Кәсіпкерлерді алаңдатқан біраз мәселе бар, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда шағын және микробизнес өкілдері салық салу, салық режимін таңдау мен кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қатысты кәсіби көмек ала алады. Жаңа бастаманы «Заң мен Әділдік» жобасы «Атамекен» ҰКП Кәсіпкер әйелдердің салалық кеңесімен бірлесіп қолға алды. Жобаның мақсаты – кәсіпкерлерге заңнамадағы өзгерісті түсініп, қателіктен аулақ болып, бизнестің тұрақтылығын сақтауына сеп болу. Өңірлік коммуникациялар қызметінде сарапшылар осы туралы толығырақ айтты.
2026 жылы жаңа Cалық кодексінің күшіне енуіне байланысты кәсіпкерлерді алаңдатқан біраз мәселе бар. Олар есептілікті дұрыс толтыру ғана емес, жеткізушімен қарым-қатынасты қалай құрып, салық жүктемесін қалай есептеп, бизнесті қалай табысты етуге байланысты туындап отыр.

Салық кеңесшісі Ардақ Мақұлбекованың айтуынша, кәсіпкерлердің көбі өз ісін ашқан бетте-ақ қателікке жол береді екен. Олар ұйымдық-құқықтық нысан мен салық режимін таңдағанда кімдермен жұмыс істейтінін, тауарларды импорттау мен экспорттауды жоспарлайтынын,болашақта қандай салық міндеттемесіне тап болатынын ескере бермейтін көрінеді.
«Қазір кәсіпкерлерді белгілі бір есептілік нысанын қалай тапсыру керектігінен гөрі, бизнесті енді қалай жүргізіп, кімдермен жұмыс істеу, қандай салық режимін қолдану мен табыстылықты қалай сақтау жағы көбірек алаңдатады. Салық кеңесшілері ретінде біздің міндетіміз – заңнама нормасын түсіндіру ғана емес, күрделі салық ережесін кәсіпкерлерге түсінікті тілмен жеткізу. Біз бизнестің салық өзгерісінен қорықпай, оларды түсініп, жаңа жағдайға бейімделе алғанын қалаймыз», – дейді Ардақ Мақұлбекова.
Мамандар қаржылық жоспарлауға ерекше назар аударуды ұсынады. Еңбекақы, жалдау ақысы, салық пен жеткізушілермен есеп айырысу шығынын алдын ала ескеру қажет.

Салық кеңесшісі, кәсіби бухгалтер әрі «Точный учет» компаниясының басшысы Марина Ляпина есептіліктегі қателік кейін сан соқтыруы мүмкін екенін ескертті. Сондай жиі кездесетін мәселенің қатарында салық режимін дұрыс таңдамау, есептілікті уақытында тапсырмау, құжаттарды рәсімдеу мерзімін бұзу мен салық органдарының хабарламаларын елемеу бар екен.
«Есептіліктегі қателіктің қауіптілігі олардың өзінде ғана емес, одан туындайтын салдарлардың тізбегінде. Кемшілік бір-екі жылдан кейін анықталуы мүмкін, ал осы уақыт ішінде едәуір өсімпұл жиналып қалады. Заңда көзделген жағдайларда орындалмаған хабарламалар мен салық берешегі банктік шоттардың бұғатталуына әкелуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлерге салық төлеушінің жеке кабинетін үнемі тексеріп отыруды, өз міндеттемесін алдын ала болжап, мәселе туындағаннан кейін емес, мәміле жасамас бұрын мамандардан кеңес алу керек», – деп түсіндірді Марина Ляпина.
Оның айтуынша, 2026 жылы контрагенттерді дұрыс таңдау ерекше маңызға ие болды. Жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін қолданатын кәсіпкерлер жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін жеткізушілерден тауар мен қызметті сатып алған кезде салықтық шегерімге қатысты шектеуді ескеруі қажет. Мамандар мұндай шығындарды алдын ала талдауға, ҚҚС бойынша тіркеу шегін бақылап, басқа салық режиміне ауысудың ықтимал салдарын бағалауға кеңес береді.

«BellaCorso.forhome» брендінің негізін қалаушы, ҚР тоқыма бизнесі қауымдастығының вице-президенті Евгения Сидикова да тәжірибесін бөлісті. Оның айтуынша, өзіне де жеңілдетілген режимнен жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне ауысуына тура келген. Сонымен қатар, бизнестің ауқымы өскен сайын бухгалтерлік есепті өз бетінше жүргізу көп уақыт пен арнаулы білімді де талап етеді.
«Бизнесімді алғаш ашқан кезде бухгалтерлік есепті өзім жүргіздім. Алайда кәсіпкерге бұл жұмысқа көп уақыт бөліп, құжаттардың дұрыстығына қатысты қосымша жауапкершілік алуға тура келеді. Айналым көлемі аз болған кезде бастапқы есепті өз бетінше жүргізуге болады. Бірақ салық режимі өзгерген жағдайда кәсіби мамандарға жүгінуге кеңес берер едім. Бүгінде бұл үшін штаттық бухгалтер жалдау міндетті емес, өйткені көптеген компаниялар аутсорсинг қызметін ұсынады», – дейді Евгения Сидикова.

Брифинг барысында салыққа байланысты дау туындаған жағдайда кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Кәсіпкер, инвестор және консалтингтік компанияның басшысы Ләйлім Сейдалиеваның түсіндіруінше, салықтық есептеу немесе айыппұл туралы хабарлама алған кезде дүрбелеңге салынбай, талаптың негізін анықтап, оны растайтын құжаттарды жинаған дұрыс.
«Кәсіпкер салық органынан хабарлама алған кезде, әдетте, ең алдымен алаңдай бастайды. Әсіресе, мәселе қомақты сомаға келіп тіреліп, командада заңгер болмаған жағдайда. Мұндай кезде қандай құжат алынғанын анықтап, оның алынған күнін тіркеп, есептеулердің негізін зерделеу қажет. Жай ғана келіспейтініңізді мәлімдеу жеткіліксіз – өз ұстанымыңызды дәлелдеп, оны тиісті құжаттармен растау керек», – деп атап өтті Ләйлім Сейдалиева.
Спикердің айтуынша, «Заң мен Әділдік» жобасы кәсіпкерлер үшін осындай мәселелерді шешудегі алғашқы қадам бола алады. Консультациялық көмек нақты жағдайды түсінуге, қажетті құжаттарды анықтап, қандай мамандарға жүгіну керектігін білуге мүмкіндік береді.
Брифингке қатысушылар бастаманың басты мақсаты – кәсіби білім мен сараптамалық көмекті шағын бизнес үшін қолжетімді ету екенін атап өтті. Бұл кәсіпкерлерге салық заңнамасында сенімді бағдар табуға, уақтылы шешім қабылдауға және кәсіпорынның одан әрі жұмысына қауіп төндіруі мүмкін мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді.