен тағдырына өзі билік ету құқығын алға тартса, екінші тарап, әсіресе психикалық бұзылыстары бар адамдарға эвтаназия жасауға рұқсат берілуі қаншалықты дұрыс деген сауалды талқылап жатыр.
Осылайша, бір адамның жеке трагедиясы Испаниядағы ғана емес, халықаралық деңгейдегі күрделі этикалық және құқықтық пікірталастың өзегіне айналды.