Науқасқа орнатылған спираль жатыр қабырғасын тесіп өтіп, құрсақ қуысына түсіп кеткен, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматылық дәрігерлер жатырішілік спиральға байланысты сирек кездесетін асқынуды еңсерді. Науқасқа орнатылған спираль жатыр қабырғасын тесіп өтіп, құрсақ қуысына түсіп кеткен. Дәрігерлер оны анықтап, алып шығу үшін гистероскопия мен лапароскопия әдістерін қатар қолданды. Бір сағат 15 минутқа созылған ота сәтті аяқталып, іш қуысын кеңінен тіліп ашуға қажет болған жоқ.
Жағдай Алматы №2 қалалық клиникалық ауруханасында (бұрынғы ҚЖШККА) орын алды. Іштің төменгі жағы, әсіресе жыныстық қатынас кезінде ауыратынына шағымданған 30 жастағы әйел медициналық көмекке жүгінген.
Кіші жамбас ағзаларына жасалған ультрадыбыстық зерттеу кезінде дәрігерлер жатыр қабырғасының жатырішілік спиральдан тесілгенін анықтады. Медициналық құжаттарға сәйкес, спираль науқасқа 2026 жылдың сәуір айында орнатылған. Ал асқыну арада бірнеше ай өткен соң белгілі болған.
Анықталған өзгеріске байланысты науқас қосымша тексеріліп, ота жасау үшін ауруханаға жоспарлы түрде жатқызылды. Хирургиялық ем міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жүргізілді.
Жатырішілік спираль орнату кезінде жатыр қабырғасының зақымдануы сирек кездеседі. Халықаралық клиникалық ұсынымдарға сәйкес, мұндай жағдай әрбір мың орнатудың шамамен бір-екеуінде тіркеледі екен.
Спираль босанғаннан кейінгі кезеңде, әсіресе бала емізіп жүрген әйелдерге орнатылған жағдайда, жатыр қабырғасының тесілу қаупі жоғарылауы мүмкін. Дегенмен емізу жатырішілік спираль қолдануға өздігінен қарсы көрсетілім болып саналмайды.
Аталған асқынудың тағы бір ерекшелігі - кей жағдайда ешқандай белгінің болмауы. 2024 жылы жарияланған медициналық зерттеулерге жасалған жүйелі шолуда спираль жатырдан тыс жылжыған жағдайлардың шамамен үштен бірінде әйелдерде ешқандай шағым болмағаны көрсетілген. Ал кейбір науқастар іштің төменгі жағының ауыруы және өзге де жайсыздықтармен дәрігерге жүгінген.
Кейде спираль жатыр қабырғасынан өтіп, құрсақ қуысына түседі. Онда ішек, қуық не кіші жамбастағы басқа ағзаларға жақын кетуі мүмкін.
Бұл жолы дәрігерлер мәселені дер кезінде анықтап, науқасқа қажетті хирургиялық емдеу тәсілін таңдады.
Жасалған отаның ерекшелігі - дәрігерлердің екі түрлі эндоскопиялық әдісті қатар қолдануында.
Алдымен гистероскопия жасалды. Бұл - арнайы оптикалық құрал арқылы жатыр қуысының ішкі жағдайын көруге мүмкіндік беретін зерттеу әдісі. Тексеру барысында жатырішілік спираль жатыр қуысынан табылған жоқ. Демек, оны жатырдан тыс жерден іздеу қажет болды.
Келесі кезеңде лапароскопия жасалды. Бұл әдіс кезінде дәрігерлер құрсақ қабырғасындағы бірнеше кішкентай тілік арқылы бейнекамера мен арнайы хирургиялық құралдарды енгізіп, кіші жамбас ағзаларының жағдайын тексерді.
Ота барысында жатырдың артқы қабырғасына енген спираль бөлігі анықталды. Ол жатыр қабырғасынан өтіп, құрсақ қуысына түсіп кеткен.
Дәрігерлер бөгде денені лапароскопиялық әдіспен абайлап алып шықты. Содан кейін кіші жамбас ағзаларын қайта тексерді. Осылайша, күрделі хирургиялық міндет іш қуысын кеңінен тіліп ашпай-ақ шешілді.

№2 қалалық клиникалық аурухананың гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Алма Бексұлтанованың айтуынша, мұндай жағдайда науқастың шағымына мұқият қарап, ота жасау тәсілін дұрыс таңдау аса маңызды.
«Жатыр қабырғасының тесілуі және жатырішілік спиральдың өз орнынан жылжып, құрсақ қуысына түсуі - сирек кездесетін, назардан тыс қалдыруға болмайтын асқыну. Мұндайда спираль жатыр қуысында емес, одан тыс жерде орналасуы мүмкін. Сондықтан оның нақты қай жерде жатқанын анықтап, қажетті тексеруді уақтылы жүргізу маңызды. Бұл жағдайда гистероскопия мен лапароскопияны қатар қолдану арқылы алдымен жатыр қуысының жағдайын бағалап, кейін жатырдан тыс орналасқан спираль бөлігін тауып, алып шықтық. Заманауи эндоскопиялық технология тіндерге түсетін зақымды азайтып, науқастың жағдайы мүмкіндік бергенде ауқымды хирургиялық отаның алдын алуға жол ашады», - дейді маман.