Елімізде алғаш ұйымдастырылып отырған іс-шараға халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдері, туризм саласының үздіктері қатысты, деп хабарлайды Almaty.aqshamy.kz.
Іс-шараның алғашқы сөз кезегінде Алматы облысын әкімдігі Марат Сұлтанғазиев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі форум қатысушыларына алғыс білдірді.
-Екі күн өңірімізге ауған елдің назары ерекше. Қонаев қаласында екі бірдей халықаралық деңгейдегі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Олар - І халықаралық медиа және туризм форумы және әуе шарларының фестивалі. Әлемнің 15-ке жуық елінен, еліміздің әр өңірінен келген БАҚ өкілдері тұмса табиғатымыз жайлы ақпараттық қолдау қолдау білдіргендеріңізге рахмет! Туризмді дамыту мақсатында ақпарат құралдарына қолдау білдіру маңызды. Қонаев қаласында арнайы G4 City құрылмақ. Аталған экономикалық аймақ 30 мың гектар аумаққа орналасып, ҚР "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" заңының аясында жұмыс істейді. G4 City арнайы аймағын құрудағы мақсатымыз - облыстың жаңа аудандарына отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы инвестициялық ахуалмен қамтамасыз ету, - дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Айтулы шараны Түркітілдес журналистер қоры мен Алматы облысының әкімдігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі бірлесіп ұйымдастырып жатыр.
-Қонаев қаласы азаматтық журналистиканың және әлемдік туризмнің отанына айналарына сенімдімін. Президент өз сөзінде Қонаев қаласы алдағы уақытта ғылым-білім, студент жастар қаласына айналу керектігін айтты. Осы ретте, Қонаевтағы жастар жайлы сериал түсіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Қыркүйек айында медиафорум және “Үркер” сыйлығын біріктірмекпіз. Биыл “Үркер” сыйлығына “Үздік You Tube арна”, “Үздік подкаст” сынды екі жаңа аталымды қосамыз. Алдағы уақытта медиа саласы арқылы еліміздің туризмін дамытуды қолға алмақпыз. Осы ретте, Түркітілдес журналистер қорына үлкен алғысымды білдіремін. Бұл іс-шара туризмді дамытудың үлкен бастамасы болды деп нық сеніммен айтамын, - дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Форум медиа және туризм саласындағы тәжірибе алмасуға ықпал ету және ақпарат кеңістігін дамыту, еліміздегі көрікті жерлер мен тарихи-мәдени орындарды шетелдік және отандық баспасөз өкілдеріне таныстыру, түркітілдес журналистер арасында ынтымақтастық пен әріптестік байланысты арттыру мақсатында өткізіліп отыр.